ТІЛІМІЗ ТӨРГЕ ОЗСЫН ДЕСЕК...
Қаны қазақ бола тұра өз ана тілінде ауыз аша алмайтын, аузын ашса да ол тілде сөйлеуге намыстанып, орыс тілінде шүлдірлеуін қоймай келе жатқан «шалақазақтардың» ойсыздығынан қазақ тілінің мәртебесі бұрынғыдан төмендемесе, бір елі де көтерілмеді. Айтпақшы, біреу білер, біреу білмес, ана тіліміздің мәртебесі аспандап, асқақтаған кез де болған.
Мақтанышқа толы ол кез әлі күнге дейін менің есімде және ол туралы егжей-тегжейлі айтып та бере аламын. Бұлай деуімнің себебі, дәл сол кезеңде (1992 жылы) мен де аудандық «Қазақ тіл қоғамы» басқармасының жауапты хатшысы болып сайланған едім. Жұмысқа кіріскен алғашқы күні қолыма алып танысқан ең алғашқы құжатым 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған «Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі-қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деп жазылған Республикамыздың «Тіл туралы» тұңғыш Заңы еді.
Иә, еліміздің өз еркі өзінде емес қиын кезеңнің өзінде мемлекеттік тіліміздің – қазақ тілі екенін ашық көрсеткен осындай батыл Заң қабылданған еді. Ол ол ма, бір айдан кейін, яғни 1989 жылы 22 қазанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ал 1990 жылы 22 наурызда ұлттық басылым – «Ана тілі» газеті дүниеге келіп, ең алғашқы саны республикамызға тарап та үлгерді. Дегенмен қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы оңай болмағаны, «Қазақстанда қай тіл мемлекеттік тіл болу керек?» деген сұрақ ортаға тасталғанда, «Қазақстанда мемлекеттік тіл – тек қана қазақ тілі болуы керек», – деп бірінші болып қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, академик Әбдуали Қайдар жауап бергені, оны ұлттық мүддені өздерінен биік қоятын Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов секілді ардақты ұлдарымыздың қолдағаны, соңы үлкен таласқа ұласып, оң шешім тапқаны өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатты. Иә, не десек те, Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде дәл осындай ең құнды, ең маңызды Заңның қабылдануы қазақ елі үшін зор мақтаныш әрі ең үлкен жеңіс еді. (Сол кездері осы заңға сүйеніп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында көлемді жұмыстар атқарғанымды мақтанышпен айта аламын.) Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттік тіл туралы 7-бабында:
«1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі;
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады;
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деген мәтіндер жазылды.
Сөйтіп, Кеңес Одағының құрсауынан босап, тәуелсіз ел атанған кезде қабылдаған алғашқы Конституциямыз қазақ тілін-мемлекеттік тіл деп бекіте отырып, оған этникалық топтардың тілінің бірі-орыс тілін теңестіріп, қосақтап қойды. Сол-ақ екен, соған дейін бір ғана қазақ тілінде жүргізіліп келген мемлекеттік іс-қағаздар бірден қос тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіле бастады. Келе-келе ресми тіл деп бекітілген орыс тілі басымдық алып, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмай қойды. Қысқасын айтқанда, мемлекеттік тіл деп дардайтқан қазақ тілі бұрынғы таз қалпына қайта түсіп, орыс тілінің есігінен сығалайтын күйге жетті. Конституциямызға енген бұл тармақ орыс тілінде сөйлейтін этникалық топтар мен өз ана тілін білмейтін, не менсінбейтін қандастарымызға шексіз қуаныш сыйласа, елдегі тіл жанашырларына ауыр соққы болып тиді. Олар естерін жиған соң «Қазақстанда тұратын өзге этникалық топтар секілді орыс этникалық топтарының тіліне де заң жүзінде артықшылық берілмеуі тиіс» деген өз ойларын жоғары жаққа білдіріп, Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап ете бастады. Алайда халықтың жанайқайына селт етпеген Парламент керісінше бұл тармақты еш өзгертпестен 1995 жылы жаңадан қабылданған Конституциямызға тағы да үн-түнсіз енгізді де жіберді.
Осылайша, жоғары жақтағы билік өкілдерінің жанашырлық танытпауының кесірінен мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінен шыға алмай, қосақталған күйі қала берді. Оның соңы қазақ тілін жақтаушылар мен орыс тілін жақтаушылардың арасындағы бітпес айтыс-тартысқа, бірін-бірі жек көрушілікке алып келді. Ол ол ма, кезінде тағдыр тауқыметімен қолтығымызға тығылып, нанымызды жеп, суымызды ішіп келген кейбіреулер орыс тілінде жауап бермегені үшін қазақ тілділерді заң орнына беріп, айып тартқыза бастады. Мемлекеттік тіл бола тұра қазақ тілінің жылдан-жылға өшіп, өліп бара жатқанын ашық айтқан тіл жанашырларының алды елімізден қуыла бастады. Сол сияқты, «елім, жерім, ұлтым, тілім» деп шырылдап, биік мінберден өз ұсыныс-пікірін ашық айтып, талабын батыл қойып жүрген Мәжіліс депутаты, «Ұлт қайраткері», «Тіл жанашыры» құрметті атақтарының иегері, арқалы ақын Қазыбек Исаға да қырын қарайтын көздер мен тұқыртуға тырысатын сөздер тым көбейіп бара жатқанын байқап жүрмін. Қарапайым халық, қазақ тілінің жанашырлары Қазыбек Исаны ұлт мүддесін жоқтаушы, өзіндік ұстанымы берік, алған бетінен қайтпайтын табанды азамат, қарымды қоғам қайраткері деп жоғары бағалап, үлкен ризашылық танытып жатса, өз ана тілінен жерігендер оған қарсы шабуылды күшейтіп, «ұлтшыл» деген айып тағып жатыр. Қандай ұқсастық десеңші? Бұдан 14 жыл бұрын әлемге танымал ақын, қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұқтар Шахановқа да қазақ тілін жақтап, жанын берердей жанашырлық танытқаны үшін дәл осындай «әсіре ұлтшыл» деген айып тағылған еді.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп, мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуы тиістігін атап өткен еді. Иә, құлаққа өте жағымды, көңілді қуантатындай әдемі сөз.
Мен Мемлект басшысының бұл пікірін қолдаймын. Алайда мемлекеттік тіл – қазақ тілі өзінің мәрбесіне жетсе деймін. Дегенмен Ата Заңымыздағы 7-баптың 2-тармағы тұрғанда, жетуі мүмкін де емес! Неге бұлай батыл айтып отырмын? Өйткені орыс тілді өзге ұлттың өкілдерін айтпай-ақ қояйын, биліктің басында жүрген басшылар, депутаттар мен шенеуніктеріміздің өзі мемлекеттік тілге жақындап, жанашырлық танытса, жағдай басқаша болар еді.
Енді референдум туралы. Халықтық референдумда еш ойланбастан міндетті түрде «иә» деп дауыс бердім. Өйткені бұл жолы Ата Заңымызға енгізілген өзгертулер бұрынғыдай бір адамның ғана әлеуетін, өкілеттігін күшейту үшін емес, аздап болса да, халықтың, мемлекеттің мүддесіне қарай енгізіліп отыр. Халық пен биліктің бір-біріне жақындай түсуіне қадам жасалып отыр. Бұл, әрине, қуанатын жағдай. Алайда көкірегі құрғырды «шіркін-ай, былай еткенде, бұдан да жақсы болар ма еді?» деген арман ба, өкініш пе білмеймін, бірдеңе өртейді де тұрады.. Ақыры, Ата Заңымызға өзгеріс енгізген соң, бүгінгі қоғам мен саясаттың ағымына қарай біраз баптар мен тармақтарды да өзгертіп, 1993 жылғы Конституциямызда жазылған «қазақ халқы», «қазақ ұлты», «қазақ жері», «қазақ мемлекетті» деген айбынды сөздерді ретін тауып осы жолы енгізіп жібергенімізде дұрыс болар ма еді деп толғанамын.
Кешегі Кеңес Одағы кезінде құжаттар толтырғанда, оқудан, жұмыстан шығып қалмау үшін білмей тұрсақ та «орыс тілін меңгерген» деп жазуға мәжбүр болдық. Ал орыс тілін жетік білмегендіктен, қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен небір білгір, білімді қандастарымыздың ғылыми жұмысын жалғастыра алмай немесе жауапты қызметке тұра алмай жерге қарағанын да көрдік. Көре тұра бірде-біріміз ана тілімізді қорғап, қолдап, мәртебесін биіктетуге жарамадық. Ал бүгін ше? Өз бас еркіміз өзімізде, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар тәуелсіз ел емеспіз бе? Мемлекеттік тіліміз саналатын қазақ тілін құрметтеп, мәртебесін асқақтатамыз десек, енді кім кедергі жасап отыр? Қазақ тілі өзгеге емес, ең алдымен, қазаққа – өзімізге керек емес пе? Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келген ана тілімізді бүгін құрметтемесек, қай кезде құрметтемекпіз? Бұрын да «мың өліп, мың тірілген қазақ» едік, тіліміз өлсе, тағы да өлгеніміз, ал енді өлсек, қайтып тірілмесіміз анық.
Байділдә АЙДАРБЕК
Түркістан облысы, Созақ ауданы