ЖОЛДАУ ЖАҢА ІСКЕ ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ
2022 жылғы 1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұжымы үлкен ықыласпен тыңдады.
Жолдауда көтерілген Жаңа Қазақстанның қуатты экономикасын жасақтауға ауадай қажетті өзгерістер мен саяси жүйені жаңғырту бойынша батыл да ауқымды бастамалар ұжым мүшелерінің көңілінен шықты.
Мемлекет басшысының: «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» – деген сөзі ерекше серпін беріп, жаңа іске құлшындырды.
Әлбетте, жеке адамның да, бұқара халықтың да асыл арманы – әуелгі кезекте тыныштық, мәңгілік бейбіт өмір. Бұлардан артық ешнәрсе жоқ. Өйткені, өз кезегінде, бақ-береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Ал ұрпағыңның амандығы – келешегіңнің кемелдігінің кепілі.
«Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз!» – деген жалынды да адал ниетті сөзбен нүктесі қойылған ерекше Жолдау жарқын болашаққа сенім ұялатып, ел ертеңі мен халық бірлігіне үндеп тұрғандай еді.