«Baitursynuly.kz» сайтында бәрі бар

09.02.2023

Астана қаласында «baitursynuly.kz» сайтының таныстырылымы және ұлт ұстазының қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде тұңғыш рет жарық көрген таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы ұйымдастырды.

Шараның шымылдығын Орталықтың Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов ашты. Ол өз сөзінде, «ұлы ғалымның кейінгі ұрпағына қалдырған асыл мұрасы – барша халқымыздың баға жетпес құнды байлығы» деп атап көрсетті.

«Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бастауында тұрған тұлға ретінде отандық баспасөздің одан кейінгі дамуына кең өріс ашып берді. Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы – Отанға адал да қалтқысыз қызмет жасаудың өшпес үлгісі. Алаш арысының есімін мәңгі есте сақтап, оның жасампаз ісін жалғастыру – біздің борышымыз», – деді Ербол Тілешов.

Іс-шара барысында «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсын­ұлы» атты кітап көрмесі ұйымдас­тырылды. Көпшілік көзайымына айналған жауһар жәдігерлердің тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ал сайттың ерекшелігі неде? Ең алдымен, ұлт ұстазына қатысты барлық деректер аталған сайтта анық, жүйелі түрде көрсетілген. Мысалы, сайттың басты бетін ашқан сәттен көзге бірден көрінетіні – «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы деген жазу. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ұлтқа, мемлекетке, білім мен ағарту ісіне қатысты қанатты сөздері басты бетте жүгіртпе жол арқылы көрініп тұрады.

Жалпы сайттың беті мазмұнды. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлын зерттеген адамға қажетті нәрсенің бәрі тұр. Мысалы, «Ахметтану» бөліміндегі ұлт ұстазының шығармашылық мұрасы, қайраткерлігі бойынша қорғалған диссертациялар, Ахаң туралы асыл ойлар, конференция жинақтары, мақалалар мен библиографиялық көрсеткіштер ізденушілер үшін таптырмас құрал бола алары сөзсіз.

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы­ның жазған оқулық кітаптары сайтта «Оқу құралдары» деген атпен толық көрсетілген. Сайттың «Хаттар» деген айдармен берілген бөлімі де қызғылықты. Онда Ахаңның Әлиханға жазған хаты, Әлиханның Ахметке жазған хаттары берілген. Сондай-ақ ұлт ұстазының Ленинге, сонымен қатар «Досмайыл қажыға ашық хаты» және Міржақыпқа жазған хаттары да бар.

Мысалы, Ахаң «Ленинге хатында» жергілікті коммунистердің қазаққа үстемдігін жүргізіп отырғанын батыл айтады.

«Патша үкіметі тұсында ұлттық езгі көріп, құлдыққа түскен қазақтардан артық бұратаналар болған жоқ шығар. Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды. Езілген ұлттың бойында езушілерге қарсы жиіркеніш және өшпенділік сезімі үнемі дами бермесе де, сенбеушілік сезімінен басқа сезім ояна қоймайды. Қазақтарды ғасырлар бойы тонап, езгіге салып келген орыс ұлтының пролетариаты өзін патша шенеуніктерінің орнын басып, езілген халықтардың мойнына мініп алғысы келетін құлдыққа салушы жаңа мырзалар емес, қайта оларды азат етуші ретінде іс жүзінде дәлелдеп, көрсетуге тиіс. Солай бола тұрса да, жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, қитұрқы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көрсетуді ұсынбай, қайта оларға әр түрлі қулықпен өз үстемдігін танытып отыр», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы.

Сайтта Ахмет Байтұр­сын­ұлының ата-тек шежіресі арнайы сызба арқылы берілген. Оқырман шығармашылық және қайраткерлік өмірбаяны арқылы ұлт ұстазының ба­лалық шақтан басталған бүкіл ғұ­мы­рын көз алдынан өткізгендей болады.

Ахмет Байтұрсынұлы Жанша Досмұхамедовке жазған «Жауап хат» атты жазбасында «қазақтың азып-тоз­басына қызмет етіп жатырмыз» дегенді айтады.

«Құрметті Жанша мырза! Сіздің де, біздің де ойлағанымыз қазақтың азып-тозбас қамы. Сіздің де, біздің де ниетіміз қазақтың азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ қалқы басқа қалықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін әркім білгенін, қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз сиез жасаймын деп жатырсыз, біздер «Домострой»… кәкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан рисалалар жазып, газета-мазета шығарған болып тырбанып жатырмыз. Соның бәрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сәуле кіруіне себепкер бола ма деп істеп жатырмыз. Орыстың мақалы айтқандай «ұжмаққа барғым келсе де күнәләрім жібермейді» деп, қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді. Арзан рисалалармен қазақ жұмысы бітті деп, «гүл жастанып» көсіліп, рақаттанып қарап жатқаным жоқ, білгенімше, қолымнан келгенінше істеп жатырмын», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы.

Жалпы аталған сайтты ахметтануға қосылған зор үлес деп бағалауға болады. Мысалы, «Құжаттар» айдарынан Байтұрсынұлының өз қолымен жазған өмірбаяны, А.Байтұрсынұлын мұсылман фракциясы жиналысына шақырғаны туралы құжат және тағы басқа құнды қағаздармен танысуға болады. Ахаңның айтулы тұлғалармен түскен суреттері де оқырманның қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ сайтта «Қазақ» газетінің 1-нөмірінің баспадан шыққандығы туралы құжат та сақталған. Қысқасы, мұнда Ахмет Байтұрсынұлына қатысты дерекнаманың бәрі бар. Оқырмен бір сәт ұлт ұстазының өлеңдерін оқып, аудармасымен да таныса алады.

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61500

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру