ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
2022 жылғы 23-25 тамыз аралығында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы осы тақырыпта шетелдіктерге қазақ тілін оқытатын оқытушылар мен әдіскерлерге арнап халықаралық біліктілікті арттыру бағытында онлайн-семинар ұйымдастырады.
ХХІ ғасыр – технологияның қарыштап дамып жатқан заманы.
Осы тұрғыдан алғанда шетелдік азаматтар мен қандастарымызға дәріс беретін оқытушылар үшін цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін үйрететін біліктілікті арттыру курсын ұйымдастыру өзекті болып табылады. Әсіресе, сабақ барысында тек ұтымды, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану жеткіліксіз, сабақта барынша цифрлық технологияларды, оның ішінде қазақ тілін үйретуге арналған платформалар, мобильді қосымшалар т.б тиімді пайдалану аса маңызды.
«Абай институты» – Қазақстан Республикасының консулдықтары арқылы және бірлесіп орындауға мүдделі отандық және шетелдік мекемелер мен ұйымдарды серіктестіктер арқылы бүкіл әлем бойынша қазақ тілін насихаттауға, қазақ тілін халықаралық деңгейде беделін арттыруға, қазақ мәдениеті мен руханиятын таныстыруға, шетелдердегі қазақ диаспоралары мен ирреденттері үшін қазақ тілін меңгеруді ілгерілетуге, тереңдетуге және Абайдың шығармашылығы мен идеяларына арналған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге арналған бағдарлама.
Осы бағдарламасының аясында бүгінгі таңда «Отандастар» қорымен бірлесе отырып офлайн және онлайн форматта шетелде қазақ тілін үйрететін сыныптар ұйымдастырылған. Бұл курстардың тиімді және заманауи білім беру талаптарына сай болуын қамтамасыз ету үшін оқытушыларға әдістемелік кеңес тұрақты түрде жүргізілуде: оқулықтар ұсыну, онлайн отырыстар мен семинарлар өткізу т.б.
Аталған халықаралық шара барысында шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері туралы кеңінен сөз болмақшы.