АШЫҚ ЕСІК КҮНІ: «ҚАЗАҚШАҢЫЗ ҚАЛАЙ?»
2022 жылғы 22 қыркүйек күні Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Қазақша үйрен» оқу орталығымен бірлесіп «Қазақшаңыз қалай» атты ашық есік күнін ұйымдастырды.
Шараға қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан азаматтар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер, өнер, коммуникация, журналистика т.б. салалардың мамандары мен «Қазақша үйрен» орталығының тыңдаушылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақ тілін үйренгісі келген әр азаматты ынталандыру, қолдау көрсету мақсатында шара еркін форматта, ашық сұхбат түрінде өтті.
Тіл саясаты комитеті Әдістеме басқармасының басшысы ф.ғ.к. Айнагүл Көкен және «Тіл-Қазына» ҰҒПО атқарушы директордың орынбасары Лиза Есбосынова Қазақстандағы тіл саясаты, қазақ тілін оқыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, тіл үйренушілерге әдістемелік кеңес берді.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО Әдістеме басқармасының басшысы ф.ғ.к. Жазира Искакова қазіргі қазақ тілінің әдістемесінің жетістіктері туралы баяндады. Қатысушылар өздерін таныстырып, қазақ тілін үйренудегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар «Тіл-Қазына» ҰҒП орталығының ғылыми қызметкері Айгүл Орманова қазақ тіліндегі ІТ жобалар мен оқулықтарды таныстырып, олардың практикалық маңызына тоқталды. «Қазақша үйрен» оқу орталығы оқытушылары Айгүл Даден, Ардақ Әбилдинова шеберлік сабағын өткізді.
- Мұндай тақырыптағы шара бірінші рет өткізіліп отыр. Қазақ тілін үйренушілермен бір үстелдің басында сөйлесудің тиімділігі жоғары екеніне көз жетті. Қатысушылар тіл үйрену барысындағы тәжірибелерін ортаға салды. Болашақта қандай бағытта жұмыс істеу, қандай мәселеге көбірек көңіл бөлу керектігін айқындай түстік. Қазіргі күнде ересектер арасында қазақ тілін үйренуге қызығушылық анағұрлым артты. Біз әрбір тіл үйренушіге әдістемелік көмек беріп, мұндай шараны жиі өткізетін боламыз,- деді Тіл саясаты комитеті Әдістеме басқармасының басшысы ф.ғ.к. Айнагүл Көкен.
Шара соңында қатысушыларға «Қазақша үйрен» оқу орталығының жеңілдік сертификаттарын және «Тіл-Қазына» ҰҒПО әдістемелік оқу құралдары мен қосымша материалдарды тарту етті.
Қазір қоғамда қазақ тіліне деген сұраныс пен қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс күн санап артып келеді дейді қатысушылар:
Екатерина Ридель, жиһаздар үйінің сатушы, кеңес берушісі:
- Қазақ тілін үйренуді енді ғана бастадым. Сатып алушыларға қазақша жауап бере алмау ыңғайсыздық тудырады. Мемлекеттік тілде еркін қызмет көрсетім келеді.
Ольга Джулдиева, "Формат" тобының музыканты:
- Музыка саласының мамандарына тіл міндетті түрде білу қажет, себебі біз әр шығарманы ойнайтын кезде мағынасын түсіне білуіміз қажет. Арманым - Шәмші Қалдаяқов әндерін, Мұқағали Мақатаевтің сөзіне жазылған әндерді меңгеру.
Наталья, тіл үйренуші:
- Мен айналамдағыларды түсінгім келеді. Қоғамдық орындарда қазақша сөйлескім келеді. Мен жақында тойларда 3 рет қазақша тост айттым, маған бәрі құрмет көрсетті. Қазақша сөйлесең, қазақтар өте қатты сыйлайды.
Айта кетерлігі, «Қазақша үйрен» тіл үйрету орталығы алғашында жұмысын онлайн бастаған, кейіннен сұраныстың көптігіне байланысты Астана қаласынан орталық ашып, қазіргі күнде 2500-ден астам қазақ тілін үйренушілерді қамтып отыр.