Ербол Тілешов: Билік, БАҚ және бизнес қазақ тілінде сөйлемей отыр
Тіл білімінің ғалымдарын үйлестіру міндеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығына міндеттелген еді. Орталық атынан латын қарпіне негізделген қазақтың төл әліпбиіне қатысты жоба да ұсынылған болатын. Ал биыл орталық ахметтану саласындағы ізденістермен бірге, тіл ғалымы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай әлемнің біраз архивтеріне арнайы адам жіберіп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды.
NEGE тілшісі мемлекеттік тіл аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешовтен сұрап білді.
– Елімізде тіл мәселесімен айналысатын А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бар. Соның ішінде мемлекет қаржыландыратын «Тіл-Қазына» орталығы тіл саясатын жүргізуде нақты қандай жұмыс атқарып жатыр? Орталықтың негізгі міндетіне не кіреді?
– Жалпы, тіл – ұлт пен елдіктің ең негізгі арқауы. Осы сөз қаншалықты жаттанды болса да, ақиқат. Астарына үңіліп, санамызға хаттауымыз һәм тілдің осындай құдіретті күш екенін терең ұғынуымыз қажет. Сұрағыңызға келсек, «Тіл-Қазына» орталығы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде бірнеше бағытта жұмыс істейді.
Біріншіден, қазақ тілін үйретудің әдістемесін әзірлеу және тарату. Бұл бағытта орталық мамандары елімізде алғашқылардың бірі болып қазақ тілін үйретудің лексикалық және грамматикалық минимумдарын әзірлеп, сол бойынша «Қазақ сөзі» оқу құралын жарыққа шығарды. Бес кітаптан тұратын осы құралда ең алдымен сөйлеу, сұхбаттасу әрекетіне құрылған сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер алынып, соған бейімделген мәтіндер түзілді. Жалпы, тіл үйретуде осындай минимумдарды жүйелі түрде ұсынбай, нәтиже болмайды. Оны 30 жыл бойы тіл үйретсек те, әлі күнге дейін мектептен бастап ЖОО-ға дейінгі тіл үйрету құралдарының тәжірибесі көрсетуде.
Осы әдістемелік бағытта қазақ тілін үйретудің «Тіл-құрал» және «Абай институты» порталдары әзірленіп, іске қосылғанына бірнеше жыл болды. Олар тіл үйретудің әдістемелік және технологиялық жаңа сұраныстарына сай келеді. Алғашқысы жалпыға арналған 5 деңгейлік онлайн құралы болса, келесісі шетелде тұратын қандастарға арналған тіл үйрету құралы. Осы арқылы әлемнің 30-дан астам елінде тұратын қазақтар және соларға қоса шетелдіктер қазақ тілін үйренуде.
Сондай-ақ, Орталық қазіргі кезде офлайн түрінде Иранда, Түркияда, Моңғолияда, Германияда, Венгрияда, АҚШ-та, Францияда, Ресейде тұратын қазақтарға ана тілін үйретуде және сол үшін «Қазақ тілі. Әмбебап оқулықтың» А1, А2 деңгейлері әзірленіп қолданылуда, биыл В1, В2 оқулықтары жазылып, тіл үйрету үдерісіне енгізіледі. Осыларға қоса, барлық өңірлік тіл жүргізу орталықтарына кітап, семинар, тренинг түрінде әдістемелік көмек беріледі.
Екіншіден, терминология бойынша жұмыстар Орталық республикалық терминологиялық комиссияның ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруде. Соның аясында бекітілетін терминдерге лингвистикалық сараптама жасалады, олар «Терминком.кз» сайтының «Алаңында» талқыланады. Сондай-ақ, қазіргі кезде бекітілген терминдерге кең көлемде мониторинг жүргізілуде. Соның қорытындысы бойынша термин бекітудегі олқылықтар мен жетістіктерге ғылыми баға беріліп, елімізде термин бекітудің жаңа сапалық деңгейін арттыруға ұсыныстар беріледі.
Үшіншіден, ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды атқарады. Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Орталық әзірлеген «Tilalemi.kz», «Termincom.kz», «Abai.institut», «Sozdikqor.kz», «Emle.kz», «Balatili.kz», «Tilmedia.kz», «Аtau.kz», «Тilqural.kz», «Qazlatyn.kz», «Qujat.kz», «Qazcorpora.kz» сайттарының жұмысы қамтамасыз етіледі. Ол айтуға оңай болғанмен аса үлкен жұмыс. Қазір осы сайттарды пайдаланушылардың саны 14 млн асты. Сондай-ақ, осылардың ішінде 9 сайт «Күнделік.кз» порталына орналастырылды. Бұл дегеніңіз ата-аналар мен оқушылардың күнделікті қолданатын интернет ресурсы болды деген сөз. Сонымен бірге бұл бағытта мемлекеттік тілді насихаттауға және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған бейнероликтер әзірленді және әзірленіп те жатыр. Біз осы бағытты мейлінше дамытуға, ілгерілетуге мүдделіміз. Ол қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінің талаптарымен сабақтас екені түсінікті болса керек.
Төртіншіден, баспа өнімдерін әзірлеу, шығару жұмыстары. Жоғарыда айтылғандай, Орталық өңірлік тіл үйрету орталықтарына әдістемелік көмек көрсетеді. Осы орайда, оларға жалпы әдістемеге арналған оқу құралдары, мәтіндер жинағы, т.б. еңбектер әзірленеді. Былтырдан бастап біз олардың электронды нұсқаларын әзірлеп, сайттарымызға орналастырдық. Осы ретте, Орталықтың «Әлихан Бөкейхан», «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедияларын және жалпы әлемде алғашқылардың бірі болып жарық көрген «Әліпби» энциклопедиялық анықтамылығын айта кеткен жөн.
Бесіншіден, Орталық насихат жұмыстарын жүргізеді. Тіл саясаты комитетінің бекіткен жоспары негізінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты ең өзекті тақырыптарды қамтып, БАҚ құралдарында материалдар жариялаймыз. Оған жазушылар, ғалымдар, жалпы зиялы қауым өкілдері жұмылдырылады. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына екпін берілуде.
Алтыншыдан, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарын үйлестірудің бір тармағы Орталыққа жүктелген. Соған орай бірқатар жұмыстар жүргізілді. Қазіргі кезеңде әліпби нұсқасын және емле ережелерін сараптауды ұйымдастыру жұмыстары атқарылуда.
– Бізде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша (2001-2010, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама) қазақ тіліне баяғыда көшіп кеткен болар едік. Тіпті, 2009 жылға дейін іс қағаздары мемлекеттік тілге көшеді делінді. Мақсат неге орындалмады?
– Мемлекеттік тілдің 30 жылда конституциялық мәртебесіне сай тұғырына қонбауы қазақ тіліне деген міндеттіліктің және содан өрістейтін қажеттіліктің болмауында. Билік аталған бағдарламалардың барлығын декларативті түрде жүргізіп келді. Яғни, оның шынайы түрде жүзеге асуына мүдделілік танытпады. Бұдан шығатын қорытынды билік қазақ тілін мемлекетті тұтастырушы, отаншылдық сезімді қалыптастырушы, азаматтардың өз мемлекетіне қатынасын айқындаушы деп ұғынбады. Оған жай қатынас құралы деп қарады. Бұған қоса бір мемлекетте екі тіл қатар жүре алады деп есептеді. Тіл сияқты адамның барша болмысын, сол сияқты қоғамның рухани келбетін қалыптастыратын құбылыс даралығымен ерекшеленеді.
Адам екі болмыста бола алмайтындығы секілді, әйтеуір бір тіл адамның негізгі тілі болады. Қанша тілде сөйлесе де, адамның басты тілі біреу ғана. Мемлекетте де сол сияқты. Үндістанда 20-дан астам тіл мемлекеттік деп жарияланса да хинди тілі бірінші тіл, сол сияқты Швейцарияда 4 тілге ресми мәртебе берілсе де неміс тілі бірінші тіл. Оның бер жағында кеңес дәуірінен бастапқылық орында болған орыс тілінің позициясы толық сақталып тұрғанда қазақ тілі екінші орында қала береді. Өйткені, әбден орныққан және ақпарат кеңістігі қазақ тілінен әлдеқайда ауқымды тілмен мемлекеттік тілді жарыстыруға болмайды. Бұл тұста қазақ тілін бірінші орынға көтеретін пәрменді шешімдер керек. Бұл – біріншіден.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде толық салтанат құрмауы негізгі үш саланың қазақ тілінде сөйлемеуінен және жұмыс істемеуінен. Олар: билік, БАҚ және бизнес. Бұлар жалпы қоғамның барометрлері. Халық биліктің қай тілде сөйлеп отырғанына куә, ақпараттық кеңістік қазақ тілінің пайдасында емес және еліміздегі БАҚ-тың шамадан тыс басым бөлігі орыс тілінде.
– Жақында тіл жанашыры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы министрліктерді аралап шыққанда, бірде-бір қағаздың қазақ тілінде жазылмағанына көзі жеткенін айтып еді. Яғни сыртқа шығатын қағазды ғана аудармашыға қазақ тіліне аудартады екен. Сіздердің тараптарыңыздан тексеру, ескерту бола ма? Сұраныс пен қажеттілік жоқ жерде тілдің де бәсі төмен. Билік тілі мен іс қағаздарының қазақ тіліне көшпеуінің басты үш себебін айтасыз ба?
– Бірінші себебі – жоғарыда атағанымыздай, мемлекеттік тілге тек декларативті түрде қарау, оның мемлекеттің тұтастығы үшін төтенше маңыздылығын ескермеу. Екіншісі – мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білу талабының қойылмауы. Үшіншісі – өзіміздің қазақтардың ішінде мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізуге деген ықыластың ала-құлалығы.
– Латын қарпі негізіндегі қазақтың төл әліпбиіне көшу мәселесі сөз болғалы біраз уақыт. Кезінде тұңғыш президент Назарбаев тапсырма берген соң кім көрінген жаппай жоба ұсынып кеткен еді. Тіпті, 300 жобаның ішінен жөні түзу жоба табылмағаны да айтылды. Неге?
– Кеңестік кезеңде, оның ішінде, кирил әліпбиі қабылданған уақыттан бері қазақ орфографиясында қазақ тілінің табиғатынан алшақтаған нормалар қалыптасып, әбден дағдыға қабылданған уақыттан бері қазақ орфографиясында қазақ тілінің табиғатынан алшақтаған нормалар қалыптасып, әбден дағдыға айналған. Сол себепті, ғалымдардың өзі әліпби және оның емле ережелері мәселесінде ортақ емес бірнеше пікірді ұстанады. Әлі де солай.
Мысалы, ғалымдардың бір тобы «оқу, жазу» дегенді «оқыу, жазыу» деп жазалық десе, екіншілері қазіргі норманы сақтайық дейді. Сондай-ақ, шет тілінен енген сөздерді жазу мәселесіне де пікір қайшылықтары бар.
Айталық, В таңбасын қазақ әліпбиінен алып тастап, «багон», «бокзал», «белосипед» деп жазсақ қалай болады, ойлану, пысықтау қажет. Бұл әбден зерделеуді қажет ететін мәселе. Әзербайжанның, Өзбекстанның, Түркіменстанның латын әліпбиіне көшуінде де осындай мәселелер болды, бірақ бізге қарағанда салыстырмалы түрде жеңілдеу. Өйткені, әзірбайжандар, өзбектер, түркімендер біз сияқты өзге тілге басымдық берген жоқ, бәрі өздерінің ана тілінде еркін сөйлейді, жазады. Біздегі қоғамдық, әлеуметтік мәселелер лингвистикалық мәселе тудырды.
Әлі де сондай қоғамдық, әлеуметтік мәселелер шешілмеген. Ол кирил әліпбиінен латын әліпбиіне көшкенде күрделі мәселелерге апарады. Бірнеше әліпби нұсқасы болғаны рас, бірақ олардың ешқайсысы да қолдануға міндеттелген жоқ. Бұл жағынан біз Өзбекстанның қателігін қайталаған жоқпыз. Бірнеше нұсқаның болуы, жоғарыда айтқанымыздай, қоғамда тілдік сананың әртүрлі болуынан. Біз оларды тәжірибе ретінде қорытып, қателерін қайталамай, дұрысын қажетімізге жаратуымыз керек.
Әліпби жасауға ешкімге тыйым сала алмаймыз, өз нұсқаларын ұсынатындар әлі де бар. Біз оларға түсіністікпен қарап, нұсқаларына лингвистикалық сараптама береміз. Әртүрлі мамандық иелері болып келетін ондай азаматтарға ең алдымен таңбалардың кестесіне емес, қазақ тілінің заңдылықтарына назар аударуды ескертеміз. Сонымен бірге, ондай адамдарды латын әліпбиіне көшуді дұрыс деп қабылдағандар және атсалысқысы келетін жақсы ниеттегі азаматтар деп ойлаймыз.
– Ғалымдар кез келген нәрсенің сипаты болатынын айтады. Яғни «Әліпби қандай болу керек?» деген арнайы нұсқаулық жоқ екенін тілге тиек етеді. Мұны ғылыми мекеме – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы немесе А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қабылдауы керек деседі. Егер талабы мен нұсқаулығы болса, кім көрінген бұл мәселеге басын сұқпас еді деген ойда. Бұл туралы пікіріңізді білсек...
– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Жаңа емле ережелерінің орфографиялық, терминтанымдық, әдістемелік негіздері» атты ғылыми тұжырымдама дайындаған. Мәселе, әліпби нұсқасын ұсынушылардың тіл мамандары емес, басқа мамандық иелері болуында. Әсіресе, ақпараттық технология, математика салаларының мамандары нұсқаларды көбірек ұсынады. Олардың кейбіреуі бұл мәселеге, жоғарыда жазғанымыздай, әліпби түзуге ғылыми-лингвистикалық тұрғыдан емес, схемалық тұрғыдан келеді. Әліпби тек таңбалардың тізбегі емес, оның аржағында тұтас тілдің емле ережелері бар, жазу заңдылықтары бар, ең алдымен осыны ескеру керек деп ойлаймыз.
– Шын мәнінде, ғалымдардың көбі А.Байтұрсынұлының 28 дыбыстан тұратын қазақ әліпбиінен артық әліпби жоқ екенін айтады.
– Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі 24 таңбадан тұрады. Ол қазақ тілінен 28 дыбысын осынша таңбаға сыйдырған. Ұлт ұстазының әліпбиі араб графикасы негізінде жасалған. Яғни, Ахаң осы жазудың дәстүрлерін ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негіздеген.
Біз латын әліпбиіне көшкіміз келеді. Араб әліпбиі мен латын әліпбиінің таңбалау заңдылықтары мен принциптері бірдей емес. Мысалы, Ахаң дәйекшіні қолданған, латын әліпбиінде умлаут, бревис тағы да басқа диакритикалық белгілер бар. Сондықтан, әліпби түзуде сол әліпбидің ерекшеліктеріне де мән беруіміз қажет.
Бұл жерде әңгіме фонетика жөнінде емес, графика жөнінде. Латын әліпбиі қазір әлемнің негізгі әліпбиіне айналды. Оның дүниежүзіндегі үлесі 36 пайыз, араб әліпбиінің үлесі 11 пайыз, кирил әліпбиінің үлесі 4 пайыз. Түркі халықтарына келсек, 56 пайыз латында, 25 пайыз арабта, 17 пайыз кирилда, 1-2 пайыз басқа әліпбилік жүйелерде. Латын әліпбиі халықаралық жүйелердің, ұйымдардың, жаңа технологиялардың, бизнестің, ғылымның негізгі әліпбиі екендігі де көпшілікке белгілі және оның үлесі көбеюде. Сондықтан қазақ тілін осы әліпбиге көшіру – бүгін мен болашақтың қамы. Әлбетте, әліпби түзуде, емле ережелерін әзірлеуде Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдістемелік қағидалары басшылыққа алынуы тиіс.
– Биыл тіл ғалымы, ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл. Мерейтойды пайдаланып А.Байтұрсынұлы, басқа да ұлылардың бай мұрасын түгендеуге бола ма? Қандай шаралар өтіп жатыр?
– Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш қозғалысының рухани көсемі, тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме ғылымдарының, қазақ баспасөзінің негізін салушы, ұлттық ғылыми мектептің көшбасшысы, Жаңғыру дәуірінің жаңа дәстүрдегі жазба әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Сонымен бірге кеңестік кезеңде ұлт автономиясын жариялау, оның шекарасын межелеуде шешуші тарихи рөл атқарған осы еңбегі арқылы қазіргі Қазақстанның дербес мемлекеттілігінің де бастауында тұрған теңдессіз тұлға.
Мерейтойлық шараларға келсек, Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл-Қазына» орталығы Мәскеу, Петербор, Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларына Ахмет Байтұрсынұлының және жалпы Алаш зиялыларының еңбектерін және оларға қатысты материалдарды іздестіруге барып келді. Оның қорытындысын жыл соңында жариялаймыз. Себебі, архив құжаттары бірден қолға берілмейді.
Мысалы, Мәскеу мен Петербордан табылған материалдар қазан айында ғана жіберілмекші. Ғылыми экспедиция қорытындысы бойынша жинақ әзірленеді. Сонымен бірге, Орталық Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларын қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде ғылыми түсініктерімен әзірлеп, баспадан әрқайсысын жеке том ретінде шығарады. Мерейтойға арналған қазір еліміздің барлық өңірлеріне таралған брендбуктың Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен біздің Орталықтың әзірлегенін де айта кеткен жөн деп ойлаймыз. Бұларға қоса әртүрлі ғылыми, әдістемелік және көпшілік шаралар ұйымдастырып келеміз. Орталық ғалымдары мен мамандары Астанада және елімізде, шетелде өткізілетін мерейтойлық шараларға да қатысуда.
Қазір ұлт ұстазына арналған арнайы сайт дайындалуда. Оған Ахмет Байтұрсынұлының барлық еңбектері, өмірбаянына қатысты деректер, ол туралы жазылған еңбектер топтастырылады. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлтымыздың рухани тарихында да, азаматтық, саяси тарихында да аса көрнекті орынға ие болатын тұлғаны тану тек мерейтойда ғана емес, үнемі жалғасты болуы керек. Себебі, Ахаңды тану – өзімізді тану, оның қайраткерлік күресін және шығармаларын білу біздің елшілдік ұстанымымыз бен сезімімізді ұштайды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
https://nege.kz/news/science/erbol_tileshov_bilik_bak_zhane_biznes_kazak_tilinde_soilemei_otir_20220920134139