«Шәкәрім» кітабы қытай тілінде жарық көрді

04.04.2018

 Ғұлама ойшыл Шәкәрімнің философиясы мен өмір жолы әлем әдебиетін толықтырды. Сиань шет тілдер университетінің лингвист маманы Ли Сичан қазақтың Шәкәрімін миллиардтың тілінде сөйлетті. Ол қазақтың өткенімен, ежелден қалыптасқан салт-дәстүрімен, елдің жан-дүниесімен жақсы таныс. Кітапты тәржімалау барысында Шәкәрім мен әйгілі Конфуцийдің философиясынан үндестік көргенін алға тартты.

ЛИ СИЧАН, СИАНЬ ШЕТ ТІЛДЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

- Ұлы ойшылдардың өмірге деген көзқарасы, ұлтына деген жанашырлығы, пәлсапасы өте ұқсас келеді. Сондықтан Конфуцийді білетін қытайлық оқырмандар үшін «Шәкәрім» рухани, танымдық дүниенің біріне айналады деп ойлаймын.

Сиань шет тілдер университетінің ректоры Ван Цзюньчже «Шәкәрім» шығармашылығымен танысып, «қазақтың рухани дүниесіне терең бойладым, алған әсерім ерекше» дейді. Бұл кітап қазақтың өмір салтымен танысқысы келетіндер үшін таптырмас құрал. Аталмыш университеттегі Қазақстан орталығында  білім алып жүрген қытайлық студенттер де бұл жаңалықты қуанышпен қабылдады.

СӘУЛЕ, ҚЫТАЙЛЫҚ СТУДЕНТ

 - Менің атым Сәуле. Мен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқимын. Бұл кітап екі елдің мәдени байланысының артқанын көрсетеді. Мен үшін жата-жастана оқитын бір туынды болады деп ойлаймын. Мұнда тек көркем сөз ғана емес, тұтас бір ұлттың  мінезі, рухы, тіршілігі қамтылады. Сонысымен де құнды.

Абай дәстүрін жалғастырып, дала тынысын тереңнен таныстырған ірі ақын туралы кітап Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қытай оқырмандарына жетті.

ЕРЛАН СЫДЫҚОВ, ЕҰУ РЕКТОРЫ:

- Жазушының, әр тарихи тамаша зерттеулердің осындай дамыған тілдерге аударылып қазақтың ерекшелігін, ондағы қазақ даласының құндылықтарын жеткізіп жатса, ол нұр үстіне нұр.

«Шәкәрім» туралы ғұмырбаяндық кітап бұған дейін ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аударылған. 

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру