ШЕТТІЛДІК ТЕРМИНДЕРДІ ИГЕРУ ЖӨНІНДЕГІ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ӨМІРШЕҢ ИДЕЯСЫ

01.02.2023

А.Байтұрсынұлы қазақ терминологиясының принциптері туралы баяндамасында: «Шындығында, мәдениет әлсіз жерде жерге егін аз шығатынын, машиналар жұмысты нашар істейтінін, өнеркәсібі мен саудасы аз дамитынын, аурумен, өлім-жітіммен күресу табыссыз болатынын, табиғат аз бағынатыны я тіптен бағынбайтынын, табиғаттың дүлей күштері адамдар үшін апат пен қайыршылық әкелетінін кім теріске шығара алады!? Біздің заманымызда мәдениет – өмірдің ең қатты қажеті» деп [1], мәдениетке ғылым, білім ұғымдарын сыйғыза отырып, жоғары мәдениетті, яғни оның ішінде білім мен ғылымды қабылдау үшін ұғымдар мен идеяларды да қабылдау қажеттігіне назар аударады да, одан ары тіл терминологиясын жасап шығару міндетіне тоқталады. Сонымен бірге лингвист ғалым баса назар аударған «...бір ұғым әр түрлі құрылымда әр түрлі сөзді жамылып шықпас» үшін принциптерді қатаң ұстану керектігі әлі күнге өзекті қалпында қалып тұр.

Сол кездегі терминжасам тәжірибесін ортаға сала келе, А.Байтұрсынұлы «Бірегей терминология жасап шығару үшін, тіл шұбарлаудан аулақ болу үшін бізде Академиялық орталықта құрылған арнайы комиссия белгілі бір принциптерді қатаң ұстануға тиіс болды» [1], деген еді. Өкінішке қарай, ғалымның, алаш зиялыларының терминология принциптеріне қатысты ұстанымдары, игі істері ұзаққа бармағаны баршамызға аян. Саясаттың өктем күшімен орыс тілінен термин қабылдау үрдісі белең алып, ол жарты ғасырдан астам уақытқа созылды.

Еліміз тәуелсіздікке ие болған 1991 жылдан бастап қоғамдағы өзгеріспен бірге ұлттық сипаттағы қазақ терминдерін жасауға деген ерекше құлшыныс пайда болғаны мәлім. Оған дәлел – 1991-2003 жылдары Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітіліп, белсенді қолданысқа енген терминдер, мысалы: әкім, делдал, босқын, баспабас, тікұшақ, сыйақы, ұлан, Елтаңба, Әнұран, ғарыш, ғарышкер, кесене, ұжым, күнтізбе, іссапар, зейнетақы, ұшақ, отбасы және т.б. [2. 6,102,103,104]. Әрине, сол кездегі қолданысқа енген төл терминдердің, аударма, балама терминдердің барлығы мінсіз деп айтуға келмейді. Шеттілдік терминдерді жаппай аудару, бірнеше нұсқалы терминнің көбеюі, қолданыс таппаған терминдердің орын алуы да дәл осы кезде көбейіп кеткені жасырын емес.   

Терминология принциптерін ұсына отырып, терминдік ұғымға сәйкес келетін қазақ сөзін алу «... жоғарыдағылардың тілі және төмендегілердің тілі, сауаттылардың тілі және сауатсыздардың тілі деген жік шықпау үшін керек» деп А.Байтұрсынұлының айтқаны – үлкен ой саларлық,  назар аударарлық мәселе. Себебі, қазіргі кезде қазақ тілі қара жұмысшылар мен базар жағалағандардың тілі деген пікірдің орын алып отырғаны да рас. Ал бұл ой-пікірдің жаңсақ екенін дәлелдеудің басты жолдары – барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қазақ тілін толыққанды ғылым тілі ретінде дамыту, қазақ терминдерінің үлес салмағын арттыру, шеттілдік терминдерге балама ұсыну, болмаған жағдайда ондай терминдерді қазақ тіліне бейімдеу.

А.Байтұрсынұлы: «... ұғымдар мен идеяларды бейнелеуге ана тілі лексиконы тіптен жетпейді. Бүкіл түркі халқының алдында жоғары мәдениеттен қабылдаған ұғымдар мен идеяларды бейнелеу үшін жат тілден сөзді я солайымен алу, я өз тілінің лексиконын бейімдеу міндеті тұр, яғни тіл терминологиясын жасап шығару міндеті тұр» [1] деген болатын. Одан бері ғасыр уақыт өткенмен, бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ, қайта бұрынғыдан да өзектілік қарқыны күшейе түсті. Себебі қазіргі кездегі күнделікті өмірімізге еніп жатқан жаһандық ғылым-білім кеңістігіндегі интеграция, ІТ-технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы және т.б. жағдайлар қазақ терминологиясына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Мысалы, электроника саласы бойынша 60000 термин болса, химия саласында ол сан бірнеше миллионнан асады екен [3].  Ал олардың жүзден бір бөлігін ғана тілімізде қолданамыз десек те, оның бәріне балама табуға тіліміздің мүмкіндігі бар ма?! Бар деп айту қиын. Сондықтан шет тілінен енген терминдерді игеруде тек баламалы нұсқасын алумен шектелмей, оны негізгі тұлғасын сақтап, қазақ тілі заңдылықтарына бейімдеп игеру және оны автоматты жүйеде біріздендіру кезек күттірмейтін аса өзекті мәселе болып тұр.

2018 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру іс-шаралары аясында «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы әзірленгені баршамызға мәлім. Бұл жобаның «Кейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесі» тарауында шеттілдік терминдерді тіліміздің фономорфологиялық заңдылықтарына сәйкес бейімдеп игеру қарастырылған. Жоба бойынша жүргізілген сынама-сауалнамаларда Ереженің жоғарыда аталған тарауын, жекелеген қағидаларын тиянақтай түсу керектігіне қатысты сын-ескертпелер болғанмен, шеттілдік сөздерді тілімізге бейімдеу жобаның негізгі ерекшелігі болып қалды және ол А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының мақсат-мүдде, идеяларымен үндесіп жатты. Бірақ аталған Ережеде  шеттілдік терминдерді қазақ тіліне бейімдеп игерудің жүйеленген бірегей моделдері анықталмады, терминдерді жүйелі түрде топтап жіктеу  күрделі, ауқымды ғылыми-зерттеу нысаны да болмады. Дегенмен қолданбалы тұрғыдан  бұл өзекті мәселенің шешу жолы ретінде ІТ сүйемелдеу арқылы автоматтандыруды қарастыруға болады. Терминдердің белгілі деңгейде сөзжасамдық, фономорфологиялық моделдері айқындалып, тұрақтандырылып, автоматты жүйеде біріздендірілгенде оларды сұрыптау, игеру, бекіту де оңай болмақ. Әрине, мәселені шешуде алдағы міндеттер жетіліп артылады, атап айтқанда:

- шеттілдік терминбөлшектерді құрылымы мен атқаратын қызметіне қарай лингвистикалық  тұрғыдан жүйелеу және жіктеу;

- шеттілдік терминбөлшектерді жасалу жолына қарай жүйелеу.

- кірме терминдердің фономорфологиялық моделдерін айқындау, топтау;

- терминбөлшектерді терминжасам қабілетіне байланысты талдау және т.б.

Қорыта айтқанда, қазақ тілі иммунитетін арттыруда баламасыз шеттілдік терминдерді игерудің орны аса маңызды. А.Байтұрсынұлының  қазақ терминологиясының принциптері туралы баяндамасындағы өзекті мәселе жуық арада шешімін табуы үшін ең алдымен, орфограф, терминолог лингвист ғалымдардың тың идеялары, оны жүзеге асыратын ауызбіршілікпен жұмыс атқаратын шығармашылық тобы қажет деп ойлаймыз. Ынта-жігер күші, идея бірлігі, ұлт тіліне адалдық болған жерде тіліміздің болашағы жарқын болатынына сенеміз.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     А.Байтұрсынның қазақ терминологиясының принциптері туралы баяндамасы (бірінші бүкілодақтық түркітанулық сиез. (Бақы қаласы) https://termincom.kz/articles/?id=135

  1. Бекітілген терминдер жинағы 1-том. Нұр-Сұлтан, 2020жыл. 389б.
  2. http://genling.ru/books/item/f00/s00/z0000021/st002.shtml https://medconfer.com/node/2347

 

 

Б.Ысқақ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, ф.ғ.к.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру