ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА

09.09.2022

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Қазақстан халқының тілдері күні аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай 2022 жылғы 9 қыркүйекте іс-шара өткізді.

Аталған іс-шараның мақсаты – ғалым, қайраткер, ұлттың рухани ұстазы, аудармашы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен ерен еңбектерін таныстыру, шығармашылығын дәріптеу, қазақ тілі мен әдебиеті жөніндегі даналығын насихаттау, ұлы істерін ұлықтау.

 

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдарының қызметкерлері, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі мамандары қатысты.

Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің жанындағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры, алаштанушы ғалым, ф.ғ.к., доцент Тілешов Ербол Ердембекұлы «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт өркениеті» тақырыбында дәріс оқып, тың деректермен бөлісті. Яғни үлкен тақырыпты «Әдебиет және өркениет», «Жазу және өркениет», «Баспасөз және өркениет», «Мемлекет және өркениет», «Қазақ ұлттық Ренессансы», «А.Байтұрсынұлы және тәуелсіздік» деген айдарларға бөліп, өте құнды әрі мазмұнды мағлұмат берді.

Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының жүйесінде көп жыл еңбек етіп, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бас маман Ұлбала Киікбайқызы Каюпова «Ахмет Байтұрсынұлы – ақын, аудармашы, реформатор-ғалым» деген тақырыпта баяндама жасады.

Іс-шара соңында семинарға қатысушылар: «Пайдалы білім алдық, құнды деректерді білдік, мазмұны терең дәріс болды, ...» - деп өз ойларымен бөлісті, көкейде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

 

Іс-шараның қорытынды бөлімінде Іс Басқармасының жүйесінде көп жылдан бері мемлекеттік тілді дамытуға зор үлес қосып жүрген қызметкерлер Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Іс Басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Бұндай шаралар еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын табуда. 7 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп гимназиясында өткен академиялық сағат аясында, Ербол Ерденбекұлы баяндама жасап, Алаш қозғалысын инерциялық емес, ұлттық ренессанс ретінде мойындалуы тиiс деген тұжырымын ортаға салған еді.

Сонымен қатар, осындай іс-шара бүгін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде жалғасын тауып, Ербол Ердембекұлы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде баяндама жасады. Ұлы ұстаздың ұлағатты өмірі оқырман мен тыңдарманды бей-жәй қалдырмайтыны бәрімізге белгілі. Халықтың қадірлі ұлын ұлықтап, әр азаматтың көкейіне сіңіру ең алдымен елдіктің белгісі.

Комментарии (0)
Оставить комментарий