АСТАНАДАҒЫ ТҰСАУКЕСЕР ЕРЕКШЕ ЕСТЕ ҚАЛДЫ

02.02.2023

«Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруын 2023 жылғы 2 ақпан күні өткен «baitursynuly.kz» сайтының таныстырылымы және ұлт ұстазының қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде тұңғыш рет жарық көрген таңдамалы шығармаларының, сондай-ақ ғылыми экспедицияның «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» атты қорытынды жинағының тұсаукесер рәсімі осы аптаның шоқтығы биік шараларының бірі де бірегейі болды.

Шараның шымылдығын Орталықтың Бас директоры, белгілі ғалым Е.Тілешов ашты. Ол өз сөзінде, ұлы ғалым, көрнекті қайраткер, біртуар талант иесінің кейінгі ұрпағына қалдырған асыл мұрасы – барша халқымыздың баға жетпес құнды байлығы деп атап көрсетті. «Қазақ» газетінің бастауында тұрған тұлға отандық баспасөздің одан кейінгі дамуына кең өріс ашып берді. Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы – Отанға адал да қалтқысыз қызмет жасаудың өшпес үлгісі. Алаш арысының есімін мәңгі есте сақтап, оның жасампаз ісін жалғастыру – біздің қасиетті борышымыз.

Ұлт ұстазының алғаш рет ағылшын, түрік және орыс тілдерінде басылған шығармаларының таңдамалы жинағы мен ғылыми экспедиция қорытындысымен жарық көрген «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» жинағы жиылғандарға айрықша әсер етті. Ісшара барысында «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Басқосудың басты мұраты ұлт ұстазының асыл мұрасын таныстыру және насихаттау еді, бұл мақсат ақталды. Жаңа «baitursynuly.kz» сайты қызығушылық тудырды. Әсіресе, интернет-ресурстың безендірілу композициясы мен мазмұнға бай контенті жиналғандардың көңілінен шықты.

Көпшілік көзайымына айналған жауһар жәдігерлердің тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көтеріңкі көңіл күймен шыққандар үлкен рухани оқиға деп тарқасты.

Бұған ешнәрсе алып-қоса алмайсың.

Аталған кітаптармен танысуға тілек білдіргендерге мына сілтеме ұсынылады: https://tilalemi.kz/tartu/one/1182https://tilalemi.kz/tartu/one/1180

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру