ЭКСПЕДИЦИЯ: АХАҢ ЖҮРГЕН ЖОЛМЕН... Төртінші күні

16.09.2022

Кеше күн еңкейген шақта Міржақып бейітінің басына барып тәу еттік. Кейкі батыр кесенесіне құран бағыштадық. Рухты ел, рухты топырақ, рухты сөз жанымызды толқытты. Содан да болар, киелі сапардың төртінші күні тебіреніспен басталды. Торғай ауданындағы Ахаң музейінен алған әсердің жөні бөлек. Аудан орталығында өткен зиялы қауым өкілдері, жас буын жиналған ғылыми-практикалық конференция үлкен серпінмен басталды.

Оны аудан әкімі Шота Оспанұлы құттықтау сөз сөйлеп ашты. "Ахаңның ана тіліндегі үлесі" туралы баяндама жасаған Жантас Жақыпов "Ана тілімізге халықтың қосқан үлесі бір пара, Ахаңның қосқан үлесі бір пара",- деген Әбіш Кекілбаевтың сөзімен бастап, ұлт ұстазының бүгінде бүкіл Еуропа тіл ғылымы жаңалық қып ашып жатқан бірқатар тұжырымның түгелімен Ахаңда жатқанын тамсанып айтты. Белгілі ақын, «Ахмет – ұлт ұстазы» сериялының сценарий авторларының бірі Ұларбек Нұрғалым "Ұлт ұстазы" фильмі туралы әңгімеледі. Бұрын-соңды отандық тарихи кино саласында ғалымдардың еңбегін көрсету үрдісі болмаған екен. Бұл тұңғыш рет жүзеге асыпты. Алаш баласының Ахаңа деген сағынышы мен махаббаты кинотуындының жолын ашты деген ойын ортаға салды.

Ербол Ердембекұлы Ахаң музейіне Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒП орталығы атынан естелік кітаптар сыйға тартты. Ол өз баяндамасында қазақ топырағында 300-ден астам көтеріліс болғанын тілге тиек етіп, Алаш арыстарының рухани-саяси ерекшелігіне тоқталды.

Бүгінгі жиынның жолы да, жөні де бөлек. Ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған жерде өтіп жатқан конференцияда тек ғалымдар ғана емес, Ахаң туған ауылдың ақсақалдары да ғылыми баяндамаға бергісіз естеліктер айтты. Бұрын жергілікті атқарушы билікте ұзақ жыл қызмет атқарған Тыныштық Әбжамалов есімді ақсақал, Ахаң ақталған жылдарды есіне алды. Ол кісі өз ізденістері ахметтануға тың мәліметтер қосыпты.

Экспедиция түстен кейін Ахаңның ауылы Сарытүбекке аттанды. Кесенеге барып ұлт ұстазының рухына тәу етіп, ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған жердегі ауыл тұрғындарымен кездеседі.

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий