Араб, латын және кирилл қаріптеріне қалай өттік? Қазақ әліпбиінің тарихы

20.01.2023

Қазақ тілі латын әліпбиіне көше ме, жоқ па? Біраз уақыт бұрын ғана бұл мәселе БАҚ беттерінде көтеріліп, қоғамда қызу талқыға түсіп, табан асты көтеріліп, сол бойда ұмытылып отырды.

Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы (2018 жылы «Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» болып қайта құрылды. -ред) бірнеше нұсқа ұсынғаннан кейін қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесінің қиындықтары басқа арнаға ауысып, қазақ тілінің орфографиясына тұйықталды. Ал қоғамды алаңдатқан басты мәселе қазақ тіліне ғана тән тоғыз (жаңа әліпби бойынша сегіз) әріптің "тағдыры" еді.

20 ғасыр басында қазақ тілі араб графикасынан латын әліпбиіне ауысқан кезде мұндайды бастан бір өткерген болатынбыз. Латын әліпбиіне көшу сол заманда қалай жүргізілгені мен қазір қалай өтіп жатқаны туралы таратып баяндайық. Бұл тарихи кзезеңдерді қысқаша "араб - латын - кирилл" деп белгілейік.

Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті 1928 жылдың 14 желтоқсанында жаңа әліпбиді енгізу туралы шешім шығарды. Бұл шешім шыққанға дейін ұзақ талқылаулар, түркологтардың съездері, Орталық Азия елдерінің республикааралық мәслихаттары сан рет өткен болатын. Осының ішінде 1924-1927 жылдар аралығында араб графикасын қолдаушы (консерваторлар) мен латын әліпбиін қолдағандар (новаторлар) арасындағы пікірталастарға нақтырақ тоқталып кетсек. Өйткені қазақ тілінің ерекшелігін сақтай отырып, жаңа әліпбиді талқылауға тап осы екі тарап шақырылғын болатын.

Бір қызығы жаңа әліпбиді енгізу бойынша ол уақыттағы ұйымдастырушылық және ситуациялық жағдайлардың қазіргі таңда туындап отырған мәселелі тұстарымен ұқсастығы көп.

Ол кезде де латын әліпбиіне көшу мәселесі Қазақстанға өзге түркі тілдес елдермен салыстырғанда кешірек келгенін айта кету керек. Мұны Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасы негізіндегі жан-жақты қарастырылып, ғылыми негізделген әліпбиінің қолданыста болуымен байланыстыруға болады. Ол кезде төте жазумен сауатсыздықты жоюға бағытталған түрлі оқулықтар жарияланды және бұл кітаптардың тиімділігі бірден өз нәтижесін берген болатын. Төте жазуды Қытайдағы қандастарымыз осы күнге дейін пайдаланып келе жатқанын айтпасақ та белгілі.


Ахмет Байтұрсынұлы. Сурет ҚР ОММ архивінен.

Осы тұста латын әліпбиін қолдаған новаторларға басты қарсылас Ахмет Байтұрсынұлы болды, ол өз ойын былай тұжырымдаған еді: "Біз, қазақтар тілдік элементтерімізді бұрынырақ бағамдап алғанбыз, оларды сәйкес дыбыстармен белгіледік, дұрыс жазамыз, оқимыз, орыс, неміс, француз, ағылшындар мен өзгелерге қарағанда жылдамырақ сауат ашамыз. Енді не керек? Әліпбиімізді латынға көшіру керек дейді, өйткені біздің әліпби біздікі емес - арабтікі...".

Тіл саласындағы әлемдік ғалымдардың тәжірибесін есепке алып, Ахмет Байтұрсынұлы пікірталасқа қатысушыларға келесідей сұрақтар қояды: қандай болса да, тіл элементтерін жеткізуде әліпбилердің бір-бірінен артықшылығы бар ма, баспа және қолжазба қай графикамен тез оқылады, қай графикамен тез жазуға болады және тез оқылады, типографиялық техника үшін қай әліпби ыңғайлы және қандай графиканың сыртқы көрінісінің көзге тартымдылығы болады?

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған араб графикасын қолдаушылар төте жазу қазақ тілі үшін өте қолайлы деп есептеген. Араб тілінің 19 әрпі өзгеріссіз және 5 әрпі қазақ тілінің ерекшелігіне қарай өзгертілген күйде алынған болатын. Ал латын әліпбиінде 15 әріп өзгеріссіз қолданылады да, 7 әріпті қазақ тіліне икемдеуі керек болатын. Ал қазақ тіліне ғана тән әріптерге сәйкес әріптер мүлде жоқ, оларды ойдан шығару керек еді. Сонымен қатар, Байтұрсынұлы Батыс елдерінде қолданыста бар латын графикасы құрамы бойынша 25-30 пайызға түркі тілдерінің естілу қажеттілігін қанағаттандырмайды, ал бұл тілді естілуге икемдеу үшін реформа қажет деген уәжін алға тартқан. Ал бұл қосымша уақыт пен қаражатты қажет етеді. Өйткені қосымша әріптер енгізілсе қолданыста бар баспа құралдары мүлде жарамсыз болып қалатын еді.

Латын графикасына өтуді жақтаған басты тұлғалардың бірі Телжан Шонанов болды. Өз кезегінде ол араб графикасына қарсы мынадай уәж айтқан: "Бұл әліпбидің басты кемшіліктері мыналар: диакритикалық белгілерді қолдану, 3-4 түрлі таңбаны қолдану (сөз басында, ортасында, соңында), жазылуындағы әріптердің өзара ұқсастығы; оңнан солға жазылуы, бұл баспа жұмысын қиындатады: араб графикасы арқылы ноталар мен ғылыми формулаларды түсуруге келмейтіндігі; жазу үрдісін баяулатуы, қазақ тілі дыбыстарын дәл бере алмауы; баспашылар қызметін күрделендіруі, басып шығарудың қосымша құралдарының қажеттілігі...". Сонымен қатар, латын графикасын қолдаушылардың ойынша, полиграфияда арзан және жеңіл қолданылатын, оқытуға оңай және жазуға қолайлы әліпби оңтайлы. Дәл осындай әліпбиді еңбекші қауым қорқынышсыз қабылдамақ...".

Қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты жағдайды ары қарай қалай өрбігенін 1927 жылдың 25 мамырында жарияланған мына бір құжаттан білуге болады: "Латыншылар қаншалықты қарқынды жұмыс істесе, Байтұрсынұлы бастаған арабшылар соншалықты күшті қарсылық білдіруде. Қызыл-Орда әлі бір шешімге келген жоқ. Бірақ қысқы пікірталастар мен латыншылардың Қазақстанның түрлі қалаларында өткізген соңғы баяндамаларында қазақ билігі жаңа әліпбиге оң көзімен қарап отыр. Енді Қазақстан билігі бір шешімге келіп, әліпбиді пікірталас алаңынан қолданыс аясына ауыстыруы қажет...".

Осылайша, 1927 жылдың 19 мамырындағы үкімет жарлығы бойынша Жаңа қазақ әліпбиінің орталық комитеті (ЖҚӘ ОК) жұмысын бастайды. Бұл комитет 1937 жылы кирилл енгізілгенге дейін жұмыс істеді.

Комитет қазақ тілінің ерекшелігін сақтай отырып, латын графикасының негізінде жаңа әліпбиді дайындай бастайды. Бұл жоба 1928 жылдың 12 желтоқсанда сол кездегі ел астанасы Қызылордада өткен латыншылар конвенциясына қатысушылардың талқысына салынады.

Ұзақ талықалудан кейін өзге түркі тілдес елдердің әліпбиімен ұқсастық болуы үшін қатысушылар бір ауыздан жаңа қазақ әліпбиінің келесідей әріптерін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарады:

Қазақтың "ш" дыбысы үшін латынның "с" әрпі сақталады. Ал түркі тілдес елдердің әліпбиінен "ә" ("ә"), "у" ("ү"), "ө" ("ө") графемалары енгізіледі.

Түркі елдерінің әліпбиімен толық ұқсастық болуы үшін "j" ("и"), "і" ("і"), "ç" ("ж") әріптерінің дыбыстық мәні өзгертіледі. Сонымен қатар, поэтикалық тілдегі одағайлардың кейбір категориялары мен шетелдік кейбір дыбыстар үшін қосымша "һ" ("һ"), "х" ("х"), "f" ("ф") әріптерін енгізу ұсынылды.

Осындай талқылаулар мен пікірталастардан кейін Қазақ орталық атқару комитетінің қарауына мына қазақ әліпбиі ұсынылды:


© ҚР ОММ.

Алайда ҚазОАК-тің 1928 жылдың 14 желтоқсанында өткен IV сессиясында бұл әліпби "х" және "f" әріптерінсіз бекітілді. Әріптердің жалпы саны - 29.

Жаңа қазақ әліпбиі бекітілгеннен кейін Орталық комитет қазақ орфографиясын дайындауға кіріседі. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін Байділдин, Шонанов пен Аймаутов бастаған комиссия құрылады. Сонымен қатар, Байтұрсынұлы, Омаров, Мурзин, Ермеков, Досмұхамедов, Сейфуллин, Жансүгіров, Әуезов сияқты білікті адамдар және Поливанов пен Шор сияқты профессорлардың қолдауын табу туралы шешім қабылданды. Орфографиялық комиссия 1937 жылға дейін жұмыс істеді. Жиындарда көп жағдайда ұлтаралық сөздер мен советизм терминдерін орфографиялау мәселесі талқыланды.


Қазақ мектебіндегі сабақ. 1928 - 1930 жылдар. © ҚР ОММ.

30 жылдардың соңына қарай мемлекеттің сыртқы саяси бағытына байланысты мемлекет жалпылай кирилге өтеді. Бұл жолы қазақ әліпбиі мен орфографиясын құру мәселесі бірге талқыланады. Орыс графикасына құрылған әжаңа әліпбиді қолдай отырып, ұйымдастыру комитетінің кей мүшелері "қ" және "ғ" әріптерінен бас тартып, орнына "к" және "г" әріптерін қолдануды ұсынады. Яғни, сөзде жіңішке әріптер қолданғанда "к" және "г" өз мағынасында қолданылады да, жуан дыбысты әріптермен қатарласқанда "к - қ" ретінде, ал "г - ғ" ретінде оқылмақ еді. Дегенмен бұл ұсыныс қабылданбады. Бұл мәселе "ә", "ө" және "ү"әріптерінен бас тартып, орнына "о" мен "у" әріптерін орыс тіліндегі "ь" әрпі арқылы қолдану мәселесі айтылды. Оқылуға қиындық тудырып, бірізділік сақталмайтындықтан бұл ұсыныс та талқылаудан алып тасталды.

Тілшілер, әдебиетшілер мен педагогтар арасында араб-парсы сөздерінде кездесетін "һ" әрпі үлкен дау туғызды. Ұзақ талқылаудан кейін араб-парсы сөздерінен енген сөздердің барына қатысты бұл әріп әліпбиде қалдырылды.

Ал орыс тілі арқылы келген ғылыми-техникалық терминдерді дұрыс жазу мақсатында жаңа қазақ әліпбиіне "ц", "ч", "щ", "ъ", "ь", "э", "ю", "я" әріптерін енгізу шешімі қабылданады.

Осылайша, орыс графикасына негізделген 41 әріптен тұратын (32 әріп орыс тілінен және қазақ тілінің ерекшелігін сақтайтын 9 әріп) жаңа қазақ әліпбиі 1940 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президиумында бекітіледі.

Қазақ тілінің латынша әріптері кирилге ауысқан сәтте қандай болғанын мына жерден көруге болады:


© ҚР ОММ.

Осы оқиғалардан кейін 77 жыл өте латын графикасының негізіндегі қазақ әліпбиі қайта жаңғырып, ХХ ғасырдағы қазақ интелегенциясын дауластырған мәселелер қазіргі қоғамда жаңа қарқынмен талқыға салынатынын кім білген. Қалай болғанымен латын және араб графикасын жақтаушылар да, кирилл негізіндегі әліпбиді даярлағандар да қазақ тілінің жазбасын, толықтырып, қысқартып болсын - оңтайлы әліпби жасаймыз деген мақсатпен дамытқаны сөзсіз. Лингвистердің айтуынша, кемел әліпби жоқ, өйткені, уақыт өте кез келген тіл фонетикалық өзгеріске ұшырайды, жаңа терминдер енеді және т.с.с.

Жариялымды даярлаған Гүлнар Қаратаева - Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаттың ғылыми-ақпараттық және ҒАА бөлімінің басшысы.

Қазақ тіліне аударған Манас Жантекеев

 

https://kaz.tengrinews.kz/article/arab-latyin-jane...

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру