ТІЛ МӘСЕЛЕСІ СӨЗ БОЛДЫ
2022 жылғы 27 қыркүйек күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Л.Есбосынова Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» форумында тіл мәселесі төірегінде ой қозғады.
«Тәуелсіздік жылдары ана тіліміздің екінші тынысы ашылып, мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейе түсті. Бұл өз кезегінде қазақ тіліне қоғамның барлық саласындағы мұқтаждықты өтеу міндетін жүктейді. Ал мұны жүзеге асыру жолында туындайтын мәселе жеткілікті. Ұлт ұстазының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі шығар күндей шындық, даусыз ақиқат. Сол себепті осы орайда атқарылар жұмыс көлемі ауқымды, сан тарау болып келеді. Бас қосуда көтерілген мемлекеттік тілді өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз бен дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздарға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналдыру төңірегіндегі пікір-ұсыныстар тәжірибеде қолданылуымен құнды»,– деді Лиза Қожаққызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мемлекеттік маңызға ие мемлекеттік тіл мәселесіне арналған бұл форум азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық пен түрлі эстностарды бауырына басқан еліміздегі ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қоспақшы.