БІЗ – АЛАШТЫҢ ҰРПАҒЫ
2022 жылғы 28 қазанда Астана қалалық Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында семинар форматында өткен кездесу сабағының тақырыбы осылай деп аталады. Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы Алаш идеяларын мектеп тәжірибесінде іске асыру және олардың еңбектерін жас ұрпаққа кеңінен ұғындырып, дамытуды мақсат еткен бұл іс-шараға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы, ф.ғ.к. Жазира Мақсұтқызы Ысқақова қатысты.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мынадай өсиет сөз қалдырған: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!". Сондықтан, біздер, ұстаздар қауымы Алаш зиялылары аңсаған ұрпаққа тәрбие мен білім беруде ұлттық құндылықтары бойына сіңген Жаңа Қазақстанның болашақ тұлғаларын қалыптастырудамыз. Бүгінгі шарамыз соның бастамасы деп ойлаймыз», - деді Нұрша Алжанбайқызы өз сөзінде.
Мектеп директоры Ұлболсын Бекмырзақызының айтуынша, осы төл технологияны қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, тарих пәндерінде қолданудың арқасында мектептегі білім сапасы 78%-ға көтерілген екен. Жетпіс екі оқушы халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініпті.
Жазира Мақсұтқызы мектеп басшысы мен бір топ ұстаздарға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Орталықтың Алғыс хаттарын табыстады.
Рухани-танымдық білім кеші күмбірлі күй мен әуезді әнге ұласты.