МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
2022 жылғы 22 қазан күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Ербол Тілешов ұжымды Мемлекет басшысының Жарлығымен ұзақ жылдардан кейінгі үзілістен соң, алғаш рет атап өтіліп жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтады.
Белгілі ғалым Ербол Ердембекұлы айтулы мерекенің маңызына тоқтала келіп, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап көрсеткендей, 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақстанның егемендігі туралы декларация еліміздің мемлекет құру жолындағы тұңғыш тарихи қадамының символы болып табылады. Тәуелсіздік жолындағы ұлы жорықта Ұлы Даламызда «қара тер ағылды, қызыл қан төгілді». Елім деген ерлер «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады», «өзінен туған жас бала сақалы шығып жат болғанша» шаңды да қанды жорықта жүрді. Рухы биік халық қиынға қайыспайды, ауырға мойымайды емес пе?! «Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айырылады» демекші, шетсіз-шексіз ұлан-байтақ атамекенімізді аман-есен сақтап қалған асқақ рухымыз болатын. Даңқты датаны ұлттық мереке дәрежесінде атап өтудің мәні зор, әрі әділ және тарихи шешім болды», – деді.
Мерекемен байланысты Қоғамның атқарушы директорының орынбасары Лиза Есбосынова еліміздің білім мен ғылым саласында адал да абыройлы еңбегі және жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, Тіл саясаты комитетінің Құрмет Грамотасына Әдістеме басқармасының басшысы Жазира Искакова, Редакциялық баспа басқармасының менеджері Серік Аманов, шаруашылық маманы Арнагүл Балташева, Ақпараттық технология басқармасының менеджері Жанар Байділдиналар ие болды.