ОҚШАУЛЫҚТАН – ОРТАҚ ІСКЕ

12.04.2023

2023 жылғы 12 сәуір күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Ғалым хатшысы Нұрлыхан Нұруллақызы мен Ақпараттық технология басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы «Астана» халықаралық қаржы орталығында өткен «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» – ғылым мен бизнесті біріктіретін диалог алаңына қатысты.

«Бүгінгі Ғылым күніне орай өткен келелі бас қосудың қандай тағылымы болды?» – деген сауалымызға әріптестеріміз былай деп жауап берді: «Тарих толқынында фундаментальды ғылыммен бірге қолданбалы ғылым өмір сүріп келеді. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, іргелі ғылымға көбірек көңіл бөліп, қолданбалы салаларды кейінге ысырғандықтан, экономикасы мешеу қалып отырған мемлекеттер бар. Ал, іргелі зерттеулермен айналыспай, басқа елдердің технологияларын енгізу арқылы даму жолын ұстанып отырған мемлекеттер де жеткілікті.

 

Бірақ, «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жоғарыда айтылған қос бағыттың ортасында тепе-теңдікті сақтап, бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де жұмыс істеп жатқан елдер көп. Ғылым Академиясын қайта құрып жатқан Қазақ елі осы замана көшінің басынан табылады деп ойлаймыз.

Бұл диалог алаңы ғылым мен бизнестің интеграциясын күшейтуге бағытталған. Еліміздің қабырғалы жоғары оқу орындары мен ҒЗИ білікті ғалымдары ғылыми идеялары мен әзірлемелерін ұсынды. Ғылыми дамудың коммерциялық құндылығын жеткізу барысында жаңа өндіріс құру арқылы коммерцияландыру жобаларын іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салық түсімдерін көбейту туралы пікір білдірді.

Әлбетте, қазіргі жаһандану үрдісінде оқшаулық деген мүлдем емес нәрсе, қайткен күнде де, ғылым мен қаржылық әлеует ортақ іс жолында біріге алады. Осы жағынан келгенде, біздің салаға қатысты бұрын да өз арамызда көптен қозғалып жүрген ойланарлық кейбір жәйттер бар екен деген ойға бекіне түстік».

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру