ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ ҚҰЛШЫНЫС АРТТЫ

19.10.2022

Cоңғы жылдары қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстың арта түскені байқалады. Әрине, оның басты себебі қазақ халқы санының өскендігі. Қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін, ана тілінде сөйлеп, жазатын азаматтар қатары өскен сайын тілге деген сұраныс та, талап та арта түсері анық. Бұдан бөлек, бүгінгі күнде қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы жоғары өзге ұлт өкілдерінің қатары да күн санап өсіп келеді.

Бұл – оң бетбұрыс. Тіл үйренуге деген сұраныстың артуын кейінгі кезде қазақ тілін үйрететін жекеменшік орталықтар мен курстардың көптеп ашылып жатқанынан, ақылы негізде тіл үйретемін дейтін репетиторлар қатарының да өскенінен де байқауға болады. Бір кездері қазақ тілін үйретушілер қатары саусақпен санарлық, ағылшын немесе басқа тілдерді үйрететін жекеменшік курстар қатары көп болса, бүгін елімізде қазақ тілін үйрететін жекеменшік курстар қатары мыңнан асты. Басқаша айтқанда, сұраныс бар жерде ұсыныс та бар.

Бұдан бөлек республика аумағында Мемлекеттік тіл оқыту орталықтары да жыл сайын мыңдаған азаматтардың қазақ тілін тегін үйренуіне жағдай туғызып отыр.

Өткенімізге үңілсек, 2000 жылға қарай республика бойынша тек Шымкент қаласында ғана 1 орталық жұмыс істеген екен. Бүгінгі күнде Мемлекеттік тіл оқыту орталықтары қатары 111-ге жетіп отыр. Биыл Ақмола облысының Қосшы қаласында, Атырау облысында және Жамбыл облысының Қордай ауданында орталықтар ашылды.

Жалпы, тілге қатысты мемлекеттік бағдарлама аясында 2011 жылдан бастап осындай орталықтар арқылы 692 390 адам қазақ тілі курстарынан өткен. Оның ішінде 343263 (54,6%) этнос өкілдері болса, басым көпшілігі орыс ұлтының азаматтары екенін атап өткен жөн.

Тек былтырғы 2021 жылдың өзінде 51915 адам мемлекеттік тілді тегін оқып, сертификаттар алды. Оның ішінде:

- тілдерді оқыту орталықтарында 35697 адам оқыса, олардың басым бөлігі Қостанай облысынан (6760 адам);

- орталық атқарушы органдарда 5759 адам оқыса, оның басым бөлігі ҚР Ішкі істер министрлігінен – 4472 (77,6%);

- этномәдени бірлестіктерде курстармен қамтылған 7749 адамның 2939-ы Жамбыл облысынан.

Сондай-ақ, ұлттық компанияларда 2710 адам қазақ тілін оқыған. Оның 2399-ы (88,5%) «Қазақтелеком» АҚ-дан. Бұдан бөлек Тіл комитеті қазақ тілін өз бетінше үйренуге ынталы азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге арнайы 12 IT өнімді жасап ұсынды. Мәселен қазақ тілін өздігімен үйренушілерге арналған «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute» сайттары, тілдік сауаттылықты арттыруға бағытталған «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz» сайттары, барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» және ономастикалық «Atau.kz» базасы көпшіліктің сұранысына ие.

Сондай-ақ еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін «Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) ұлттық порталы әзірленді.

Тіл саласына қатысты өзекті ақпараттар тұрақты негізде «Tilalemi.kz» сайтында жарияланып отырады. Сайтта түрлі байқаулар, әдістемелік материалдар, жаңалықтар және т.б. ақпаратпен танысуға болады.

Жалпы, қолданыстағы бұл өнімдердің барлығы мемлекеттік органдардың интернет порталына (ИПГО), Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай білім беру порталы «kundelik.kz»-ке, орталық атқарушы органдардың (барлығы 700-ден аса) gov.kz ресми парақшаларына, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Жоғары сотының, 30-ға жуық жоғары оқу орындарының, ҚР Ұлттық кітапханасы мен әл-Фараби атындағы кітапхананың, т.б сайттарына орналастырылды.

2021 жылы 22 мыңнан аса оқытушыға осы порталды таныстыру жұмысы жүргізілсе, биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, Парламентте, орталық атқарушы органдар мен ұлттық компанияларда кездесулер ұйымдастырылып, өз бетімен тіл үйренуге болатын аталған ІТ өнімдер кеңінен таныстырылды.

 

Әділбек ҚАБА,

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Тіл саясаты комитетінің төрағасы

 

(Мақала автордың әлеуметтік желідегі

жеке парақшасынан алынды)

Комментарии (0)
Оставить комментарий