САУАТТЫ ЖАРНАМА
Сондай-ақ Заңда деректемелер мен көрнекі ақпараттар мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес, теңтүпнұсқалы аудармасын сақтай отырып, «мәтіннің тең түпнұсқалығы аудармасы» ұғымы енгізілді. Яғни мәтіннің қазақшасы мен орысшасының мағынасы бірдей болуы шарт.
Бұл қадам сауатты жарнамаға қол жеткізуге жол ашты. Ендігі жерде алдымызда кәсіпкерлік субъектілерінің назарына аталған заң нормаларын жеткізіп, бірлесе жұмыс жасау мәселесі тұр.
Заңға енгізілген бұл нормалармен орыс тілінің және басқа да тілдердің қолданылуына шектеу қойылмайды әрі міндеттемейді.
Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен Орал қаласындағы ірі жарнама агенттіктерінің өкілдерімен «Сауатты жарнама – қала көркі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылып, ақпараттық түсінік жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Орал қаласында орналасқан ірі сауда орындарының әкімшілігімен кездесіп әдістемелік көмек көрсетілді.
Өңірдегі мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалы ашылды. Филиалдың Орал қаласында және Шыңғырлау, Бөрлі, Жәнібек, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарындағы 42 бастауыш ұйымы аталған бағытта қарқынды жұмыс жасауда.
Жарнама тілін заңға сәйкес реттеу мақсатында басқарманың ұйымдастыруымен мәслихат депутаттары мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастауыш ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің, қоғам белсенділерінің қатысуымен ағымдағы жылдың 10 ақпаны мен 10 наурызы аралығында жергілікті жерлерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабының талаптарының сақталуына мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Мониторинг аясында облысымыздағы сауда орындарымен қатар білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт салалаларының мекемелеріне барып әдістемелік көмек көрсетілуде.
Жалпы І-тоқсан бойынша 70-ке жуық нысанның көрнекі ақпараттарытексерілді. Оның ішінде қате ресімделген ақпараттар 26 нысаннан анықталды: 4 сауда үйі, 2 ойын-сауық орталығы, 3 халыққа қызмет көрсету орындары, 2 банк,10 азық-түлік дүкендері,2 спортклуб, 3 емхана.
Бір айдың ішінде аталмыш нысандардың әкімшілері қате ресімделген деректемелері мен көрнекі ақпараттарды Заң талаптарынасәйкес реттеді.
Әдістемелік көмектер көрсету жұмыстарына 30-ға жуық адам тартылды. Олар«Қазақ тілі» коғамы облыстық филиалының мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, «Тіл қорғандары» тобының белсенді мүшелері, Орал қаласының белсенді жастары, студенттер мен волонтерлар.
Жалпы алғанда тіл тұтыну мәселесінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру күннен күнге өзекті болып отыр. Бұл ретте ұсыныс ретінде айтарымыз, көрнекі-ақпарат, жарнама мәтінін қолдану мен таратуға қатысты заңды-құқықтық тәртібін қоғамға түсіндіру, тарату және талап ету бағыттарын қатаң қолға алуымыз керек деп білеміз.
Алтынбек Әбутәліұлы Әбділманов,
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы
төрағасының орынбасары, ф.ғ.к.