ТҮРІК ЕЛШІЛІГІНЕ БАРДЫ

09.02.2023

2023 жылғы 9 ақпанда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Л.Есбосынова Түркия Республикасының Астана қаласындағы Елшілігіне барды.

Тосын дүлей зілзала сан мыңдаған өмірді жалмады. Талай адамдар ұшты-күйлі хабарсыз кетіп, әлі күнге табылмай жатыр. Түрлі дәрежедегі дене жарақатын алғандар қатары өте көп. Ғимараттар бұзылып, бейқам жатқан қала тұрғындары аяқ астынан баспанасыз қалды.

Түркия елшілігі алдында толас жоқ екен. Байқағанымыз, Астана жұртшылығы жекелей де, тобымен де ағылып келіп жатыр. Бәрі үнсіз көңіл білдіруде. Орталықтың қызметкерлері қаржылай көмегімен бірге, өз үйлерінен жылы киім, басқа да тұрмысқа қажетті дүниелерін тапсырды.

Қаралы дәптерге Лиза Қожаққызы қалдырған жазбада былай делінген: «Азаттықтың ақ таңы арайлап атқанда алғашқы боп ағынан жарылып құттықтап, өз Елшілігін ашқан бауырлас Түрік мемлекетінің Тәуелсіз Қазақстан үшін әрқашанда орны бөлек. Апаттың қайдан дерің бар ма. Дүниені дүр сілкіндірген қаралы хабарды қатты күйзеліспен қабылдадық. Жойқын жер сілкінісінен қара жамылып отырған қалың түрік жұртына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Біз әрқашан Сіздермен біргеміз!».

Аулада абыр-сабыр жоқ. Адамдар аяғының ұшымен жүр. Өзара сыбырлап қана тіл қатысады. Қарсы алдыңда Түрік мемлекетінің байрағы басын төмен салып, бұйығылау қарап тұр. Алқымға ащы өксік тығылды...

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру