ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ БЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ПРАКТИКУМЫ

09.11.2022

9 қараша күні Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасы «Қазақ тілін оқытудағы белсенді әдістер мен технологиялардың практикумы» екі күндік республикалық семинарын бастады.

Онлайн форматта өткен семинарға мемлекеттік тілді оқытатын Орталықтардың және шетелдік оффлайн/онлайн қазақ тілі курстарының оқытушылары, қазақ тілін ересектерге үйретіп жүрген жеке мамандар, ЖОО, колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдерін қамтыған 300-ге жуық адам қатысты. Онлайн семинар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның кіріспе сөзімен басталды.

М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Жоғарғы гуманитарлық мектебі жалпы білім беру пәндер департаментінің профессоры Дүсіпбаева Қарлығаш Советқанқызы «Қазақ тілін Т2 оқытудың креативті әдістері» атты баяндамасында, қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың ерекше әдістерінде тоқталды. Әлеуметтік желідегі «Tik Tok», «Instagram» секілді платформаларды, нейрогимнастиканы, әр түрлі ойындарды тіл оқытуға пайдаланып жүрген маманның креативті әдістері оқытушылар мен тіл үйренушілердің қызығушылығын туғызды.

«Қазақ тілін шетелдіктерге және шетелдегі отандастарға үйретудің ерекшеліктері мен әдіс-тәсілдері: А1, А2 деңгейлері бойынша» тақырыбында Мажарыстанның Будапешт қаласынан баяндама жасаған Этвош Лоран университетінің қазақ тілі оқытушысы Айдана Мұратқызы тың тәжірибесін тыңдаушылармен бөлісті. Мажарыстандағы қазақ тілінің ерекшеліктері, қазақ тілі және оны шет тілі ретінде оқытудың кейбір ерекшеліктері туралы айта келіп, тіл оқытудың қызықты тәсілдерін таныстырды. Мажарыстанда қазақ тілі шет тілі ретінде ғана емес, атаулы аудиторияларда ана тілі ретінде де оқытылады. Оның тыңдаушылары Мажарыстанға жыл сайын оқу мақсатында келетін 250-ден астам қазақ студенттері мен жұмыс істеуге келген шетелдік қандастарымыз. «Шетелдіктерге қазақ тілін үйрету үшін ең алдымен үйренушілерге қызығушылық тудыра білу керек. Тіл үйретудің кіріспесі «қазақ ұлты қандай ұлт», «қазақ тілі қандай тіл» тақырыптарын қамтуы тиіс. Оларға тіл үйрету барысында қазақ ұлтының мәдениетін де насихаттай білуіміз керек» дейді маман. 

Мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту үшін өз үлесін қосатын айтулы шара 10 қараша күні де жалғасын табатынын еске саламыз.

Комментарии (0)
Оставить комментарий