ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗГЕШЕ МІНЕЗДЕРІ

19.12.2022
Газета жүзінде қазақтың һәр­­түрлі кемшіліктері түр­ті­ліп жазылып жатыр. Мысалы: ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқ­тылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ, бұлар әр міннің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек. Қазақтағы неше түрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі не­гізгі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын ешкім қол­ға алып, мәтбұғат жүзінде қоз­ғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың есіне салып, жүректерді қыздыруға сөз бас­тап отырмыз. Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен. Рас, бұл уақыттағы ұйымшылдық кү­ні үшін болса да, жүре-бара бет түзеп, қалып алатын сүреңі бар сияқты еді, естуімше (Әрине, халық болған соң түгел самдай, мұнтаздай деуге келмейді, надандық уысында талай оқшау мінездер болған, оған орын беруді артық деп білеміз).

Ол қылықты түсініп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап ке­туге ық­тимал еді, бірақ, қожа, мол­да, ишандардың схо­­лис­тик (алық) ғылымын та­­ра­­тып, елдің ойын, рухын, қол-аяғын кісендеп, бір ке­сімді тар жолға тығып, адам­шылықты тағдырдың қа­­зы­ғына кылқылдатып бай­ла­ды да қойды. Түсінгенше қа­заққа дін де оп-оңай сіңіп кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұратын азулы, айдынды хан сықылды бір күш керек еді, халықтың бақытсыздығына қарай жақсы­ның сиреген кезінде күш кетіп, мынадай соққы жолықты. Қа­зақтың ұлттық қалпы өз­герілді. Тірлігі, мақсұты бас­қа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қа­заншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті. Қазақтың тұрмысы өзгер­ді. Киіз үйде қыстап, суық­­қа шынығып, қуатты, қай­ратты денелі өсетін қазақ, та­залығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі кө­терілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті адамның есімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мы­салы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл – бір. Екінші, сол уақта, өзі сүйрете алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлт­тай қоршап, халықты ас­­таң-кестең қылып, өзді-өзі­мен атыстырып, көзді шел қаптады. Күннен-күнге өрші­ген қалың сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз, міне – осы күнгі. Партиядан тарайтын фітнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық (оны) қайта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл. Енді «дін» жағымызға не келтірді? Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, ант­қор еместік, құдайдың атын жеңілге сал­мау­лық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран де­ге­ніңіз бержебайшының ісін­дей қадырсыз. Құдайға қылған құл­шылық, қайыр-садақа пар­­­тияның бірімсегіне жүріп ке­­теді. Дінге келген кемшілік осы. Енді қазақтың мінезіне (ах­лаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұя­сы­нан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы – жалғыз ғана басы, құлқыны. Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бір­лікшілміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер та­была қоймас, алтыбақандық, қа­занбұзарлыққа мақ­тансақ мақ­танайық. Сүйтіп, ұсақтап келіп, жау­жүрек батырларымыздың ба­тырлығы ауыл-үйдің малын ұр­лауда қалды. Бұрынғы би­лер­дің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқы­ғандарында да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «ұлтым», – деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды. Сайып келгенде, қазақта қа­лып тұрған өзгеше мі­нез­дер: тілі айтқанды қолы қыл­майтын – тұрақсыздық, ұйым­сыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқы­­­ғандар ендігі жас ба­ла­ларға өздері үлгі болып, на­дандықтан шығарып, адам­шы­лықтың жарық жа­ғына сүйреуге міндетті. Со­ларға қа­­­зақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жү­рекпен кемшіліктерге қар­сы тұрып, бірлік жібіне жармасуларынан басқа не тілей аламыз.

Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/25115

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру