ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ СЕМИНАРЫ ӨТЕДІ

21.11.2022

2022 жылғы 23 қараша күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының жылдық қорытынды семинарын өткізеді.

Ашық ақпараттық кеңістіктің әсерінен шеттілдік терминдердің көбейіп келе жатқаны даусыз ақиқат. Жыл сайын салалық терминдер лингвистикалық сараптамадан өткізіліп, Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілуде. Әйтсе де терминдер жүйесін жетілдіру мен біріздендіру тұрғысында мәселе жеткілікті. Тек соңғы жиырма төрт жылда шеттілдік терминдердің үлес салмағы 25%-дан 70%-ға дейін өскен. Сондықтан терминдердің дерекқорын толықтырып, автоматты жүйеге түсіру үшін бекітілген терминдерді қайта қарап, мониторинг жасау қажеттілігі де кезек күттірмейтін іс. Міне, осыған байланысты мониторинг жобасы қолға алынған. Басқосу барысында жобаның алғашқы жылғы қорытындысы шығарылмақшы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу жұмысының нәтижелері» туралы айтса, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті, Жобаларды басқару институты, Қазақ және орыс тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Сейсенбекұлы Жонкешов «Мониторинг жүргізу барысындағы қиындықтарға» назар аудармақшы.

Жобаның тәуелсіз сарапшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының мәселелері» жөнінде баяндаса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Сабира Сағынбекқызы Исакова «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу бойынша ұсыныстарын» жеткізеді деп күтілуде. Сондай-ақ «KazDevLab» ЖШС бағдарламашы Перизат Абдураимова «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу бағдарламасының сапалық көрсеткіштері» төңірегінде ой өрбітеді.

Қорытынды семинар барысында елімізге белгілі ғалымдар мен тіл жанашырлары күн тәртібіндегі мәселе бойынша өздерінің түйінді ой-пікірлерін ортаға салатын болады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий