Ұлы күннің оралуы. Наурыз қазақпен қалай қауышты?

17.03.2023

Наурыз – көктемнің алғашқы айы. Айналадағы ағаштар бүршік атып, жасыл желекке бөленер шақ. Әсіресе, наурыз айында оңтүстік өңірде жылғалардан су ағып, қоршаған орта түрлене бастайды. Айнала әсем күйге енеді. Адамдар шат-шадыман күй кешеді. Ал наурызды атап өтудің өз ерекшелігі мен тұжырымдамасы бар.

 

Президент Амал мерекесімен құттықтады

 

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қазақстандықтарды көрісу күнімен құттықтады,
«Барша Қазақстан халқын бү­гінгі Амал мерекесімен құттықтай­мын! Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежел­ден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық сал­ты­ның жарқын көрінісі. Жыл бе­рекелі болсын, ағайын!», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мере­кесін тойлау қазір он күн бұрын 14 нау­­рыздан Амал, «Көрісу» күнінен бас­талады. Бұл бүгінде бүкіл қазақ бі­летін және атап өтетін айтулы күнге ай­налып барады.Оған қуануымыз керек.

 

Амал келді, жыл келді!

 

Наурыз – жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы ерекше қуанышпен қарсы алған. Бұл жуанның жіңіш­керіп, жіңішкенің үзілер шағы. Малдың аузы көкке жетіп, қыстан аман-есен шыққан халық бір-біріне ризашылығын білдіреді. Кө­ріседі. Қауышады. Көрісу әсі­ресе, республикамыздың батыс өңі­рінде сақталған. Наурыздың 14-і «Көрісу күні» деп аталады. Ал халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен бас­талады. 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Бұл жаңа күн, яғни жаңа жылдың басталуы десек, ол ақиқат. Көрші-қолаң ерте тұрып, жасы кішілері үлкендерге сәлем береді. Көрісу күні араздық-өкпе-реніш ұмытылады. Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, ол нау­рыз бойы жалғасады. Бүкіл тіршілік жаңаратын бұл кезеңді қазақ баласы «амал мерекесі» деп те атайды. Халық «амал келді, жыл келді» деп бір-бірін құттықтайды, келер жылдан жақсылық күтеді.
Наурыз мейрамы діни мереке емес. Бұл мейрам әлем жұртшы­лы­ғында бар. Тәжік халқы бұл мерекені «Гүлгардон», не «Гүл­навруз», татарлар «Нардуган», бир­малықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Сагаан сара», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп атайды. Бұл түркі халқына тән мереке. Наурыз мерекесін қазақ баласы асыға күтетіні рас. Дүниенің жаңарып, айнала шуаққа бөленген шақ шын мәнінде, ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мерекесіне айналады. «Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын» деп бір-біріне тілек айтқан жұртшылықтың мейрамы зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипатқа ие болды.

Алайда наурыз мерекесі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, мұны «діни мереке» деп Кеңес үкіметі 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Бірақ көктемнің шуақты мейрамымен бірге салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ қауымы ауылда өз жөнімен бәрібір мейрамды тойлап жатты. Ресми түрде атап өтілмесе де, біз бала кезімізден наурыз көженің дәмін татып, мерекені сезініп өстік. 22 наурыз күні әр үй өздері жасаған дәмді көжені ортақ қазанға салып, ауылдың үлкен үйінде бала-шаға, ақ жаулықты әжелеріміз бен ақсақалды аталарымыз дәмнен ауыз тиіп, мәре-сәре болатынбыз.
Ал Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау 1988 жылы қайта жаңғырды. Сөйтіп, игі дәстүр өз жалғасын тапты.
1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Наурыз мейрамы ресми түрде бекітіліп, «22-нау-рыз халықтық «Наурыз мейрамы» болып жарияланды. Президент Жарлығында «Халық депутаттарының жергілікті советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып, халықтық мереке – Нау­рыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын; республика жұртшылығының 1991 жылы наурыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралығында «Табиғат жарасымы» айлығын өткізу жөніндегі бастамасы қолдау тапсын» деп жазылған. Сөйтіп, наурыз мейрамы 2009 жылдан бастап 3 күн бойы атап өтілетін болды. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде мемлекет басшысының жарлығымен наурыз айының 21,22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.

 

Наурыз қазаққа қайта келді!

 

Рас, 1926 жылы Кеңес үкіметі наурыз мерекесіне ресми түрде тыйым салғаннан оны қайта жаңғыртуға қазақ зиялылары көп күш жұмсады. Халқымыздың аяулы ақыны Мұхтар Шаханов өз жазбасында наурыз мейрамын қайта жаңғырту жөнінде сол кездегі басшы Г.Колбинге хат жазғанын тілге тиек етеді.
– 1988 жылдың басында, мен Қазақ­с-тан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді өтіндім. Менің хатымды Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің бюросында қараған екен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Ө.Жәнібеков қана қолдаған көрінеді. Қалған бюро мүшелерінің барлығы қарсы дауыс беріпті. Колбин мені өзіне шақырып, осындай жағдайға байланысты Наурыз мейрамын тойлата алмайтынын айтты. Сол кезде оған былай дедім: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орыс пен қазақ ұлтының арасына сына боп енді. Сөздің ашығы керек, қазір қазақ халқы сізге де жылан көргендей шошына, жиырыла қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тойлауға мүмкіндік алып берсеңіз, бүкіл қазақ қауымы сізге өзгеше көңілмен, өзгеше ниетпен бұрылатын болады» дегенімде, Г.Колбиннің көзі жайнап кетті. Ол: «Ендеше, Наурызды тойлатайық. Мен қайткен күнде де Кеңес Одағының басшысы Горбачевты бұған көндіремін», – деді.
Өзбекәлі Жәнібеков өз естелігінде мұның растығын айтып, «Наурыз мерекесі осылайша 1988 жылы алғаш рет Алматы қаласы мен Алматы облысының Жамбыл ауданында үлкен халықтық мейрам ретінде өткізілді» деп жазады. Кейбір жазбаларда «1988 жылы Алматыда алғаш рет тойланған Наурыз мерекесіне 100 мыңдай адам қатысты» деген дерек келтіріледі.
Ал ақын Мұхтар Шахановтың пікірінің растығын дәлелдейтін пікір де бар. Алдымен наурызды тірілту, қайта жаңғырту мәселесі сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бетінде көтерілгенге ұқсайды. Ал «Лениншіл жас» газетінің редакторы болған Уәлихан Қалижан «Наурыз» мерекесінің қайта оралуын былайша еске алады.
–Газет бетінде оқырмандармен «Тікелей телефон» арқылы сұхбат жүргізу дәстүрі бар еді. Соған Мұхтар Шахановты шақырдық. Сонда ақын осы мәселені көтерді. Газетке «Наурыз» мерекесінің қажеттілігі жайында арнайы материал бердік. Көп ұзамай Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Материалдарымды жинап алып барсам да сескендім, бірақ ол кісі қолдады. Сөйтіп өзі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбинге кірді. Содан кейін Колбин Наурыз мерекесін атап өту туралы хат жазған Мұхтар Шахановты қабылдады, – дейді Уәлихан Қалижан.
2010 жылдың 10 мамырында БҰҰ Бас Ассамблеясының берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр» деген жазба бар. Сан ғасырлық тарихы бар ұлыстың ұлы күнін ресми түрде мерекелеуге Кеңес үкіметі тыйым салса да, Алаш арыстары наурыз тақырыбынан еш ажыраған емес. Наурыз — қазақтың ұлттық мейрамы, төл мерекесі екенін Алаш арыстары да дәлелдеген. Бір ғана мысал, Тұрар Рысқұлов 1920 жылы Түркістан Республикасы орталық атқару коми­тетінің төрағасы болып сайлан­ғаны белгілі. Ол көп ұзамай «Түркістан Респуб­ликасындағы түркі халықтарының тілін мемлекеттік тіл деп жариялау» және Наурызды мемлекеттік мерекеге – дема­лыс күніне айналдыру туралы бастама көтергені, тіпті арнайы бұйрық шы­ғар­ғаны туралы дерекнама құжаттар бар.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».
Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген қарасөзінде Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибағи», «хұзағи» деп аталған заманына дейін апарып, «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен» – деп жазады.
Демек, наурыз мейрамы ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасап, тойланып келеді.

 

Президент пәрмені:Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы

 

Наурыз мерекесі ресми түрде өмі­рімізге дендеп енгелі бері біз оны қалай атап өтіп жүрміз? Расы керек, әр өңірде әрқалай. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында наурыз мейрамының тұжырымдамасын жасауды ұсынды.
– Наурыз мейрамын атап өту тұжы­рымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қо­ғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұр­лым бекем болады. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біздің көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен, мемлекет басшысының тапсырмасына орай, наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын бекіту туралы Қаулының жобасы жарияланды.Аталған құжатқа сәйкес наурыз мейрамын жыл сайын 14-24 наурыз күндері аралығында атап өту ұсынылды.
14 наурыз – «Көрісу күні»;
15 наурыз – «Жайлау күні» ;
16 наурыз – «Шежіре күні» ;
17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні» ;
18 наурыз – «Игі істер күні»;
19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»;
20 наурыз – «Зияткерлік күні»;
21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»;
22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»;
23 наурыз – «Жоралғы күні».
Ал аталған бүкілхалықтың мейрамның міндеттері мен құндылығы қандай?
1) жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;
2) мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту;
3) азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырым­дылық жасау мәдениетін дамыту;
4) этносаралық қатынастар мәде­ниетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
5) Қазақстан табиғатының біре­гей­лігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту.
Бүгінде бүкіл қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын басқа да этнос өкілдері наурыз мейрамын бәрі бірге тойлайды. Наурыз мейрамының мәртебесі артты. Сөйтіп, наурыз Қазақстандағы бүкілхалықтық мерекеге айналды.Дұрысы, наурыз қазақтың дәстүр-салтын ғана еске түсіретін этнографиялық той-шараға айналмауы керек қой..

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/61633

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру