Ш.Шаяхметов орталығынан Моңғолияға 2000 кітап берілді
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханаға екі мыңнан астам кітап берді.
- 90 жылдарға дейін Қазақстаннан Моңғолияға қазақтілді газет-журналдар, кітаптар жиі жіберіліп тұратын еді. Соңғы жылдары бұл үрдіс біраз үзіліп қалды. Ал бұл жолы бізге Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Ердембекұлы ағамыз екі мыңнан астам кітап сыйға тартып, соны алып кетуге келдік. Атажұрттан алыстағы қандастардың қамын ойлап, қолындағысымен бөліскен Ербол ағама алғысымды білдіремін,- дейді Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхана директоры Асқар Шаймарданұлы.
Асқар Шаймарданұлы сұхбат барысында «кітапқа деген қызығушылық төмен» дегенге келіспейтіндігін де жеткізді.
- Техника дамығандықтан кітапқа деген қызығушылық төмендеп кетті дегенге келіспеймін. Соңғы жылдың статистикасына қарасақ, бастауыш сынып оқушыларының саны күрт өскен. Тіпті, Моңғолияда малшыларға дейін қаптап кітап әкетіп, оқып жатады. Көзбен көрмеген соң сенбессіздер, кітапханада оқырмандарға орын тапшы,- дейді ол.
Ақтан Бабиұлы атындағы кітапхана Баян-Өлгейдегі жалғыз орталық кітапхана. Оқырмандарының 97 пайызы қазақтілді. 70 жылдық тарихы бар кітапхана қорында 120 мың кітап бар. Оқырмандарға қазақ, моңғол, орыс және ағылшын тіліндегі көркем әдебиеттер мен балалар әдебиеті, салалық кітаптар мен сөздіктер және т.б. ұсынып отыр.