АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ФИЛОСОФИЯСЫ
...Қазақ қоғамының жеткен жетістіктері мен алған белестерін, шыққан биіктері мен кеткен кемшіліктерін, олқылықтары мен орашолақтықтарын саралайтын, бүгінгі қоғамдық даму биіктігінен тәуелсіздікке шынайы баға беретін уақыт жақындаған сайыш зиялы қауым ерекше толқу үстінде. Осы өткен жылдарда халықтың санасына нық орнаған, өміріміздің қозғаушы күші мен жаңашылдығымыз бен жасампаздығымыздың тұғыры болған тәуелсіздік идеясы бүгінде шынайы өмір салтына айналғаны әлемге белгілі. Қазақ дербес, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде өмір сүре алатынын шынайы дәлелдеп берді. Алаш көсемдерінің ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясы жүзеге асты. Бүгінгі ғылыми конференция, сол тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістігімізді саралауға, жоғымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеу жолындағы ізденістеріміздерге тың серпін әкеледі деп сенеміз.
Қазіргі тарихи кезеңде бүгінгі саяси өміріміздің негізін, іргетасын құрайтын «Тәуелсіздік» ұғымының қазақ тілінде бірнеше баламалары бар екені белгілі. Олар: дербестік, егемендік, еркіндік, бостандық, азаттық және т.б. Бұл тәуелсіздік феноменінің кең мағыналы екендігін, адамның жеке және әлеуметтік өмірінің әр алуан қырларын қамтитындығын айғақтайды.
Жалпы қоғамымыз үшін өте маңызды «Тәуелсіздік» термині адамның билікпен арақатынасына орай саяси мағынада ғана емес, адамның ішкі болмысы мен экзистенциалдық сұраныстарына қарай философиялық мағынада, санадағы тыйымдар мен әртүрлі қорқыныштарға байланысты психологиялық мағынада және отаршылдық езгіге байланысты ұлт-азаттық қолданыс табады. Бұл айтып отырған тәуелсіздік ұғымының иірімдерін Алаш қайраткерлерінің еңбектерімен танысқанда aңғармау мүмкін емес. Демек, Алаш қайраткерлері үшін тәуелсіздік идеясы адам және ұлт болмысының тұтастығының көрінісі. А. Байтұрсынұлы «Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақаласында былай деп жазды: «Қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолында жұмсамасқа мүмкін емес: кемшілік көрген жұрттан тауып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес». Міне, тәуелсіздік талаптары. Алаш қайраткерлері тәуелсіздікті саяси, экономикалық феномен ретінде түсініп қана коймай, оның рухани, мәдени астарына да үңіле білген. Оның қазақ үшін гуманистік, тәрбиелік, жасампаздық, білімдік бағыттарының болатынын да ескерткен. Рух бостандығын басқа бостандықтардың негізі деп қарастырған. Ол үшін білім, тәрбие, ағарту, мәдениет мәсәлелерін күн тәртібіне қойған. Мәселен, «Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектепте, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған мәселелерді Ресей Думасында қарастыру қажеттігін дәлелдеген Алаш зиялылары, шынайы тәуелсіздіктің негізі ұлттық рухына байланысты екендігін қатты сезінді.
Pyx адамды қашанда еркіндікке итермелейтіні белгілі. Рухы күшті адам қашанда тәуелсіз. Рухтан қуат алған жан ғана үнемі дамып, өзгеріп отырады. Олай болса, жаһандану үрдісінде қазақ тек өз рухын, жаңғырту, асқақтату арқылы ғана ұлттық болмысын, тәуелсіздігін сақтай алады.
Қазақ рухын жаңғырту, бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді, яғни ұлттық мүдделер негізінде жүргізуді талап етеді. Өкінішке орай, бұл Қазақстан мемлекеті үшін ең қиын мәселе күйінде қалуда. Басты себеп, қазақ рухының кеше орыстануы болса, бүгінде батыстануы, экономика мен саясатта кландық-компрадорлық топтардың ұлт мүддесін аяқ асты етуі, зиялы қауымның ұлт мүддесін қорғай алмауы, олардың шығармашылық пассионарлық қасиеттерінің сарқылуы, қоғамның әлеуметтік топтарға жіктелуі, билік пен халық арасының алшақтауы себеп болып отыр. Осындай жағдайда қазақ рухы бүгінгі қоғам дамуына, оның бағытын айқындауға шама-шарқы жете ме, тәуелсіздігін қорғауға дәрменді ме деген сұрақ туындайды.
Қазақ рухын жүзеге асырудың бір жолы қазақ идеясын жаңғырту болып табылады. Онын алғы үлгілері кешегі Алаш ұсынған жолдарда жатыр десек артық айтпаған болармыз. Олар әсіресе, тілдік саясатта, мәдениетте, жалпы руханиятта, қоғамдық өмірде көрінуі тиіс. Сонда ғана бөтенге ұқсамайтын, өзіндік жүру жолы бар рухы биік халыққа айналамыз.
Қазақ рухы экономика саласында да көрінуі тиіс. Әзірше өзімізді ішкі саясатта қаншалықты Барыс, Арыстанбыз деп бейнелесек те, Қытайдың Айдахары мен, орыстың Аюынан аса алмаймыз. Себебі Қытай жаппай тұтынатын товарлар шығарудан әзірге ешкімді алдына салар емес, орыстың қаруын, батыстың технологиясын, жапонның компьютері мен машина жасауынан әзірге бізде озар қауқар жоқ. Сондықтан басқадан озатын, басқаға үлгі болатын біздегі қару, ол – шығармашылыққа, білімге, адамгершілікке негізделген қазақтың жаңа рухын қалыптастыру. Ол үшін Қазақстанның экономикасы жекелеген компрадорлық топтарға, олигархтар мен шетелдің экономикасына емес, Қазақстан халқына, оның білімі мен рухын жаңғыртуға жұмыс істеуі тиіс. Сонда қазақ рухы тәуелсіздіктің негізіне айналады. Кешегі құлдық сана, біреудің аузына телміре қарап, айтқанымен жүретін психология келмеске кетеді.
Қазақ рухын көтеруге байланысты айтылар тағы бір әлеуметтік мәселе - адал, маңдай термен келетін таза еңбек этикасын қалыптастыру. Бүгінде таза, адал еңбекпен күн көретін адам саны азайған, оған деген қоғам тарапынан кұрмет те жоғалған. Өздерін «жер кіндігіміз» дейтін эголар, «мұрның бар да бір сіңбір» дейтін жемқорлар, ақша үшін елінің рухын, тілін, дінін, жерін сатып жүрген «қоркау қасқырлар» қазақ рухын таптауда.
Ең бастысы, қазақ санасында «адал еңбекпен күн көру мүмкін емес» деген сенім қалыптасуда. Кешегі заманда әділеттілікті теңдік деп түсінген қазақ, бүгінде қоғамдағы әділетсіздіктің етек алуына мазаңдаулы. Егер бұл үрдіс шектен шыға берсе, әділеттілікті – бөлісу деп түсінудің де етек алуы әбден мүмкін. Оған итермелейтін қоғамда әлеуметтік күштердің бар екені белгілі.
Бүгінде қазақ рухынын бірегейлігі мен тұтастығына нұқсан келтіретін сыртқы факторларды да ескерген жөн. Ол, көршілес жатқан Қытай, Ресей, мұхит аржағындағы АҚШ елдерінің саясаты. Осы жағдайда қазақ үшін жаңа рух пен жаңа парадигмалық ұстаным қажет. Мұндай сыртқы ықпалды қазақ халқы бүгін ғана бастан кешіріп отырған жоқ. Өткен тарихқа жүгінер болсақ, қазақ рухы өзінің қалыптасу мен даму барысында Батыс пен Шығыстың, яғни қытай, үнді, иран, араб, түрік, монғол, славян өркениетінің ықпалында болғаны белгілі. Ең ғажабы сыртқы ықпалдар неғүрлым күшті болған сайын, қазақ рухының ішкі бірлігі нығайып, сыртқы ықпалдардың жетегінде кетпей, ассимиляцияға түспей, қашанда өзінің ішкі тұтастығы мен бірегейлігін сақтай отырып, бөгде мәдениеттерді өз қазанында қайнатып отырған. Кешегі саяси аласапыран заманнан аман-есен шығуымыздың, ұлттық тұтастығымыз бен бірегейлігімізді сақтап қалуымыздың бір себебі де осында. Кеңестік жүйенің шаңырағын шайқалтқан Алматыдағы 16-желтоқсан оқиғасыда осы қайсар қазақ рухының көрінісі.
Ал бүгінгі жағдай мүлдем басқа, себебі қоғамдық дамудың әлеуметтік- экономикалық негізі түбегейлі өзгерді. Жаһандану үрдісі ұлттың ментальдық ұстанымымыз бен дүниетанымымызға, қазақ рухындағы дәстүрлі құндылықтар жүйесіне, архетиптік негіздерімізге өзгерістер әкелді. Қайсар қазақ рухы бізді тәуелсіздікке жеткізгенмен, оны қорғауға, оған рухани негіз болуға бүгінде қауқарсыз. Нәтижесінде дуалистік, будандық сипаттағы құндылықтар рухымызда орын ала бастады. Нақтырақ айтар болсақ, ұжымдық сана мен жекебастылық сана, жеке бастың еркіндігі мен ұлт еркіндігі, либерализм мен патернализм, азаматтық сана мен этникалық сана, гендерлік саясат пен демографиялық саясат, мәдениеттегі поликультуризм, үш тағандық тіл идеялары ұлт рухын шайқалтуда. Қазақ рухындағы дәстүрлік құндылықтар жүйесі, оның иерархиялық құрлымы бұзылғанмен заман ағымының динамикасына сай жаңа рухани-құндылықтар жүйесі әлі де болса қалыптасып болған жоқ.
Бірден басын ашып айтатын мәселе, қазақ рухындағы қақтығыстардың тек саясат жолымен шешілмейтіндігі. Себебі бүгінгі саясат қолдан жасалған төзімділікке, тіпті керек десеңіз қазақ рухына басқаның көзімен қарауға негізделген. Саясатта ұлттық рухты қорғаудан бұрын космополиттік тұрғыдан шабуылдау басым болып отырған жағдайда қазақ рухын тәуелсіздіктің негізіне айналдыратын бірден-бір күш, ол халықтың өзі болуы керек. Сондықтан, бәрін бүгінгі саясат мойнына арта салу қазақ халқы үшін өкініші мол дүние болар еді.
Біз қазақ үшін жаңа рух, жаңа ұстаным қажет дедік. Енді сол жаңа рух пен ұстаным қандай болу керек деген мәселеге тоқталайын. Әрине, біз бұл жерде оқшаулану немесе рухани томаға тұйықтық идеясын ұсынайын деп отырған жоқпыз. Мына жаһандану заманында ол мүмкін де емес, керек десеңіз қазақ рухы әлімсақтан ашықтыққа, басқаны жатсынбауға, достыққа, татулыққа, адамгершілікке, сұхбаттастыққа, кеңдікке, өзгеге құрметпен қарауға негізделген. Қазақ рухының өміршеңдігі оның сұхбаттастық кеңістікте үнемі болуында, яғни сұхбаттастық, әлемдік құндылықтарға үнемі ұмтылу оның өмір сүру әдісі десек артық айтпаған болармыз.
Өкінішке орай, қазақ рухындағы осындай ұлы құндылықтарды кейбір пысақайлар өз пайдасына шешіп кетіп жатыр. Мәселен, ұлт рухына сай келмейтін Батыстың не Шығыстың құндылықтар үлгілерін ашық қоғам, демократия ұстанымдарын желеу етіп, шамадан тыс тықпыштау, оны санаға зорлықпен сіңіру өте қауіпті екенін сезсек те, оған қарсы түру іс-әрекеті қоғам, мемлекет тарапынан жетіспейтіні өкінішті.
Рух тұтастығының бұзылуы ұлттың тілі, діні, мәдениеті, менталитеті, тәрбие салаларын камтуда. Нәтижесінде адамдар бойында жігерсіздік, талапсыздық, өз тағдырына жүрдім бардым қарау да орын алуда. Тәуелсіздік таңымен келген ұлы армандардың жүзеге аспауы адам жанының күйректенуіне соқтырып, болашақ үмітінен айыруға. Былайша айтқанда, қазақ шарасыздық пен қорғансыздықтың күнін кешуде. Мұндай жағдайда қазақтың ұлттық рухы өзінің қоғамдағы біріктіргіш миссиясын орындай алмайтыны белгілі.
Ұлттық рухта ыдырау үрдісі неғұрлым тереңдеген сайын, оның тарапынан туындайтын қауіп-қатерде көбейе түседі. Мұндай құбылыс болашақта әлеуметтік-саяси дүмпулердің қайнар бұлағы болуы да мүмкін. Ең бастысы, адам өзінің ұлттық сипатышан айырышып мәңгүрттік санаға ие болған тобырға айналуда. Тобырда жасампаздықтан бұрын қирату, сындыру басым болатыны, олар үшін ұлы құндылықтарға деген ұмтылыс болмайтыны, ар, намыс, ұят үғымдарының екінші кезектегі құбылыстар болатыны белгілі. Бүгінгі қоғамның рухани саласындағы жүріп жатқан құбылыстар осыны көрсетеді. Әсіресе бұл құбылыстар экран арқылы көрсетілетін кинофильмдерде орын алған. Тұрпайылықты, жауыздық пен катігездікті, нәмсіқұмарлықты уағыздау күнделікті әдетке айналған. Олар бүгінгі өмір салтының бір көрінісі іспетті.
Қазақ рухын жегдей жеп тұрған дерт ол жалтақтық пен жағымпаздық, екіжүзділік, сөз бен істің алшақтығы. Бұл құбылыс көптеген зиялы қауым өкілдерінің өмір сүру және дүниетаным принципіне айналған. Соның нәтижесінде зиялы қауым ұлт мүддесін қорғауға келгенде әлсіз, рухсыз. Өзі бола алмаған өзгеде бола алмайтынын ескерсек, зиялы қауым өкілдерінің рухы тексіздіктің шарпыған жалынын әзірге құтыла алар емес.
Тексіздік пен тұлсыздықтың жаһандану заманында рухани негізі қаланғаны соншалықты, халқына топырақ шашып, тілі мен дінінен безіп, басқаның аруағына табынып жүргендердін саны күн өткен сайын көбеюде. Бұл ойландыратын шаруа.
Сонымен қатар, қазіргі жағдайда, ұлттық рухтың тұтастығына төніп тұрған бірнеше қауіптер бар. Олардың негізгілері мыналар:
Жалпы қазақ рухының тұтастығына төніп тұрған қауіпті тәуелсіздікке төніп тұрған қауіп деп қараған жөн. Олар мыналар: ұлт рухының тұтастығына қауіп төндіріп тұрған бірден-бір фактор, ол қазіргі тілдік жіктелудің тереңдей түсуі, қазақ тілінің статусы мемлекеттік болғанмен әлі де болса, жетім бала күйін кешуі.
Екінші қауіп, ұлттық байлықты бөлудегі жіберіліп отырған әділетсіздіктің орын алуы, бай мен кедей, ауыл мен қала арасындағы алшақтықтың күн өткен сайын межеден тыс асуы ұлттық рухтың тұтастығына өзінің кері, жағымсыз әсерін тигізуде.
Үшінші қауіп, ол этникалық негіздегі сепаратизмнің етек алуы, қазақ ұлтының өкілдерінің басқа діни ағымдарға кіріп, олардың қатарының көбейіп келе жатқандығын айтуға болады.
Төртінші қауіп, ол заңсыз негізде жүріп жатқан миграциялық үрдіс. Әсіресе Қытай, Орталық Азиядан келіп жатқан келімсектерді жатқызуға болады. Бұл тек экономикалық мәселе емес, сонымен бірге, ол саяси мәселе. Түбінде бұндай заңсыз негіздегі миграциялық үрдіс әсіресе Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қалыптасқан ұлт аралық татулықтың ара салмағын өзгертуі, діни негіздегі қақтығыстардың тууына да себебін тигізуі мүмкін.
Бесінші қауіп, тәуелсіздік ұғымының бүгінгі жас ұрпақ санасында девальвацияға ұшырауы. Оны ұлы құндылық ретінде қоғамның сезінбеуі. Тәуелсіздік ұғымының саяси ойын шеңберімен шектелуі. Оның шынайы сипатын ашудағы ұлттык идеологияның әлсіздігі, жасандылығы. Ел басқарып жүрген азаматтардың «тәуелсіздік» ұғымына әлі де болса кешегі социалистік менталитет тұрғысынан қарауы.
Ұлттық мінез-құлықтың өзгеруін кейбір зерттеушілер қоғамның өзгеруімен тікелей байланыстыра қарайды. Бірақ, ұлттық мінез-құлықтың өзгеру межесін анықтау әлі күнге басы ашық мәселе күйінде қалуда.
Қазіргі ұлт менталитетінің өзгергені соншалықты, жаһандану заманында қазаққа тән мінез-құлықтар мен дүниетаным, құндылықтарға деген көзқарастық ұстанымдар қазақ рухының тұтастығына да өзінің әсерін тигізуде.
Қазақ рухын бәсекелестікке шыңдау, қайраттандыру баршаның ісі болса керек. Бұл жолдағы оның серігі қандай да болмасын құбылысқа шынайылық тұрғысынан баға беру, ақиқатын айту. Жетістіктерімізге малданбай, оны әсірелемей тарихи байыптылық пен сабырлық тұрғысынан қарау, талдау болашаққа бастайтын жол болуы керек. Сонда ғана қазақ рухы өз кемшіліктерінен арылып тәуелсіздіктің негізіне айналары сөзсіз.
Ахаң рухы, қашанда биік, жастарға үлгі. Десекте, ана тілін қорғауға келгенде Ахаң деңгейіне бүгінде жете алмай жатқанымыз өкінішті. Тіл мәселесі айтылмай, жазылмай жүрген мәселе емес. Бірақ, соңғы кездері қазақ тіліне кәсіби тұрғыдан шабуыл басталған тәрізді. Оның абыройын төмендету, іске алғысыз етіп көрсету, постиндустриялық қоғам дамуына сай келмейтін көшпенділердің өлген тілі ретінде көрсету, оның теориясы мен грамматикасының жоқтығын дәлелдеуге тырысу етек алуда.
...халкымыздың санасы мен мәдениетінде жаңаша тарихи дүниетаным қалыптаса бастады. Осы кезеңге сәйкес келетін философиялық ойлау жүйесін жасау және оны әлемдік философия тарихы аясында өрбітіп, шыңдап, ғылыми-теориялық деңгейде дамытып, халықтың өзін-өзі түсінетін жағдайға келтіруде үлкен талпыныс байқалады. Десек те, отандық философия, кейбір жағдайларда Алаш құндылықтарынан іргесін аулақ салғанды, оның орнына Батыстық құндылықтар мен көзқарастарды зерделегенді қалап тұрады. Кейбір ғалым-философтар, орайы келгенде Алаш құндылықтарын іске алғысыз етіп көрсетуден де кетәрі емес. Бұндай жағымсыз көзкарастар соңғы кезде кең етек алуда. Бәрін қаралау, қазақтың мүддесін басқалардың мүддесінен төмен қою, оны мұқатып, кемсіту, ұлт төңірегінде жағымсыз қоғамдық пікірлер қалыптастыру қоғамдық гуманитарлық білім саласынада үрдіске айналып бара жатқаны өкінішті. Ең өкініштісі, мұндай көзқарасты қалыптастыруда билік пен байлыққа сатылған, кешегі коммунистік идеология тұсында екі жүзділікке әбден еті үйренген ұлттың зиялы қауым өкілдерінің белсенділік танытуы кімді де болса ойландыратын жәй екенін атап өтуіміз керек.
Біздің түсінігімізде қандай да болмасын гуманитарлық білім біріншіден өз халқына, оның дүниетанымын зерттеуге бағытталуы керек. Тек осы ұстанымды жүзеге асырғанда ғана, біз әлемдік философияға өзіндік үлесімізді қоса аламыз.
Қай ғасырда болмасын дәуір тынысы аз ғана шығармашылық топты - зиялы қауымды-өмірлік сұрақтарға жауап беруге тарих сахнасына алып шығады. Олар Алашым деп еңіреген нағыз ерлер еді. Осылардың ішінде шоқтығы биік ұлттың рухани көсеміне айналған А.Байтұрсынұлының орны ерекше. Ол өз өмірін ұлттың асыл құндылықтарын, адамгершілік қағидаларын қызғыштай қорғай отырып, оларды елдің игілігіне жарату үшін күресудің озық үлгісін көрсетті. Міне, адам бойындағы азаматтық тұлғалық қасиеттің шынайы көрінісі осындай болар. Ахаң, өз тағдырын қазақ тағдырынан бөліп қарамағандығын, қазақтың тәуелсіздігін жақындатуда жан берген қазақтың біртуар ұлы тұлғасы екені сөзсіз.
Т.Бөрібаев,
философия ғылымдарының докторы,
профессор
(Ықшамдалып жарияланды)