АҚАҢ ЕСІМІ ПАРИЖДЕ АСҚАҚ ЕСТІЛУДЕ
2022 жылғы 4 қазан күні ЮНЕСКО аясында Париж қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» атты дөңгелек үстел өз жұмысын бастады.
Бұл ақжолтай хабар туралы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Ербол Тілешов Франциядан телефон арқылы айтты.
«Атыңнан айналайын Ақаң есімі жыл басынан бері кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде күн құрғатпай мақтанышпен аталынып жатса, бүгін Париж төрінде асқақ естілуде. Қазақстандық делегация ерекше тебіреністе жүрміз. Ұлы адамның талайғы тар жол, тайғақ кешулерін еске алғанда, шынында еріксіз толқиды екенсің. Кемеңгер тұлға үшін кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. «Ахмет Байтұрсынұлы және Мұқтар Әуезовтің ғылыми танымы: сабақтастық пен ұқсастық» деген тақырыпта баяндама жасауға дайындық үстіндемін», – деді ол.
Халықаралық шарада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметі және көзқарастары» туралы баяндама жасаса, Германия елінен саясаттану ғылымдарының докторы Әбділқаюм Кесіжі «Тіл деген – ұлт деген сөз; Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ұлтын халықаралық картаға қалай орналастырды?» деген тақырып төңірегінде ой өрбітті.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС Бас директоры, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Диқан Қамзабекұлы «Алаш мемлекеттілігі және Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы» деген тақырыпта сөз қозғаса, ал Түркия елінен келген Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің профессоры, доктор Хулия Касапооғлы Ченгел «Ахмет Байтұрсынұлы: қазақ авторлары қайда және қалай пайда болды?!» деген сұраққа жауап іздеді.
Ұлт ұстазының: «Оқусыз халық қанша бай болса да – біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді», – деп жазғаны бар.
Ал болашаққа қалдырған мұрасы – ұрпағына аманаты іспетті.
Жылдар жүзінде алғаш рет жарық көріп отырған «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» атты қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде төрт кітаптарының тұсауы осы төрткүл дүние бас қосқан дүбірлі бас қосу барысында кесілді.