Латын әліпбиі «Руский мирден» құтқара ала ма?!

16.05.2023

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің 12-сі өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қатысты ойын ортаға салып: «Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қателіктер жібердік», - деп мәлімдеді.

Қазақ алфавитын латын қарпіне көшіру – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екені жұртқа аян. Назарбаев ол ойын ең алғаш 2006 жылы ортаға салған. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз кере», - деген еді.

2017 жылдың 12-ші сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуі керектігін әрі болашақта барлық саладағы іс - қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін» қадап айтты.

Сол кезде Коммунистік партия атынан парламант депутаты болған Ирина Смирнова ханым: «Мұндай жолмен Қазақстан орыс әлемінен алыстап кетеді. Себебі, кириллица жойылса, бұл алфавит те жоғалады. Бұл мені жабырқатады», - деп қарсылығын жасырмай айтып еді.

Тоқаевтың асықпау шешіміне бір қуанса Жаңа Қазақстанның «су жаңа депутаты» атанған осы Смирнова ханым қуанған шығар.

«Airan» You tube арнасына: «Қазақстан мен қазақ халқы - «орыс әлемінің» бір бөлігі» деп аты шулы сұхбат берген еш жерде тіркелмеген «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы опозициянер Петр Своик та өзінің көрегендігіне көзі жетіп бір қоразданып қалған болар.

Президент болғалы бері латын әліпбиіне байланысты оңды пікірлер айтып келген Тоқаев былтыр Орыс тілін дамыту мақсатында халықаралық қор құру бастамасын көтерді. Оған ашық мінберлерде «Қазақстан – Орыс тілді мемлекет» деп ойын жасырмай айтып жүрген Ресей президенті Путин қолдау білдірген. Президент ұсынысының қазіргі күрделі геосаяси жағдайға байланысты айтылғаны түсінікті. Украина мен Ресей қақтығысында Кеңес одағын қалпына келтіруді көксеп отырған Кремль жеңіліс тапса, 2025 жылға қарай латынға көшуіміз де бек мүмкін.

Президенттің көшелердегі латын қарпімен жазылған билбордтарға шүйлігіп: «Бұл – қазақ тілі емес, тіліміздің табиғатына жат, бұрмаланған мәтіндер. Сондықтан бұл жұмысты Ғылым академиясының басшылығымен асығыстыққа жол бермей, жан-жақты ойластыра отырып, жалғастыру керек. Тағы да қателесуге құқымыз жоқ», - деуі соны аңғартады.

Латын әліпбиіне көшуде бір дыбыс-бір әріп қағидаты қатаң сақталуы керек. Өткен ғасырда Араб әліпбиіне негізделген төте жазуды да, 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданғанымызда белгілі. 80-жылдан астам уақыттан бері кирилиициямен жазып келеміз. Қызыл идеология күштеп таңған ұлтымыздың дыбыстық заңдылықтарына жат 42 әріптің кесірінен қазақ тілі фонетикалық жағынан да, лексикалық, грамматикалық жағынан да құрудың алдында тұр. Шындығында қазақ тілінің өзекті мәселесі бірінші кезекте әліпби ауыстыру емес, орыс тілінің ықпалынан толықтай азат ету. Қазақ тілін көзсіз орыс тіліне, орыс әлеміне бейімдеу датынға көшуде де қолбайлау болып тұр.

Сондықтан өткеннен сабақ алып әкімшілік килігуге жол бермеу керек. Мәселемен ғылыми мамандар айналысып, ақылдасып шешім қабылдауы керек. Қазақ ұлтының болашағына, руский мирмен шектелмей әлемдік өркениетпен жақындасуына саятын өзекті мәселені саяси көкпарға айналдырмау керек. Олай істесек Свойктерге күлкі болғанымыз болған.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру