А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫНДАҒЫ ОРНИТОЛОГИЯЛЫҚ ЛЕКСИКА ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ
Айтылар ойдың айқындығы үшін тіл біліміндегі құсқа қатысты терминдерге қысқаша тоқтала кетейік. Орнитология – құс және тану (ғылым) сөздерінің бірігуінен жасалған термин, яғни құс туралы ғылым деген мағына береді. Қазақ лингвистикасында, соның ішінде ономастиканың зооним тармағында орнитоним деген термин қолданылады – құс атаулары деген мағынадағы сөз. Бұл терминннің құрылымы да ілгерідегідей, тек оним – жалқы есім деген түсінік береді. Сондықтан, «орнитологиялық лексикаға» құстануға қатысты сөздердің барлығы, «орнитонимге» жеке құстарға қойылатын жалқы атаулар жатқызылады. Мысалы, сұңқар, лашын, қарлығаш; қанат, қауырсын, жұмыртқа т.б. – орнитологиялық лексиканың, ал Қарашолақ, Дауылқара, Көкжендет, Найзағай деген қыран құс атаулары – орнитонимдердің құрамына топтасуы тиіс еді. Алайда қазіргі тіл білімінде бұл (орнитоним) терминінің аясында жеке құстардың жалқы аттары ғана емес, түрлі топтарының атаулары да қарастырлырып жүр. Ғылыми зерттеулерде «орнитонимдер» тобының категория-лексикалық өзегінде құс атауларындағы басқа семалар (дифференциалдық) арқылы айқындалатын «құс» семасының жатқаны және бұл топтағы сөздер көбіне жалпы мағынасындағы «денесін қауырсын мен мамық жапқан, екі аяғы мен тұмсығы бар омыртқалы жануар» деген түсінкке ие зат есім түрінде көрінетіні айтылады [1, 3 б.]. Сонымен қатар Орнитонимдерді кей ғалымдар «құс» концептісі арқылы көрінетін тұтас әлемнің тілдік бейнесінің фрагменті ғана деп санайды [2]. Орнитонимдер – түрлі құстарды атау қызметін атқаратын сөздердің лексика-семантикалық тобы. Бұл жағдайда «құс» сема болып табылады [3]. Аталған зерттеулердің ешқайсысында орнитонимнің түпкі мағынасына тән жалқылау ұғымы кездеспейді, керісінше жалпы құс атаулыға ортақ, жалпылауыш термин ретінде қарастырады. Осыдан келіп терминнің шығу тегі мен кейіннен жүктелген мағына арасындағы қатынастар мәселесі туындайды.
Лингвистикалық зерттеулерге қатысты алғанда «құс» мағынасын білдіретін гректің ornіtos сөзінен тарайтын мына үш терминге назар аударамыз орнитоним (құс атаулары), орнитология (құс туралы ғылым), орнитофаги (құсқа салуға үйретілген жыртқыш құстар: лашын, қаршыға т.б.) [4]. Осы терминдер құрамындағы сөздердің мағынасын басшылыққа алатын болсақ, болашақта алдыңғы екі терминнің білдіретін ұғымдары бір-бірінен ажырап, айқындала беруі мүмкін. Қазіргі адамдар арасындағы қызығушылық – жеке адамдар үйлерінде торда ұстайтын, цирк және басқа да өнер ошақтарында қолға үйретілген т.б. құстардың адаммен арасындағы жеке қатынастар жалқы қолданылатын атаулардың көбеюіне ықпал етіп отыр. Нәтижесінде бұл терминдердің мағынасы мен қызметіне байланысты мәселе күн тәртібіне шығатыны анық. Қазірдің өзінде интернет беттерінде ұсынылып жүрген «ұрғашы құстарға қойылатын атаулар», «еркек құстарға қойылатын атаулар» деген тақырыппен беріліп жүрген тізімдер «орнитоним» терминінің айқындалып келе жатқан нысаны мен дереккөздерін білдірсе керек. Осы ойды жинақтай келгенде, жеке құстарға берілетін жалқы атаулар, туыстас құстар тобына берілетін ортақ атаулар және жалпы құстанымға қатысты (орнитологиялық) лексика секілді үш түрлі ұғым туындайды. А.Байтұрсынұлының құстарға қатысты еңбегінің тіліне, осылардың ішінде, екінші, үшінші топқа қатысты талдаулар жасалады.
Қазақ тіл білімінде орнитологиялық лексика жете зерттелмеген тың тақырып. Бұл жөнінде жекелеген этнолингвистикалық сипатта жазылған мақалаларды ғана кездестіреміз [5; 6], алайда қазіргі құс өсіру экононмикада өзіндік орын иеленетін шаруашылық болғандықтан, оның тілі де қазіргі заманға сай дамып отыруы тиіс. Бұл орайда құсқа қатысты лексиканың ғылыми бағытта қалыптасу тарихына үңілер болсақ, қазақтың саятшылық өміріне ат басын тірер едік. Ол әрі қарай қазақ фольклорымен жалғасып жататыны белгілі.
Кәсіби лексика немесе оған қатысты салалық терминология мәселесі сөз болғанда тілдің бойында жүріп жататын терминдену құбылысына назар аудармай тұра алмаймыз. Ол семантикамен тығыз байланысты – сөз қолданыс барысында айтылу орайына қарай көркем және терминдік мәнге ие болады. Мысалы, А.Байтұрсынұлының өлеңіндегі мына сөздерге назар аударып көрелік: «Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым». Осындағы қыр, көл, көгал, құр (құрғақ, құрлық БӘ) сөздерінің қолданысын, поэзиялық мәтін болғандықтан, ауыс мағынасындағы көркем мәнді лексика қатарына жатқызсақ та, жердің қыртысы мен бедерінің атаулары ретінде халықтық географиялық терминдер екені анық. Сөз мағынасындағы осы ерекшеліктер және термин қалыптастыру мақсатындағы ізденістер А.Байтұрсынұлы шығармаларында әр қырынан көрінеді. Солардың қатарында зоологиялық терминдер тұр. Өткен ғасырдың басында қазақ жеріндегі құстар мен олардың атауларына ой жіберіп, бұл тақырыпты білім мазмұнына енгізіп, әдістемелік негізін жасаған болатын. Оның танымдық еңбектерідегі осы тақырып өзіне назар аударады. «Құс» туралы ғылыми танымдық мақалаларында құс шаруашылығына, пайдасына, құстардың түсі мен түрлеріне, дауысына және басқа да қасиеттеріне байланысты қолданылған есім сөздер мен етістіктер қазақ ғылыми тіліндегі алғашқы орнитологиялық лексиканың негізін құрайды.
Ғалымның құс туралы танымдық мақалаларында албатрұс, ақ иық, аққу, ақ құр, аққұтан, арлан, әупілдек, байғыз, балықшы, бөктергі, бұлбұл, бүркіт, бізтұмсық, бірқазан, дуадақ, жапалақ, жылқышы, ителгі, кегір, көгершін, көкқұтан, күйкентай, күрке тауықтауық, күшіген, қаз, қара қаз, қарақұс, қараша қаз, қарабас шағала, қарабауыр, қара құр, қасқалдақ, қаршыға, қоңыр үйрек, құладын, құр, қызғыш, қызыл қаз, қырғауыл, қырғи, лашын, оқпақ, өгіз шағала, пайетен, пыригет, сандуғаш, сары ала қаз, сұңқар, сүңгуірлер, сүңгуір-шағалалар, тарғақ, тауқұдірет, тауық, торы ала қаз, тоты, тұйғын, тұрымтай, тырна, үйрек, үкі, шүрегей, шіңкілдек т.б. құс атаулары қолданылады. Құстың түрлеріне берілген атаулардың ішінде көне түркі дәуірлерінен жеткендермен қатар, албатрұс, пайетен, пыригет секілді кірме атаулар да кездеседі. Құстардың түрлері және оларға тән ерекшеліктер адаммен құстың қатынасына, яғни асыранды құстар мен жабайы құстарға қарай топтастырылады. А.Байтұрсынұлының құстарды түрлеріне қарай жүйелеуінде құсқа қатысты сөздер әр қырынан қолданыстарға түседі. Құсқа қатысты лексиканы орнитологиялық және орнитологиялық мағына жүктеген сөздер деп екіге бөлуге болады. Екіншісі контексте жаңаша мағынаға ие болған сөздер. Мысалы, «Алдыңғы аяғының орнында қанат, тұмсығының ұшында тері орнына мүйіз (Құс)», – деген сөйлемдегі «қанат» құстану ғылымына тән термин болса, «мүйіз» орнитологиялық мағына үстеген сөз, өйткені ол құсқа емес, төрт аяқты, жұп тұяқты жануарларға қатысты дене мүшесінің атауы. Ал А.Байтұрсынұлы оны физиологиялық табиғатының сәйкестігін негізге ала отырып құсқа қолданады.
Құстар туралы жазбаларындағы ғылыми-танымдық ойлар қолданыстағы лексиканың терминдік мәнін артыруға ықпал етеді. Термин және терминологиялық жүйе ол білдіретін ұғым-түсініктердің классификациялануынан да көрінеді. Құстарды түрлері мен туыстық жақындықтарына қарай топтастыру арқылы оқырманға жүйелі, түсінікті етіп жеткізуі осы классификацияның нәтижесі. Ғалымның ғылыми ойлау мүмкіндігі қолданып отырған сөздердің терминдену сипатын айқындай түседі. «Құстар» деген ұғымға берілген ғылыми сипаттама, яғни жалпы құстарға ортақ ерекшеліктер туралы жүйелі баяндау тілі ғылыми сипатта өрбиді. Мысалы, «Құстар толып жатқан тапқа бөлінеді. Ол таптар толып жатқан тұқымға бөлінеді. Құстардың тұқым түрі он мыңнан астам. Құс біткен ең әуелі желінетін, желінбейтін болып айырылады. Желінетін құстардың адам етін, жұмыртқасын жейді, жүнін, түбітін, қанатын пайдаланады. Құс біткен 20 тапқа бөлінеді. Оның ішінде қазақ білетіндері: қу, құтан, құр, бірқазан, кегір, дуадақ, тоқылдақ, тоты, балықшы, қара құс, қарға, көгершін, көкек, торғай (Құс)». Жалпы құстардың саны, түрлері, табы мен тұқымы туралы баяндауда ой нақты, дәл беріледі, көріктеуіш құралдар қолданысынан гөрі ғылыми стильге тән жүйелеу мен сипаттау басым. Екінші бір айта кететін мәселе айтылмақ ойдың астарында дәстүрлі, ұлттық ақпараттар да қамтылып, қатар жүреді: «желінетін, желінбейтін» ұғымдары қазақ халқының ұлттық тағамтануынан хабар береді. Қазақ не болса, соны жей бермей, тамаққа талғаммен, тазалықпен қараған. Халық мәдениетіндегі бұндай дәстүрлердің нәзік тұстарының өзі білім беру әдістемесінде назардан тыс қалмай, орайын тауып енгізіліп отырады. Мұсылмандық шарттарына да сәйкестігі ескерілген, яғни желінетіннің орнына кей сөйлемдерде «адал құстар», желінбейтінінің орнына «арам құстар» тіркестері жұмсалады: Бұл адал құстардың бір толық белгісі және Аңшылық құстар арам құстардың табына жатады. Осылайша тілдің ғылымилығы ондағы сөздердің де терминденуіне ықпал етіп отырады.
Енді А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі құсқа қатысты жүйелеулерінің сипаттамасын жасап көрелік. А.Байтұрсынұлы құстарды түрлеріне қарай былайша топтастырады: «үй құстары», «аңшы құстар», «сауық құстар», «сушыл құстар», «кешпешіл құстар», «орман құстары». Өз ішіндегі ерекшеліктеріне қарай «үй құстары: асыранды құстар және онымен ағайындас құстар; аңшы құстар: аңшылық құстары және олармен рулас құстар; сауық құстар ішінде тотыны: сауық тоты және тауық тоты, бұлбұлды: күншығыстық және күнбатыстық; сушыл құстар: біреуі – қаз, екіншісі – шағала табы; орман құстары – тоқылдақтың 8 түрлі тұқымы бар; Көкек екі түрлі болады: біреуі – жәй көкек, екіншісі – атшы көкек. Қарға табындағы құстар: құзғын, қара қарға, ала қарға, таған, сауысқан» деп топтастырады. Құстарды топтарға бөлу барысында мекеніне, қоректенуіне, әдемілігіне, қимыл-қозғалысына, тұрпатына қатысты біршама ұғым-түсініктер айқындалып, олардың әрқайсысы жеке атаулармен аталып отырады.
А.Байтұрсынұлының зерттеулерінде сөздердің терминдену үдерісінің барысы көрініс беретін мына бір тіркестерге тоқтала кетуге болады: үй құстары мен асыранды құстар дейтін сөздер бір ұғымның екі түрлі атауы ретінде көрінеді, яғни «үй құстары» деген сөзбен бірге оның синонимі ретінде «асыранды құстар» деген атауды да қатар қолданады. Жалпы түсінік басым, ұғымдар әлі дараланбаған ол кезде солай жұмсалуы заңды да, алайда мына сөйлемде осы екі сөздің мағыналарын бір-бірінен айыратын ақпарат байқалады: «Қырғауылды да асырайтындар бар, бірақ жұртқа жайылмаған, кей жерде ғана істелетін кәсіп», – дегенде қырғауыл қолға үйретілгенмен, үй құсы емес екенін аңғартады, ал бұл мысалдан сол кезде туып келе жатқан жаңа ұғымдардың ара жігі көрініс береді. Қазіргі орнинтология саласының тілі үшін бұндай жіктелістердің маңызы зор екені анық, сондықтан бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты былайша ажыратып, шамамен түсінігін беруге болады: Үй құстары – ұзақ уақыттар бойы қолда ұсталып, ұшу, өз бетімен өмір сүру, көбею, жыл мезгіліне байланысты мекенін өзгерту т.б. секілді кейбір қабілеттерінен айрылған, далалық жабайы туыстарынан алшақтап, қолда ғана өмір сүретін құстар, ал асыранды құстар – бүркіт, сұңқар, лашын, қаршыға, ителгі т.б. секілді аңшы құстар және қырғауыл, бөдене, тоты құс, бұлбұл т.б. құстардың қолға үйретілгендері. Енді осыдан келіп, адамға қатыстылығы бойынша құстар табының үшінші түрі – жабайы құстар деген ұғым айқындалып шығады. Бұлайша анықтама бере отырып, әрқайсысының ерекшеліктерін көрсете аламыз, демек А.Байтұрсынұлының ғылыми еңбектерінің тілі өзінің ақпараттық мүмкіндігі арқылы салалық терминденудің бастау көздері болып отырғанын тағы да дәлелдей түседі.
Ғалым құстар табына атау беруде қазақ тіліндегі атау берудің дәстүрлі заңдылықтарына сүйенеді. Атаудың дыбыстық тұлғасы мен мағынасы арасында орайлы байланыс болғанда ғана тілде нормаға айнала алады. Байланысты табу тіл ғылымының білгірі болумен қатар, шығармашылық шеберлікті де қажет етеді. Құстар табына берілген атаулардың мағынасы мен мағына арқылы берілетін ақпараттарға сүйене отырып, лингвистикалық талдаулар жасар болсақ, сол шығармашылық шеберліктің іздеріне куә боламыз Мысалы, аңшы құстар атауы құстардың ет қоректілерге жатуына байланысты берілген. Бұл ұғымның мазмұны арқылы қорегінің ет екені және оның жыртқыштығы, тырнағы мен тұмсығының үшкірлігі туралы ақпарат беріледі. Сауық құстар – мың құбылтып сайрайтын әдемі дауысы бар, түрлі түспен сәуле түсіріп құлпыратын көркіне байланысты асыралады. Сауық сөзінің мағынасы арқылы бұл құстардың циркте немесе басқа да көңіл көтеретін сауықтарда өнері немесе көркемдігінің тамашаланатыны туралы ақпарат беріп тұр. Сипаттамасында ғалым синоним ретінде «әуестік құстары» атауын қатар қолданады. Бұл оның асыралу себебін түсінідіріп тұр, яғни еті, жүні, жұмыртқасы т.б. пайдасы үшін емес, мәдени болмысы үшін, адамдарға рахат сыйлау үшін қолға ұстайды. Сол секілді сушыл құстардың өмірі сумен тығыз байланысты, кешпешіл құстар қорегін су кешіп жүріп табады, ал орман құстары олардың мекені туралы ақпараттар береді. Құс туралы еңбектерінің тілі аясында осыларға қоса жинақтауыш сипатқа ие «жыл құсы», «сирақты құстар», «бақташы құстар», «түн құсы» секілді атаулар кездеседі. Мағыналарында белгілі бір топқа жататын құстардың барлығына ортақ қасиеттер жинақталған және атаулардың айқындығы мен дәлдігі жаңа туып келе жатқан заманға сай сөзжасамның жаңаша үлгілерін көрсете алады.
Құстарды топтастырудың келесі түрі туыстық жақындықтарына қарай жүзеге асырылған. «Қаз бен үйрек ағайынды, ...шіл, безгелдек, бөдене тауық пен күркетауық ағайындары. Аңшылық құстарымен рулас құстар: ақ иық, арлан, күшіген, қарақұс, бөктергі, құладын, күйкентай, үкі, жапалақ, байғыз», – деп тегі мен әр алуан қасиеттері жағынан өзара жақын құстарды көрсетеді. Топтастырумен қатар даралық қасиеттеріне де назар аударады. Мысалы, тоты деп бір атаумен аталатын, бірақ тегі бөлек құстарды бір-бірінен ажыратып көрсетеді: «Тұрпатында да, тұлғасында да, ісінде де көп басқалық бар». Бұл орайда А.Байтұрсынұлы «ағайын, ру, басқалық, тап» сөздеріне орнитологиялық мағына үстеп, терминденуіне жол ашады.
Құстардың дене мүшелеріне, ұрпағына және мекен-тұрағына қатысты сөз қолданыстар. Құстардың дене мүшелеріне қатысты сөздер «қауырсын жүн, жүн, түбіт, аяқ, саусақ, дене, құйрық, тұмсық, қанат, бауыр, көз, ауыз» т.б. секілденіп келеді. Ұрпағына қатысты сөздер: балапан, жұмыртқа. Тұрағы мен кеңістігіне қатысты қолданыстар: «Жерде көп жүре алмайды, өмірінің көбін ағаш басында өткізеді», «өмірінің көбін суда өткізеді», «жусанды, тақыршақтау жерге ұялайды», «судың аралына ұялайды», «я құрға, я су үстіне ұялайды», «жұмыртқасын жерге салады», «інге салады», «көлшік, шалшық суларды сағалап, өмірінің көбін кешпеде өткізетін құстар», «көлдің, өзеннің жағалауында жүреді», «қар суынан болған көлдің шалшығын сүйеді» т.б. секілденіп келеді.
Құстардың қимыл-әрекетіне қатысты қолданыстар
Қалқу, ұшу, зырғу, жосу, жүру, жүгіру, тамағын теріп жеу, жұмыртқа басу (жұмыртқасын біраз басқан соң), жұмыртқадан шығу, балапан шығару, ұшу (денесі ұшуға қайым біткен), аяқтану (тез аяқтанады), қанаттану, ата-анасы асырау (ұшқанша ата-анасы асырайды), жаз келу, жайлау[1], жылы жаққа кету (жаз келіп, жайлап, қысқа қарсы жылы жаққа кетеді), жұмыртқа салу, үйір болу, қолдан (жем) жеуге үйрену, дауысқа келетін болу, «аттан» салғандай, азан-қазан, у-шу болу, қанаты түлеп ұша алмау т.б. Құстың сайрауына, үніне қатысты біршама сөздер мен сөз тіркестері қолданылады: сайрап салған әніне әдемілік, толықтық, келістілік тән екені айта отырып, бұлбұл үнін сөзбен суреттеуде «әдемілік, толықтық, келістілік» сөздеріне бұрынғы қолданыстарында болмаған жаңаша мағына беріледі. Сайрауы бойынша құстың түрлері де ажыратылып көрсетіледі: күншығыстық бұлбұлдың дауысы ашық, күшті, сыңғыры көп, мерекесі молырақ, бірақ қайрымы қысқарақ, буын-буынына тынуы азырақ; күнбатыстық бұлбұл жайлап, сыбырмен сайрайды, буын буынына көбірек тоқтайды, дауысы майда, нәзік, мұңды келеді. Бұл сөйлемдерде де бұлбұл үнін сипаттайтын сөздердің мағынасында жасырын жатқан тың мүмкіндіктері ашыла түседі. Бұлбұл құстың түрі мен үніне қатысты орнитологиялық зерттеулерде осы сөздер А.Байтұрсынұлы жүктеген мағынасында ғылыми айналымға түсер болса, терминдену үдерісі жеделдей түсер еді. Сөз тынысының ашылуы дегеніміз осы болса керек.
Құстарға қатысты кейбір тіркестердің жаңа ұғымжасамдық қабілеті. Құстардың табиғатын сипаттауға құрылған сөйлемдер ішіндегі өзара байланысқа түсіп тұрған сөздердің тіркесі өздерінің сипаттауыштық әрі атуыштық қабілетімен ерекшеленеді. Әрқайсысының атаужасамға бейім тұрғаны байқалады. Мысалы, «дала жайылымымен күн көретін құс», «суды сүйетін құс», «жер талғайтын құстар», «жұмыртқасын жерге салатын құс», «жұмыртқасын інге салатын құс», «тағы күйдегі құс», «асыранды құс», «қолға үйретілген құс» т.б. Бұл тіркестердің құрамындағы сөздер бір сөйлемнің ішінде ғана емес, бірнеше сөйлемнің ішінде шашырап орналасу мүмкін, алайда олар алыстан тұрып-ақ байланысады. Сөйлемдердің мақсаты мен ондағы ортақ идеялар осындай тіркестердің құрылуына ықпал етіп отырады. Мысалы, «Тауықтың еті жақсы, жұмыртқа салуы көп, жүні де жаман емес, бағуы жеңіл, өзі өсімтал», – деген сөйлем ішінен «еті жақсы құс», «көп жұмыртқа салатын құс», «өсімтал құс», «жүні жарамды құс»; «Осы айтылған құстардың ішінде асырау талғамайтыны тауық. Күрке тауық кеңшілік сүйетін құс, оған кең жайылым керек, қамашау орында өспейді», – деген сөйлем ішінен «асырау талғамайтын құс», «кеңшілік сүйетін құс», «кең жайылым керек қылатын құс», «қамашау орында өспейтін құс» секілді ұғымдарды бөліп алуға болады. Ал ұғымдар айқын көрініп тұрғанда тіркес құрамындағы сөздердің барлығы сөйлем ішінде болуы шарт емес. А.Байтұрсынұлының еңбегіндегі сөздердің тіркес құрау мүмкіндігі мен ұғымдардың берілуі осылайша өзіндік сапасымен ерекшеленеді. Бұл көрсеткіштер орнитологиялық лексиканың қалыптасып келе жатқан жаңаша үлгілері болатын.
Құстың адамға қатысын сипаттайтын қолданыстар
Құстың адамға қатысы оны қолға үйретіп, шаруашылыққа пайдалану және аңшы құстармен саят құруға байланысты қолданыстарда көрінеді. Мысалы, «асырауға пайдалы құстар», «желінетін», «желінбейтін», «бағуы жеңіл құстар», «адал құстар», «арам құстар», «етінің жақсылығы, терісі, жүні үшін ғана аулау» т.б. сөздер мен тіркестер адамның құс етін азық қылу және тұрмыс қажеттіліктеріне пайдаланатыны туралы ақпараттар береді. Аңшы құстарды қолға үйретіп, саятшылық құрған қазақ халқының тілінде бұл өнер түріне қатысты да лексикалық бірліктер қалыптасқан. Ғалымның еңбектерінде салалық лексиканың бұл түрі де қолданыс табады. Саятшылық құстарына қатысты лексика: баулу (құс баулу), қолға үйір ету, құс үйрету, қолға қондыру, жемге шақыру, аяқбауын ұзын тағу, қолға қону, тұғырына қондыру, жемге шақыру, қолға үйрету, тауық асырау, құс асырау, аңға салу, құсқа салу т.б.
Тіліміздің лексикалық қорында бар байырғы сөздерді пайдалана отырып, А.Байтұрсынұлы қазақ құстану ілімінің тілін жаңа заманмен сабақтастырғанын байқаймыз. Бұл тілді қолданыс үстінде дамыту, яғни қолданбалы тіл білімінің негізі екені анық. Ғылым мен білім дамыған ХХІ ғасыр биігінде әр саланың өз мамандары мен мамандығына қоса, өзінің ұлттық тілінің болуы да аса маңызды, сонда ғана экономика ұлттық сипатта өрбімек. Өкінішке қарай бұл салада арнайы қолға алынған зерттеулер әлі қанатын кеңге жая алмай отыр. Ал осы мәселенің өзектілігін ескеріп өткен ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы оның алғашқы негіздерін қалап кеткен екен.
Әдебиеттер тізімі
- Симакова О.Б., Лексико-семантическая группа «Орнитонимы» (на материале русского и французского языков) // Автореферерат диссертации на соискание ученой степени кандидата филологияческих наук. Орел, 2004. – 28 с.
- Костылева С.В. Орнитонимы в языковом сознании носителей языка // https://docviewer.yandex.kz/view/1304725002/?page
- Лексико-семантические особенности орнитонимов в английской фразеологии // https://wiki.mgpu.ru/index.php/Лексико-семантические_особенности_орнитонимов_в_английской_фразеологии
- Термины по орнитологии Буква "О" // http://onbird.ru/terminy-i-opredelenija-ornitologii/o
- Жиренов С.А. Орнитологиялық атаулардың лингвистикалық аспектіде зерттелуі //.Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Филология ғылымдарының» сериясы, №2(64), 2018 ж. 55-61 б.
- Құс атауларының концептуалдық өрісі // http://www.rusnauka.com/18_ENXII_2015/Philologia/7_195502.doc.htm
Бекжан Әбдуәлиұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы