ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ: «ТІЛ МӘСЕЛЕСІ ЕҢ АЛДЫМЕН ҰЛТТЫҢ МӘСЕЛЕСІ ...»
Назарларыңызға қырғыз әдебиетінің, жалпы әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың «Махаббат Ғаламды жаратты... Ғалам мәңгілік» атты сұқбатынан тілге және ұлттық рухқа қатысты бөлігі ұсынылды. Жалпы адамзат, қоғам, мәдениет туралы келелі үлкен әңгімеге ұласқан сұхбатты кезінде Сұлтан Әкімұлы Раев алған. Ол қазір халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымының Бас хатшысы болып қызмет атқарады, белгілі жазушы, Қырғызстанның халық жазушысы, шығармалары көптеген тілдерге, оның ішінде қазақ тіліне де аударылған. Сұқбат ертеректе алынып, жарияланғанына және кейбір мәселелер қырғыз тіліне байланысты болғанына қарамастан, оның бізге, қазақ тіліне тікелей қатысы бар деп ойлаймыз.
Сұлтан Раев: Рухани дағдарыс халық рухының көрінісі ретіндегі тілден, яғни түпкі тамырлардан басталады. Егер осы ыңғайдан қарайтын болсақ, онда тілді сақтау мәселесі ұлтты сақтаумен тең мәселе болып шығады. Бірақ қазір ұлттық тілді саяси мәселеге айналдырып өздерінің тар мақсаттары үшін пайдаланып, соның айналасында саяси ойындар жүргізілуде, біз мұны ана тіліне қарсы жасалған қылмыс деп санаймыз. Шыңғыс Төреқұлұлы, егер мәселеге осы тұрғыдан келсек, Сіз қалай ойлайсыз, ұлттық тіл біздің мемлекеттің ресми өмірінен алшақтап кеткен жоқ па?
Шыңғыс Айтматов: Тіл мәселесі, ең алдымен, ұлттың мәселесі. Қандай болсын ұлттың мәңгілігі – оның тілінде. Сәби тілді анасының сүтімен сіңіреді. Тілге қарсы қылмысты ұлтқа қарсы қылмыс деп бағалау керек. Біз қазір қырғыз тілін мемлекеттік тіл деп жарияладық. Бұл заң бойынша... Бірақ іс жүзінде бұл заң орындала ма?! Қайда барсаң да, бәрі орыс тілінде. Егер қырғыз тілі өзінің ортасында дами алмаса, онда ол қалай дамымақ? Авторитарлық режим тұсындағы коммунистік жүйе кезінде мен алғашқылардың бірі болып ана тілі мәселесін көтердім. Сол кезде баспасөз құралдары маған «ұлтшыл» деген жала жапты. Мен сияқты жазушылар ұлттық тілдің мәселесін көтермейтін болса, онда оны кім көтереді?! Шынымды айтайын, мен біздің ұлттық тіліміз үшін басымды беруге дайынмын. Менің ойымша ұлттық тілді сақтау және одан әрі дамытудың негізгі факторы – оның мемлекеттік саясаттың негізгі атрибуты және мемлекеттің ресми өмірімен тікелей байланысты болуымен сабақтас. Егер ол мемлекеттің ресми өмірінен тыс қалса, басқаша айтқанда жоғары мемлекеттік деңгейдегі шаралардан аластатылса, онда ол күнделікті тұрмыстық қатынас тілі деңгейіне түсіп және өзінің жалпыұлттық маңызын сақтамайды. Қазір көбісі біздің ұлттық тіліміз саясаттың, экономиканың, заңның тілі ретінде толық қалыптаспаған дегенді айтады. Мен мұны ұлттық тілге деген құрметтің азаюы деп түсінемін. Тілді жоғары деңгейге көтеру үшін ерекше мемлекеттік саясат жүргізу, тілдің ерекше мәдениетін қалыптастыру керек.
Біз ұлттық тілді дамытудың қажетті ортасын қалыптастырмайынша, оны толық дамыта алмаймыз. Ұлттық тіл – біздің аталарымыз сан ғасырлар бойы сақтап бізге жеткізген ұлы байлығымыз. Бұл дегеніңіз оны тілді бүтін және толық сақтап, біздің ұрпаққа беруіміз. Тілдің алдындағы жауапкершілік мемлекеттің президентінен бастап қарапайым азаматтарға дейін ортақ міндет.
Сұлтан Раев: Шыңғыс Төреқұлұлы, Сіз бір кездері: «Қырғыз тілі – бұл менің оң қолым, орыс тілі – сол қолым» деп едіңіз. Соңғы шығармаларыңызды «сол қолыңызбен» жаздыңыз, демек, сол қолыңыз жүрегіңізге жақын ба?
Шыңғыс Айтматов: Жоқ. Қазіргі уақытта тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – әлемді танудың құралы. Біз қалайық, қаламайық, көбінесе орыс тілі арқылы әлемді танимыз, халықаралық ақпаратқа ие боламыз, ғаламдық құндылықтарға жақындаймыз. Мұнда мәселе тілде емес, мәселе – жүректе. Егер адам жүрегінде өзінің тілін құрметтесе, онда тілін ұмытпайды. Тіл – адам үшін өмірдің кеңістігін ұзартатын қуатты күш. Мен үшін қырғыз тілі ең қасиетті, ол әрі Отаным, әрі кіндігімнің қаны тамған Жер-Анам. Бұл өмірде қандай биікке көтерілейін, мен осы ана тілімнің ұлы рухына ырзамын.
Сұлтан Раев: Шыңғыс Төреқұлұлы, әлемнің айқара ашылуы, әсіресе, біздің жас мемлекетіміз үшін өте маңызды. Біз қалайық, қаламайық, басқа елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, өзіміздің даму жолымызды таңдауымыз керек. Ғаламдық өркениеттің табиғи заңы осындай. Даму үдерісінің әртүрлі әлемдік модельдерін, мемлекеттік құрылымдарын қарастырып, өзіміз үшін ыңғайлысын таңдауымыз керек. Жапондар «Еуропалық білім, жапондық рух» деген формула бойынша дамыды. Олар өздерінің ұлттық рухын қасиетіндей қадірлейді.
Шыңғыс Айтматов: Әлбетте, бұл мәселе – аса маңызды мәселе. Оған жүйелі қатынас керек. Біз қандай мемлекеттік құрылым жасағымыз келсін, дамудың қандай бағытын таңдайық, ең алдымен, еліміздің ең басты байлығы – өзіміздің халқымыз туралы ойлап, соған қатысты адамсүйгіштікке негізделген саясатты ұстануымыз керек. Мемлекет халыққа қызмет ету үшін құрылған. Шынында да қай халық болса да басқалардан үйренбей дамымайтынын білсек те, мынаны ұмытпауымыз керек: басқалардың даму тәжірибесі бізге дайын дауа бола алмайды. Адамзат әлемі өзінің полифониясымен, әртүрлілігімен, әртүрлі тілдермен, әртүрлі ұлттармен қызғылықты. Бір мәдениеттің гегемониясы әлемдік гармонияны сақтамайды.
Жазушы ретінде мен әлемдік мәдениеттің стандартты болуына қарсымын. Біздің ұлттық ерекшелігімізді рухани салада ғана емес, мемлекетті басқару моделінде де сақтауды айтқым келеді. Өзің айтқан жапондардың даму тәжірибесі осыған жарқын мысал бола алады. Бастысы әлемдік даму жүйесіне өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап барып ғана бейімделуіміз керек.
Орысшадан аударған: Е.Тілешов