ҒЫЛЫМ ҚУҒАН ӘРБІР ІЗДЕНУШІ МАҚАЛАСЫ «SCOPUS»-ҚА ШЫҒАДЫ

07.07.2022
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технология басқармасының бас менеджері, жас маман Нұржан Бижомартұлының көлемді мақаласы «Scopus»-та ағылшын тілінде жарық көрді. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетелік, «Scopus» – ғалымдардың есімін дүниежүзілік ғылым әлемінде танымал етудің басты критерийлерінің бірі. Сондықтан, ғылым қуған әрбір адам өз саласындағы позициясын нығайту үшін, әрі рейтингісін көтеру мақсатында ол жерде жариялануға ынтазар.

Соңғы мәліметке жүгінсек, бұл базада 25 100 астам басылымда жарық көрген 77,8 млн шығарылым индекстелген көрінеді, бұдан басқа әртүрлі конференцияларда сөйленген 9,8 млн баяндама мен 44 млн патентті табуға болады екен.

Бірден айту керек, жариялану да оңай шаруа емес.

Н.Сейсенбек ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген маман. Әріптесіміздің «Ақпараттық-коммуникациялық технологияларға негізделген аралас оқытудың бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тілі бойынша үлгеріміне және ағылшын тілі сабағына қатынасына әсері» мақаласы күллі әлемге мәшһүр аталмыш бірыңғай библиографиялық және реферативтік базада тегін басылды.

Мақаланың мазмұнын қысқаша айтып беруді өтінгенімізде Нұржан Бижомартұлы былай деп жауап берді: «Зерттеудің мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және бастауыш мектепте ағылшын тілі курстарында дәстүрлі оқыту әдістерін қолдана отырып, аралас оқу бағдарламасының әсерін салыстырмалы зерттеу болды».

Оның айтуынша, зерттеу бақылау тобымен алдын ала тестілеуден кейінгі эксперименттік үлгі бойынша жүргізілген екен. Қазақстандағы бастауыш мектепте 4-сыныпқа баратын 60 бастауыш сынып оқушыларының (30 эксперименттік және 30 бақылау) қатысуымен өткізіліпті.

«Зерттеу барысында эксперименттік процедураны бастамас бұрын бақылау топтарынан алдын ала тест алынды. Алдын ала тест ретінде ағылшын тілінен академиялық үлгерім шкаласы мен бір пәнге қатынасы қолданылды. Эксперименттік топ компьютер көмегімен аралас оқытуды пайдаланса, бақылау тобы дәстүрлі оқытуды пайдаланды. Эксперименттік қосымшалар сегіз аптаға созылды.

Зерттеу барысында тәжірибелік және бақылау топтарына пост-тест ретінде бірдей шкалалар қолданылды. Тесттен кейінгі екі аптадан соң екі топқа да есте сақтау сынағы ретінде ағылшын тілін орындау сынағы берілді. Зерттеу нәтижелері бойынша эксперименттік топта қолданылатын аралас оқытудың компьютерленген қосымшасы ағылшын тілінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге, оң көзқарас пен оқуды тұрақты етуге мүмкіндік берді», – деді ол.

Әріптесімізге толағай табыс тілейміз.

Комментарии (0)
Оставить комментарий