ЖАМБЫЛДА БАР ЖАҚСЫ ІСТЕР

25.04.2023

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өңірлердегі тіл оқыту орталықтарының қысқаша жәй-күйімен таныстыруды одан әрі жалғастырады. Бүгінгі сөз Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу барысы төңірегінде болады.

Оқырман қауымға түсінікті болу үшін бірден айта кеткен орынды болар, сөз болғалы отырған орталық Жамбыл облысы әкімінің 2006 жылдың 28 қыркүйегіндегі №267 қаулысымен құрылып, 2007 жылдан бері үзіліссіз қызмет көрсетіп келеді. Сырт көз үшін онша көп уақыт болып көрінбегенімен, атқарылған жалпы жұмыстың көлемі тұрғысынан зерделегенде,

тәжірибесі мол, білікті орталыққа айналғанын еріксіз мойындайсың. Бірақ, бүгінгі әңгіменің тақырыбы тіл үйрету, соның ішінде оқу-әдістемелік құралдары жөнінде болғандықтан, тым әріге тереңдемеуге ұйғардық.

 

«Масару Ибуканың «3 жастан кейін кеш қалдыңыз» дейтін атышулы кітабын білесіздер. Аты айтып тұрғандай, сәбиге тәрбие беру мен тіл үйретудің ерекшелігі өте көп. Қалай болған күнде де алдыңда тапжылмай оытрған бала ғой. Ал, ересектерге келгенде сөз мүлдем басқа. Әртүрлі контингенттен тұрады. Оның ішінде тілек білдіруші өзге этнос өкілдері де бар. Сонымен, оқу-әдістемелік құралдар мәселесіне еріксіз ат басын бұрасың. Ең алғаш рет, Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша І, ІІ, ІІІ деңгейлерге арналған «Тараз» оқу-әдістемелік құралдар жинағы мен тіл дамытуға арналған мәтіндер жинағы мен сөздік 2010 жылы шығарылды. Әрқайсысы бір мың данадан, барлығы төрт мың данадан жарық көрді»,– дейді мекеме басшысы Гүлхан Мұхтарқызы Әлімбекова. – 2014 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойыншаМ.Ноқрабеков, Г.Аманова, Р.Бакиров, Ә.Ыбырайым, Х.Баратова, М.Джинлиров, ХДжинлирова, Ғ.Қазжанов, М.Марова, М.Маюфи, Ф.Мусаева, Ф.Сусиева, Г.Таженова, Р.Юнусовалардың құрастыруымен «Қазақша-дүнгенше, дүнгенше-қазақша» сөздік дайындалды. Жалпы сөздіктер қай тілді болса да, дамытуда үлкен жақсы рөл атқарады. Әсіресе, жаңа сөздер үйренуде, не болмаса бұрын білетін немесе түсінбейтін сөздердің мағынасын анықтап алуда жедел көмекке келеді».

Алғашқы тәжірибенің текке кетпегенін кейінгі жарық көрген оқу-әдістемелік құралдардан анық байқауға болады. Мазмұндық жағынан да саналуан болып келеді. Мәселен, орталықтың аға ғылыми әдіскері Шынар Бахытбек пен орталықтың қазақ тілі оқытушылары А.Абдрахманова, А.Тұрсынбекова, М.Тұрысбек 2017 жылы «Қазақ тілі сабағында қолданылатын ойын түрлері» ойындар жинағы дайындайды.

Ал, 2019 жылы «Әліппе» (Жаңа әліпбиде жазып үйрен), «Абайдың қара сөздерінен диктанттар жинағы», «Сөзжұмбақтар», «Жаттығулар жұмысы» әдістемелік көмекші құралдары мен «Мақал-мәтелдер» көмекші құралы жарыққа шықты.

2020 жылы 1500 данамен «Отбасында қазақ тілін бірге үйренейік!» сөздігі, қазақ тілін өз бетінше онлайн үйренугеарналған «QazOnline» мобильді қосымшасы оқырманымен қауышады. Соңғысын Play маркер немесе арнайы QR код арқылы телефоныңызға жүктеп алып, қолдануға болады. Қазірдің өзінде бес мыңнан аса адам пайдалануда.

2019-2022 жылдар аралығындағы жарық көрген әдістемелік өнімдердің жәй-күйіне сәл тоқтала кетсек, мекеме басшысы Г.Әлімбекованың тікелей жетекшілігімен тілдерді оқыту бөлімінің басшысы Ш.Бахытбек пен орталықтың қазақ тілі оқытушылары екенін байқайсыз. Күнделікті нақты тәжірибеге сүйеніп жазылған теориялық ғылыми еңбектердің өз мақсатына жетіп жатқанына шек келтіруге болмайды. Әлі күнге еш өзгеріссіз қоланыста келе жатыр.

Былтыр төрт бірдей еңбек жарияланды. Сөйтіп, қазақ тілін шет тілі ретінде үйренушілері үшін қарапайым деңгейге арналған «Жұмыс дәптері», «Төл әріптер сөздігі» мен «Қазақ тілін оқытудың белсенді әдістері» жинағы, қарапайым және базалық деңгейге арналған «Диктанттар жинағы» тіл үйренушілердің көзаймына айналды.

Тіл саясаты комитеті биыл оқу-әдістемелік құралдар дайындау жұмысын айрықша қолға алмақшы. Жамбылдағы көңіл қуантарлық жақсы істердің жалғасын тауып, тағы да жарқырай көрінеріне сеніміміз мол.

 

 
Пікірлер (0)
Пікір қалдыру