ТІЛ ДЕГЕН - ҰЛТ ДЕГЕН СӨЗ: АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҚАЗАҚ ҰЛТЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КАРТАҒА ҚАЛАЙ ОРНАЛАСТЫРДЫ
Ұлт ұстазы, Алаш қозғалысы рухани басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Қазақстанда түрлі шаралармен аталып өтілуде. Университеттер, ғылым ордалары, институттар мен
зиялы қауым бір жағынан Ақаңның жолымен бірсыпыра экспедиция ұйымдастырса, екінші жағынан оның еңбектерін қайта басып шығарып жатыр. Сонымен қатар, елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында ұлт ұстазына ескерткіш те қойылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де Байтұрсынұлының мерейтойына өз үлестерін қосып үлгерді [1]. Ал, ұлт ұстазы мерейтойының халықаралық салтанатының үстіміздегі осы қазан айында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін болып бекітілуі зор мәнге ие, бұл біз сықылды Еуропадағы қазақ диаспорасы өкілдерін де қуантатын жай.
Ахмет Байтұрсынұлының тіл төңірегіндегі қызметтеріне тақырыбымыз аясында тоқталудан алдын, 19 ғасырда Еуропада орын алған жағдайды қысқаша айта кетсек артықтық етпес. Бенедикт Андерсонның “Қияли Жұртшылықтар” (Imagined Communities) атты еңбегінде баяндауынша, ол кезде “… Еуропадағы ішкі династиялық империялар негізінен көп тілді еді. Басқаша айтқанда, күш және басылым тілі жағынан сызылған карталар бір бірінен айырмашылықты еді” (Андерсон, 2004: 94). Біз мұны сол кездегі түрлі тілдер картасы деп атасақ та болады. Аталған еңбегінде Андерсон өз ойын былай деп сабақтайды: “19 ғасырдың айырмашылықты басты ерекшелігі саналған сауаттылық, сауда, индустрия және мемлекеттік аппараттардағы дамушылық, әрі династиялық мүлік-жер ішінде халық тілі негізінде бірлік жасау турасында мықты түрткілер туғызды” [2].
Еуропада орын алған тіл төңірігендігі бұл құбылыстар біртіндеп қазақ жерінде де белгілі дәрежеде, азды-көпті айырмашылықтармен болса да байқала бастады. 19 ғасырдың екінші жартысында, Еуропа өркениетін жақтайтын алғашқы қазақ зиялыларының шыға бастағанын көреміз. Олардың қатарында Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсары және Абай Құнанбай үшеуінің алған орны ерекше саналады [3]. Батыстық мамандар тарапынан “секуляр зиялылар” [4] деп аталған осы зиялылар тобы, ғылым-білім, педагогика және әдебиет салаларында еңбектер жазды. Олар Еуропа өркениетіне жету үшін орыс тілін білудің керектігін айтса да, қазақ тілінде оқытудың маңыздылығына да назар аударып отырды. Мысалы, Ыбырай Алтынсары қазақша оқулықтар жазды. Алғашқы қазақ грамматика кітабын және алғашқы Қазақша-Орысша сөздікті дайындаған да сол. Орыстармен тең құқықты болудың жолы, жақсы білім алумен ұштасатындығына сенген Алтынсары, қазақ тілінде оқытуды, білім беруді өте маңызды деп санады [5].
Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсары және Абай Құнанбайлардың өздерінен кейінгі қазақ зиялыларына болған ықпалы да талас туғызбайды. Қазақ тіліне, әдебиетіне қуат берген, оларды жасатқан қайраткерлер туралы сөз қозғалғанда, белгілі ғалым А. Зеки Велиди Тоган “Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып және Бөкейханұлы Әлихан есімдерін ерекше атайды. “Түрік елі Түркістан Тарихы” және “Естеліктер” (Хатиралар) деп аталатын еңбектерінде ол, Байтұрсынұлын ғалым, жазушы деп сипаттап, жоғары бағалайды. Ол, “…Ахмет Қазақ тілінің сарфин (грамматикасын) жазды және емлесін (орфографиясын) нақты түрде анықтады” деп атап өтеді. [6].
Ахмет Байтұрсынұлы оқу-ағартудың, қазақша бала оқыту ісінің кең қанат жаюы үшін араб жазуы негізіндегі әліпбиге реформа жасалуын керекті деп санап, педогогика және білім беру салаларында жаңа әдістерді пайдалануды жақтады. Ақаң, педагогика саласына қоса, басқа салаларда да толып жатқан еңбектер, өлеңдер жазды, аудармалар жасады. Бұларды қазіргі қазақ ғылым ордалары жақсы бағалап, қайтадан басып шығарып отырғанын да жоғарыда атап өткен едік.
Ахмет Байтұрсынұлы, тіл, дін және жазуды ұлтты ұлт қылған негізгі қасиеттер деп санады. Осы орайда, ол Ресей империясының орыстандыру, ұлтсыздандыру саясатын сынаудан да тайынбады. Бұл туралы ол былай дейді: “Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы суық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек… қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс” [8].
Ал, Байтұрсынұлы, Еділ-Оралдан Қытайға шейін, Жайықтан Түркістан Алатауға шейін созылған аумақта тұратын қалың қазақтың ішіне түрлі халықтардан тұратын және баса көктеп кіріп жатқан қоныс аударушылар туралы да алаң білдіреді. Ол, осындай заманда біз атымызды, ұлтымызды жоғалтпай, қазақ деген ұлт ретінде неге өмір сүре алмайды екенбіз деп сұрайды? Осыған орай Байтұрсынұлы “бұл сұрақ бізді күндіз түні мазалап, ұйықтатпайды. Біздің осындай аралас халықтарымыз болғанда, тек өзінің тілі, өзінің әдебиеті бар ұлт қана сақталады. Өз тілімен сөйлеген халықтың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды” деп түйіндейді [4]. Ақаң, ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл екендігін айтады. Бұл туралы ол, “сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер ең әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады, дейді.” [8].
Ақыры мешеу дамыған, қараңғылық басқан қазақ қоғамын ояту, оны ұлт азаттық күрес жолына алып шығу мақсатында «Қазақ» газеті шығарылады. Бұл газет, “белгілі дәрежеде, сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қайраткерлері Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсын және М. Дулатұлының үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді…” [9]. «Қазақ» газетіне бас редактор болып Ахмет Байтұрсынұлы белгіленді. Ол, газеттегі алғашқы мақаласында былай деп жазды: “Аталы жұртымыздың, ауданы ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін “Қазақ” қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет” [10].
Батыстық мамандардың пайымдауынша, «Қазақ» газеті редакторларының негізгі саяси мақсаты қазақ халқының өз алдына жеке халық болып сақталуы еді. Сонымен бірге олар, қазақтар саяси және мәдени жеңілдіктер алуға құқылы деп санады. Олар “қазақтықтарын” ұлттық болмыстың бір түрі деп түсінді. Газеттерінің атын да соған арнады. Негізінен қазақ атауының өзі саяси ұстаным еді. Өйткені бұл, орысша “Киргиз” деп жаңсақ атауға қарсы, қазақтардың өз аттарын атап еске салуы еді. Байтұрсын және қаламдас серіктері ассимиляцияға қарсы күресіп, тілді, мәдениетті және тарихты сақтауға күш салды. Олар қазақтардың қазақша сөйлеп, қазақ бола тұрып, прогрессивті (алға басқан), модерн (заманауи) ел бола алатындығын алға тартты [4].
“Қазақ Алаш Орда Қозғалысы” деген тақырыпта диссертация қорғап, доктор (PhD) атанған Еуропадағы қазақ диаспорасына жататын жас ғалым Өзгекан Кесики-Аюби, Алаш қозғалысының, осы «Қазақ» газетінің жазушылары мен редакторлары айналасында дүниеге келгендігіне назар аударады. Газеттің қызметтерінің басқа зиялылар мен әлеуметтік қозғалыстардың да кәдесіне жарағандығына меңзейді. Бұған қоса ол, оның қазақ даласындағы хабарларды жинап және тарату арқылы пайдалы бір байланыс орталығына айналып үлгергендігін де атап өтеді [11]. Жас ғалымға осы баяндаманы дайындау кезінде берген кеңесіне орай, алғысымды айта кетпекпін.
1913 жылы Байтұрсынұлы шығарысқан «Қазақ» газеті, тез арада өзі реформалап, стандарттастырған Қазақ әліпбиін нығайтушы платформаға айналды. Оның «Төте жазу» деп аталатын әліпбиі 1929 жылға дейін қолданылды. Одан соң Совет үкіметі қазақтарды алдымен латын әліпбиіне, кейін кирилицаға көшірді. Байтұрсынұлының реформалаған қазақ әліпбиінің ықпалы соншалықты маңызды болды. Қытайдағы және Моңғолиядағы қазақтар әлі күнге шейін Байтұрсынның төте жазуын қолдануларын жалғастырып келеді (Кесики-Аюби, 2016: 124). Бұған қоса төте жазумен шыққан дүниелерді, сол жазуды қолданған, өзара сол жазумен хабарласқан қазақ диаспорасы өкілдеріне Еуропа елдері мен Түркияда да әлі күнге шейін жиі кездеседі. Мұның өзі “1926 жыл Бакуда өткен Бүкілодақтық Түркология Құрылтайында реформаланған араб әліпбиі негізіндегі төте жазуды қолдап, латын қарпіне қарсы тұрған” [12]. Ахмет Байтұрсынұлының әлемнің әр жеріндегі қазақтардың тіл және жазу арқылы біртұтас ұлт болып ұйысуына, сақталуына қосқан зор үлесін аңғартса керек. Міне сондықтан, Ақаңның қазақ ұлтының жоғарыда аталған халықаралық тілдер картасына орналасуындағы рөлі үлкен де ерекше деп айтуға толық негіз бар.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Айқын, “Ақаң тойы – ақил тойы “ (Д. Камзабекұлымен өткен сұхбат), 03.09.2022.
- Benedict Anderson, Hayali Cemmatler, Milliyetçiliğin Kökenleri ve Yayılması), Çev. İskender Savaşır, Istanbul, 2004, B. 94.
- Hambly, Zentral Asien, (Fischer Weltgeschichte Band 16), Frankfurt, 1966, B. 209.
- Martha Brill Olcott, The Kazakhs, Stanford, 1995, B. 105, 118.
- Kayyum Kesici, Dün, Bugün ve Hedefteki Kazakistan, Istanbul, 2003, 152-154
- A. Z. V. Togan, Bugünkü Türkili (Türkistan) ve Yakın Tarihi, Istanbul, 1942-1947, B. 496.
- Д. Әшімханов, Бес Арыс, Алматы, 1992, 212-214 б.
- Сағымбай Жұмағұл, “Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері”, Орталық Қазақстан, 14.05.2020.
- М. Койгелдиев, Алаш Қозғалысы, Алматы, 2008, Б. 187.
- А. Байтұрсын, Қазақ, Алматы, 1998, Б. 11.
- Özgecan Kesici-Ayoubi, Attaining Modernity through Nationalism: The Kazakh Alash Orda Movement, PhD Dissertation, University College Dublin, 2016, B. 124.
- Hasan Oraltay, Alaş Türkistan Türklerinin Mill İstiklâl Parolası, 1973, B. 59.
Әбділқаюм Кесіжі
Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы, Саясаттану ғылымдарының докторы, Германия
Дереккөз: "Тіл және Қоғам" журналы