ӨҢІРЛІК БАСЫЛЫМДАР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

25.01.2023

2023 жылғы 25 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Е.Тілешов Өңірлік мерзімдік басылымдар форумына қатысты.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бұл келелі кеңес өңір журналистерінің алдында тұрған өзекті мәселелерге арналды. Әсіресе, қазіргідей ақпараттық қоғамда биліктің «төртінші тармағы» атанған БАҚ пен осы «мылтықсыз майдан» жауынгерлерінің хал-ахуалы нешік, қадір-қасиеті қандай деңгейде деген сұрақ төңірегінде орамды ой қозғалды, алуан пікірлер алқаға түсті. Осындай орайлы тұста ана тіліміздің қадір-қасиеті туралы бір ауыз сөз айтылмай қалмайтыны бесенеден белгілі.

Орталықтың басшысы, белгілі ғалым Ербол Ердембекұлы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған медиа өкілдеріне саналы өмірін ұлтымыздың болашағына арнаған, тіпті сол жолда жанын құрбан еткен Алаш қайраткерлері жергілікті баспасөз бетінде жиі насихатталса деген пікір айтты. Ұлтымыз үшін ортақ тұлғалардың есімдері ел есінде мәңгі сақталса, мұның тарихи әділдікті қалпына келтірумен бірге, болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екеніне тоқталды.

Орталықтың интернет ресурстары жөнінде ақпараттық технология басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы қызықты етіп әңгімелеп берді.

Әлбетте, журналистиканың ең басты құралы – тіл. Қазақтың бай да көркем тілімен дайындалған материалдың өз оқырман, көрерменін ешқашан қаннен-қаперсіз қалдырмасы анық. Осы орайда Орталық қызметкерлері әзірлеген ІТ жобалардың көмегі ұшан-теңіз. Форум барысында лексикалық қорды ұлғайтуға қол ұшын беретін «Sozdikqor.kz» платформасы, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервисі, «Абай институты», «Emle.kz» пен «Termincom.kz» сайттары жан-жақты таныстырылды.

Тілшілер қауымының мұндай бас қосуы өз нәтижесін берері сөзсіз.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру