БЕЙБАРЫС АТЫ – АСТАНА КӨШЕСІНДЕ

24.02.2023

2023 жылғы 24 ақпан күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, Астана қалалық ономастика комиссиясының мүшесі Е.Тілешов әлемге танымал қолбасшы, сұңғыла саясаткер Бейбарыс есімінің Астана қаласы көшесінің біріне берілуімен байланысты салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті Сұлтан Бейбарыстың туғанына биыл 800 жыл толып отыр. Осы айтулы датамен байланысты елімізде жыл соңына дейін әртүрлі деңгейдегі 600 шара жоспарланыпты.

Қасиетті жұма ашылған бұл шара – сол үлкен істің ізашары ғана.

«Тұлғаларға тағзым – тарих тағылымы. Бұл көше – ұзындығы екі шақырымнан асатын, алты жолақты, кең, қалада халық ең көп қатынайтын көшелердің бірі. Сондықтан, бабамыздың аты енді күн сайын адамдардың аузынан түспейтін болады», – дейді Ербол Ердембекұлы.

Өмір бойы жусанның исін аңсап өткен айбарлы да аяулы тұлғаның есімі жусанды дала төсіне көше болып оралғаны жиналған көпшіліктің көңілін толқытқаны рас. Асқақ рухқа бөленген жұртшылық аязды күн мен өткір желге қарамастан, қимастық сезіммен көпке дейін тарқамай тұрды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру