ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ
2022 жылғы 27 қыркүйек күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Искакова Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде өңірлердегі әскери бөлімдердің қазақ тілі мамандарына «Қазақ тілі сабақтарында оқытудың инновациялық түрлерін қолдану» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.
«Қазіргі таңда қазақ тілі білім мен ғылымның тіліне айналды. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштерінің мемлекеттік тілде сөйлеуі әбден заңды құбылыс. Оның үстіне, Армия – қазақ тілін үйренудің құнарлы ортасы. Аға буын өкілдері біледі, Кеңестік кезеңде бір ауыз орысша білмейтін басқа ұлттың балалары әскерден орыс тілін тым-тәуір біліп оралады екен. Қазақстандық отансүйгіш жастардың басын құрайтын ортаның қазақ тілін үйренуге әсері мол болмақ. Біздің міндетіміз ана тіліміздің ардақты мәртебесіне оқытудың отандық инновациялық әдістемесін үйрету»,– дейді Жазира Мақсұтқызы.
Дәріс барысында Қоғам әзірлеген қазақ тілін оқыту мен үйретуге арналған мобильдік қосымшалар мен сайттардың жұмысы таныстырылды. Сол сияқты инновациялық оқыту түрлері туралы сөз болып, соның ішінде замануи талаптарға сәйкес мақсатты түрде бағдарлама әзірлеу жолдары көрсетілді. Тыңдаушылар бірнеше топқа бөлініп, тіл үйретушімен бірлесе жұмыс жасады, оларға кроссенс әдісі үйретілді.