ҒАЛЫМЖАН ИБРАҺИМОВ ТҮРКI-ТАТАР ОЙШЫСЫ, ТҮРКI-ТАТАР БIЛГIРІ, ТҮРКI-ТАТАР ЖАЗУШЫСЫ

19.08.2022

Мәдениет жолында артта қалған елдің алға шығып, көзге көрінерлік адамдары саусақпен ғана санарлық болады. Бұл – бір. Екіншіден, ондай адамдардың өз халқынан арттырып, ісінің нәтижесін шетке шығарарлықтары да аз болады. Жырақта, далада, жатқан біз – қазақ туғандарының көзіне Ғалымжан жолдас көптен түскен бір азамат, оның істеген істері, ойлаған пікірлері татар мұхитынан шетке шығып, бізге де асқан бір кісі. Сондықтан оның 20 жылдық пікір, тіл қызметін еске алып, оған құрмет көрсетіп, өз халқы той қылып жатқанда, біз де бір-екі ауыз сөз айтуға тиістіміз деп таптық.

Ең әуелі мынаны айту керек: бір халық екінші халыққа түрлі жағымен жақындасады, түрлі жақтан байланысады, жалғанады, қандай халық болса да бірінің мәдениетінен бірі пайдаланып, бірінен бірі өрнек көріп, үлгі алып алға басқаны мәдениет тарихынан белгілі. Сол бірінен бірі үлгі алып пайдалану екі халық арасында тұрмыс жағынан, ғұрып-ғадет жағынан, тіл жағынан жақындық болумен де бек нық байланған. Сондай жақындық болғанда ғана бірінен бірі пайдалану жеңіл болады, – ондай жақындық болмаса, пайдалану аз болады.

Сол каноннан түркі халықтары да құтыла алмаған һәм құтыла алмайды да. Бірақ бұлардың арасы жақын болғандықтан «оң қол бергенді солы білмей» қалып, өз араларындағы ықпал-әсер сезілмей қалады. Мысалға біздің қазақ халқын алсақ, маңындағы халықтан әрқайсының жақындығына қарай пайдаланғаны көрініп тұрады. Қазақтың маңындағы халықтың ең мәдениеттісі неміс, онан соңғысы орыс, оның артында татар мен өзбек тұрады. Қазақ халқы солардың мәдениетінен пайдаланғанда азынан аз алып, көбінен көп алып пайдаланған жоқ, бәлки, жақындығына қарай пайдаланды. Неміс мәдениетінен қазақ, түркі де алған жоқ. Орыс мәдениетінен өз еркіменен алғаны - егін себу. Татар мен өзбектен алғаны: өзбек қазаққа ишан берді, татар мұғалім берді.

Патша заманында қазаққа мұғалім әзірлеп берген, қазаққа түрки танытып, оқуға-жазуға үйреткен татар болды. Патша өкіметі татар мұғалімін қазақ арасына жібермеске түрлі шаралар істесе де, оған қарамады, татар мұғалімі қазақ ішіне толып кетті.

Орыс татардан көп, оның мәдениеті де татардан күшті еді, учительдері неге қазақ арасына шықпады, неге қазаққа оқу-жазу үйретпеді? Олардың қазақ ішіне баруына патша өкіметі қарсы болмақ түгілі, баруына жәрдемдесер еді. Татар мұғалімін қазақ ішінен қуып бітіре алмай патша өкіметінің азаптануының себебі не еді? Оның себебі жоғарыда айтылған жақындық еді. Орыс пен қазақтың арасында көршілікті жақындық бар, кәсібінің түрінде жақындық бар: екеуі де егін егеді. Кәсібінің түрі жақын болғандықтан қазақ орыстан үлгі алып егін егуге үйренді.

Онан басқа не тілінде, не тұрмысында, не ғұрып-ғадетінде жақындық болмаған соң, орыс учителі қазақ тұрмысына орайласа алмады, қазақ тұрмысы орыс учителін өз ішіне көптеп тарта алмады.

Мұнан не көреміз? Мұнан көреміз: арасында жақындық бар халық біреуі алға басса, басқалары да сонан үлгі алып алға ұмтылады екен, біріне бірі ықпал жасайды екен.

Енді осы ықпалды һәм жақындықты үзбеске нендей шаралар бар? Мәселе сонда. Жолдың түрлі жаққа қарай таралуы сол жерде. Біреулер түркі халықтарының арасы ерекшеленбес үшін тілі бір болу керек дейді. Тілі бір болу үшін мәдениеті төмендері өз тілдерін тас­тап, мәдениеті жоғары болғандарының тілін қолданып, сол тілмен оқытып, сол тілмен әдебиет тудырсын дейді. Біреулері түркі халықтарының тілдерін бірлестіру, әуелі, мүмкін болатын іс емес, екіншіден, мүмкін болғанда да оған көп күш пен көп іс керек, ол ешбір түркі халқының қолынан келмейді, мақсат түркі халықтарының бәрін де бір тілде сөйлестіру емес, бірінен бірі үлгі алып, мәдениет жолында бірінен бірі пайланарлық ету, ол үшін тілін бірлестіргенше, бірінің әдебиетін екіншісі аңдарлық болса жетеді дейді.

Міне, осы мәселеде Ғалымжан жолдас түркі ойшылдарының қай тарапында тұрып қазақ көзіне көрінгенін айтып өтпекшімін.

1. Біз, қазақ халқы, саф қазақ тілінде бас­па жасап, әдебиетімізді тірілткенде, балаларымызды өз тілімізде оқыта бастағанда, татар туғандарымыздың ол уақытта алғы саптағыларының көбісі бұл іске қарсы болды. Ол уақытта татарша газет-журналдарда бізге қарсы жазылған пікірлерге орын берілді. Сол уақытта біздің жолымыздың туралығын айтып, біздің ісімізді қолдаған татар азаматтарынан Ғалымжан Ибраһимов пен Хасан Ғали болды.

2. Бірінші түркология құрылтайында жасаған баяндамасы (доклады) бойынша Ғалымжан жолдасты қазақтардың тануы басқарақ болды. Мәселе – түркі халықтарының қазіргі қолдануда жүрген жазуы мен әрпі мәселесі еді. Ғалымжан: «Тілді біріктіру қиын іс, ол қолымыздан келмейді; мәдениет қазынасы болған әдебиеттен түркі халықтары ортақ пайдалану үшін тіл бір болу керек еді, бірақ олай емес, тіл басқа-басқа. Оны біріктіру мүмкін де емес. Солай болған соң, түркі әдебиетін түркі халықтарының бәрінің де пайдалануы бөлек, ортақ қазына ету үшін басқа шара іздеу, басқа амал табу керек», – деп шықты.

Ол амал, Ғалымжанның пікірінше, 1) түркі тілдеріндегі барынша ортақ нәрселерді дұрыстап, ортақ пайдалана білуде, 2) түркі тілдерінде жоқ нәрселерді жаңадан кіргізгенде түркі халықтары өзара түсінісіп кіргізбек.

Түркі тілдерінде, бір жағынан, бірінен бірін айыратын ерекшеліктер болса, екінші жағынан, біріктіретін ерекшеліктер де бар дейді Ғалымжан. Мәселен, фонетика законы бәріне де бір; морфология жағынан сөздердің түбіріндегі дыбыстарда ортақтық бар. Соларды тәртіпке салып, ортақ пайдаланарлық ету керек. Олай ету үшін Ғалымжан мынадай негіздерді ұсынады:

а) емледе тек фонетика негізіне сүйенбей, сөздердің туу негізіне де қарау керек.

б) емлені диалектілерге байлаудан қашу, байлаушылармен күресу.

п) дыбыс таңбалары (әріптер) бір болу, жаңа атау алғанда бірге түсінісіп алу.

т) жаңа пән атауларын алғанда ортақ қолдануға жарарлықтарын алу.

ж) солардың бәрін тіл құрамалары арқылы өткізу.

Түркі әдебиеті түркі халықтарының ортасындағы ортақ қазына болуы турасында Ғалымжанның қалай ойланып, қандай шаралар іздегені бұдан айқын көрініп тұрады.

Міне, осы айтқан нәрселердің бәрі де Ғалымжан жолдасты татар шегінен шығарып, кеңірек майданда келбеті бар жалпы түркі-татар ойшылы, түркі-татар білгірі, түркі-татар жазушысы етіп танытып тұрған істер. Ғалымжан жолдасты біз осылай танимыз. «Жолдас» деген сөзді мен бұл жерде әдеттегі сыпайылықтан айтылатын жолдас мағынасында алмаймын, шын мағынасымен жолдас деп аламын. Өйткені, жүрісіміз басқа болса да, жолымыз бір. Жолымызда түрлі ой-шұқыр болар, қай орында түсіп те қалармыз, іс онда емес, іс ниетте. Ниетіміз дұрыс болса, жолдың ой-шұқырынан көп зарар болмас.

Сөздің соңында Ғалымжан жолдасқа тілегіміз – ұзақ өмір мен саулық. Ғұмыры болса, ниетіне жететініне иманымыз кәміл.

 

 

 

Ахмет Байтұрсынұлы

24.01.28 ж., Қызылорда

---------------------------------------------------------------------------------------

1 Ойшы деген сөз мыслитель мағынасында алынған.

2 Атақты Гаспринский 30 жыл бойы осы пікірді таратты. Жамал Вәлидиде де сондай ой бар еді. («Татар әдебиетінің барысы» деген кітабын қараңыз) Бірақ бұлардың таратқан пікірі ешбір жеміс бермеді. Қазақ өз алдына әдебиет тудырды. Башқұрт, қырғыз сияқты саны аз халық та совет өкіметі арқасында өз тілін тірілтіп, өз әдебиетін қадам бастырды.

Бұдан алты жыл бұрын белгілі ғалым Жантас Жақыпов: «Жақында Қазан қаласына ғылыми іссапармен барып қуанышқа кенелдім. Татарстанның «Біздин юл» (Біздің жол) журналының 1928 жылғы 2-санынан Ахмет Байтұрсынұлының төмендегі мақаласы табылды! Бұл еңбек Қазақстандағы библиографиялардан ұшыраспап еді, – деп жазды. – Мақала кейіпкерітатар арасында біздің алашшылдармен пікірлес болған қайраткер, ұлтшылдығы үшін құрбан болған, совет ұлттарының латын әрпіне көшуіне қарсы болып Ахмет Байтұрсынұлын қолдаған, түркі халықтарының бірлігі жолында қызмет қылған ойшыл, жазушы, ғалым, журналшы (жоғарыдағы журналдың редакторы болған) Ғалымжан Ибраһимов болғанмен, мұнда түркі халықтарының руханиятының тағдыры таразыланады. Мазмұнын, маңызын оқырман өзі бағалар.

Мақала, бәлкім, қазақ тілінде жазылып, редакция татар тіліне аударған болар. Мақала араб негізді жазумен татар тілінде жарияланған, кирилл жазуына түсіріп, қазақшаладық. Сол мақала мәтінін және мақаланың сканерленген көшірмесін газетке беріп отырмын.

Кітапхананың сирек қорына жол ашып берген татар ғалымы Ким Минуллинге, татар тіліндегі мәтінді түзуге көмектескен татар ғалымы Илһам Гумеровке алғыс білдіремін. Ғұламаларымыздың жазған бір әрпін де ескерусіз қалдырмай кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетсек, арман жоқ!».

Комментарии (0)
Оставить комментарий