ӘЛЕМ РУХАНИЯТЫНА ТАРТЫЛҒАН СЫЙ

06.10.2022

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ЮНЕСКО аясында Париж қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ РЕНЕССАНСТЫҚ ӨРКЕНИЕТ» ғылыми конференциясында «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде) кітабының тұсауы кесілді. Осы еңбектерді дайындау барысы туралы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыхан Нұруллақызы Айтова ой бөліседі.

Жарияланым автордың әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды.

Биыл ұлт Ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр. Әу баста-ақ осы айтулы мерекеге дақпыртсыз, даңқсыз, дабырасыз, ел мүддесіне жарарлық, Ұстаздың өзі ұсынғанындай ұсталықпен бір үлес қоса алсақ қой деп армандадық. Сөйтіп «Тіл-Қазына» ҰҒПО ұжымы болып ойласып, идеяларымызды ұсынып, оны респубикалық деңгейде өтетін ісшаралар тізіміне қосуға баптап, жараттық. Соның бірі әрі бірегейі автордың таңдамалы еңбектерін төрт тілде – қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілдерінде жариялау еді. Батпандай ауыр жүкті арқалап алғанымызды салмағынан емес, санамызды паршалап, сабырымызды сынап, білімімізді бүтіндегенде бір-ақ білдік. Межеленген мерзімі де күйіп тұрған еді. Жаратқаннан абырой мен күш-қуат, аруақтан медет сұрап, «көз қорқақ, қол батыр», «нар тәуекелмен» істі бастап кеттік. Әп дегенде жүрегі дауалап, «осыны мен аударайын» деген кісі табу да машақат болды. Ниеттенген аудармашылардан сынақ алып, осықалайын таңдап, бір ұядай қып біріктіріп, ісіміздің ұлы жобасын жасап алдық. Ең әуелі жинаққа енетін еңбектері сұрыпталып, оның қай бөлігін алатынымызды кеңесіп шештік. Таңдамалыға «Оқу құралы», «Тіл құрал», «Әдебиет танытқыш» сияқты тілтану, әдебиеттану саласындағы іргелі ғылыми еңбектері мен оқу әдістемелік құралдарынан үзінділер, таңдаулы мақалалары, хаттары және терминдерінің аталымдық тізбесі енгізілді. Келесі кезекте, қазақша әзірленген кітаптан терминдер мен автор қолданысындағы, сол заман сөйленісіндегі лексикалық бірліктерді тізіп шығып, оған ағылшынша, түрікше, орысша, баламаларын берудің өзі оңайға түспеді. Қазақтың тілтану саласындағы маңдайалды ғалымдарымен кеңесе отырып, оны да түзіп шықтық-ау (сөздік үшін Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры @Жантас Жакупов пен әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры Ләйла Мұсалыға ерекше рақмет!)

Кітапты құрастырғандар филол.ғ.к. Е.Тілешов, филол.ғ.д., профессор Жұбай Орынай, филол.ғ.м. А.Қадырхан. Жауапты редакторы – филол.ғ.к., доцент Н.Н.Аитова.

Түрік тіліндегі аударманы Түркия Республикасы, Ататүрік университеті Түркологиялық зерттеулер институтында түрік тілі білімі бойынша ғылым докторы, аудармашы Aşur Özdemir, орыс тіліне Абай ат. ҚазҰПУ профессорлары филол.ғ.к. Гульнур Байшукурова мен филол.ғ.к. Ақерке Іргебаева, ағылшын тіліне Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ оқытушылары PhD Ainur Tolybay (Баекеева) және PhD Ақнұр Төлеубаева, аға оқытушы Gaukhar Khalyk, орыс тілінде жазылған мақала, баяндамаларды Ж.Жақыпов, Е.Тілешов аударды. Аудармашыларымыздың ерен еңбегі сол – Ахмет Байтұрсынұлының тілін түсініп, ойын жеткізуге бар күш-жігерін салып, ізденіп, әр сөзіне жауапкершілікпен қарап, өз өзектерінен өткізе білгені. Оқырман – сыншы. Әрине, міні де бар шығар, сыны да айтылар, десек те олар бізбен тығыз бірлікте, өзара сауалдарын қоя отырып, тіпті күмән тұстарды Ахмет бабамыздың түпнұсқа еңбектерімен салыстыра қарап отырып орындаған еді.

Құрастырылған, аударылған мәтіндерді түзету, өңдеу жұмыстарын жүргізген бір топ мамандар – филол.ғ.д., профессор, Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ Жантас Жақыпов, PhD, Болгария Республикасы, Sofia университеті профессоры David Mossop Bulgarian Translator (David Mossop), PhD, Түркия Республикасы, Ардахан университетіндегі түрік тілі маманы Өмер Кучукмехметоғлы, Астана халықаралық университетіндегі филол.ғ.к. Талғатбек Абжаков, Астана ІТ университеті профессоры, филол.ғ.к. Сабира Сапина, аудармашы-филолог Ақбота Қамаш, Мөлдір Бақытқызы, сондай-ақ «Тіл-Қазынаның» орфография басқармасы мамандары филол.ғ.к. Гульназ Токенова, филол.ғ.м. Almazhan Kadirxan докторант Dana OspanovaЖансая Бахытбеккызы бұл жұмыстың еңсерілуіне зор еңбек етті.

Кітапты баспаға жіберу үшін сараптап, сын-пікір жазған тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Мәмет Қойгелдиевке, әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры, филол.ғ.д. Анар Бек -Анар Салқынбайға, Біріккен Араб Әмірліктері Шарджадағы Американ университетінің ағылшын тілі маманы, рrof. Dr., Tharwat El-Sakranға- Tharwat Elsakran, С.Торайғыров ат. Павлодар университетінің профессоры, филол.ғ.д, Ришат Саурбаевқа, Түркия Республикасы Еге университеті профессоры, доктор Mustafa Önerге, Түркия Республикасы Мугла Сыткы Кочман университеті профессоры, доктор Кенан Кочқа, Беларусь Республикасының ЖАК Президиумының мүшесі, П.М.Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университеті профессоры, филол.ғ.д., Валентина Масловаға, «Тұран-Астана» университеті профессоры, филол.ғ.д. Клара Абишеваға кітапты оқып, баға бергендері үшін зор алғыс білдіреміз. Сонымен бірге осы жұмысты бастарда жақсы аудармашылардың байланысын жіберген шетелде білім алып жүрген ғалым қызымыз Gulshat Bakytjan -Гүлшат Түсіпке, аудармашылардан тест алуда эксперт болған мамандарымызға, осы іске титтей жәрдемі болған барша жанға рақмет жаусын деп тілейміз.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері тұңғыш рет аударылып отыр. Осы уақытқа дейін өз құшағымызға қысып, өз түйсік-танымымызбен насихаттап, өз қажетімізге ғана тұтынылған бұл білім көзі енді әлем руханияты қазынасына құйылып, адамзат мәдениетіне қызмет етпекке жол тартты.

Кеше ғана 4 қазанда ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен мерейтойда тұсауы кесілген «Таңдамалы шығармалардың» ғайыптан 1 қазан күні ұлт Ұстазын ұлықтаған өз туған топырағына тартып, Торғай жерінде таныстырылғанын, өзінің мұрағат үйіне апарылғанын да кездейсоқ дей алмаймыз. Адам жоспарлайды, Жаратушы нәсіп етеді.

Бұл еңбек үшін барымызша жұмылып, сарқыла іс қылуымыздың мәні біреу ғана – ұлт Ұстазы мұрасына адалдықпен қызмет қылу, озық мәдениеттіге рухани қазынамен үлесуге ұмтылу, шекесінен қараған, қазақ адамына надандық жаласын қиып салып, жалған қиянатқа қиған озбырға тосқауыл болу.

Бұл еңбектің басы-қасында жүріп өстік, қазақ тілінің шұрайына, терімсөздерінің бірегейлігіне, ілімінің өміршеңдігіне тәнті болдық.

Ойымды сарапшы Prof. Dr. Tharwat Elsakran сөзімен қорытындылағым келеді: «Most importantly, the translation reads smooth and informative. This text is an excellent resource for people who want to know and gain details on the development of Kazakhstan. My heartfelt congratulations to all those behind the appearance of this beautiful book. With my best regards and wishes».

Төрт тілдегі «Таңдамалы шығармалардың» әлем мәдениетіне сапары оң болсын!

Аруағың риза болсын, Ұлт Ұстазы!

Алаш арыстарының рухы асқақтай берсін!

Комментарии (0)
Оставить комментарий