СЕМИНАРДЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ
2022 жылғы 24 тамызда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері» тақырыбындағы халықаралық біліктілікті арттыру онлайн-семинары өз жұмысын әрі қарай жалғастырды.
Әдістеме басқармасының ғылыми қызметкері Марияш Дәрменованың айтуынша, шетелдіктерге қазақ тілін оқытатын оқытушылар мен әдіскерлер үшін бұл халықаралық семинар жақсы нәтиже беріп жатыр.
«Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алғанымызға екі-үш жылдың жүзі болып қалды. Бәрінде де қатысушылар қатары сиреп көрген емес. Қашанда қызығушылықпен тыңдайды. Бұл жолы дүние жүзінің 11 елінен 70-тен астам адам қатысуда»,– деді Марияш Зиятдинқызы одан әрі.
Семинардың екінші күні Сүлейман Демирел университетінің MDE орталығының оқытушысы Əлия Маратқызы Закария қатысушыларды «Шетелдіктерге қазақ тілін үйретуде дағды қалыптастыратын тиімді бағдарламалармен» таныстырып, «Қазақ тілін шет тілі ретінде ашық білім беру платформасы арқылы оқыту» жөнінде әңгімеледі.
Әрине қашықтықтан оқу бұрын да оншалықты таңсық дүние емес-ті, десек те пандемия жағдайы аралас оқу түрі, болмаса тек онлайн оқыту формасын жаппай қолданысқа енгізіп жіберді. Осы тұрғыдан алғанда цифрландырудың рөлі ерекше, бұл күнде тіл үйретудегі ең перспективалы бағыттардың біріне айналды. Әр оқытушы өз сабақтарында, курстарында заманауи мобильдік қосымшалар мен платформалардың мүмкіндіктерін қолдана білуі керек және технология күнде өзгеріп, дамып жатқан заманда оның тиімді әрі жаңа түрлерінен қол үзіп қалмауы тиіс.
«Абай институты» жобасының аясында шетелдегі қандастарымызға, шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылардың цифрлық сауатын арттыру мақсатындағы бұл халықаралық семинар ертең өз жұмысын аяқтайды.