«АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ» АТЫРАУДА ӨТЕДІ

22.05.2023

2023 жылғы 25 мамыр күні Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті еліміздегі Тілдерді оқыту орталығы оқытушылары арасында «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауды» Атырау қаласында өткізеді.

Жыл сайын кеңінен танымал болып келе жатқан дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – ұлт ұстазының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтап насихаттау, сондай-ақ оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілін үйретудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу.

Мемлекеттік тілді авторлық бағдарламамен оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушыларға қолдау көрсету арқылы олардың кәсіби деңгейін көтеру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасауды көздейтін байқау биыл үш кезеңнен тұрады.

Алғашқы кезеңде үміткер авторлық бағдарламасын таныстырады.

Келесі кезеңде отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің сөйлеу әрекетінің дәстүрлі төрт дағдысын үйретуге бағытталған тиімді әдіс-тәсілдеріне қатысты екі сұрақтыұяшықтан таңдап, жауап береді.

Соңғы кезеңде байқауға қатысушылар ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша В1 деңгейіне сәйкес келетін, құрамында өзге этнос өкілдері бар сынама топ тіл үйренушілеріне 20 минут ішінде сөйлеу әрекетінің оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым түрлері бойынша тапсырма орындатады.

Топ жарып шыққан жеңімпаздардың есімін білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды.

Қазылар алқасының төрағасы – А. Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры, ахметтанушы, ф.ғ.к. Ұлан Еркінбай. Мүшелері: Астана ІТ университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бекзат Динаева; А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті, п.ғ.к. Нұргүл Шадиева; Тіл саясаты комитеті Әдістемелік қамтамасыз ету және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, ф.ғ.к. Айнагүл Көкен; Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің доценті, ф.ғ.к. Айгүл Елеуова.

Жеңімпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болады.

Іс-шара аясында Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы орталықтың мамандары Атырау облыстық тіл оқыту әдістемелік орталығы мамандарының тәжірибесімен танысып, әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын жүргізеді.

Өтетін уақыты: 2023 жылғы 25 мамыр.

Басталуы: сағат 10-00.

Өтетін орны: Атырау қаласы, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония.

БАҚ өкілдері үшін байланыс телефондары: 8-702-976-70-68, 8-7172-44-19-81.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру