АНКАРАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАНЫ АРАЛАДЫ

19.06.2023

Арнаулы делегация Түркияның Анкара қаласындағы Ұлттық кітапханаға барып, осы білім ордасы ұжымымен қазіргі ақпараттық технологияларға сүйенген қоғам өміріндегі жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың рөлі туралы пікір алмасты. Осыдан үш жылға жетер-жетпес уақыт бұрын ашылған бұл кітапхананың басты ерекшелігі Анкарадағы Президент кешенінің ішіне орналасқан.

Кітапхана ұжымы өз ерекшеліктерінің бірі ретінде Түркия тарихына қатысты нумизматика мен фалеристика қорын мақтанышпен ұстайды екен. Делегация кітапхананың осы мұражайды аралау барысында Орталықтың күшімен жарық көрген ана тіліміздегі кітаптарды сыйға тартты. Сондай-ақ, кітапхананың қазақ тіліндегі кітап қорын көбейтуге болашақта да үлес қосуға әзір екендіктерін білдірді.

«Көзі тірісінде әулие атанған абыз Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тағылымды тәмсілі әлемнің қай түкпіріне барсаң да, менмұндалап алдыңнан шыға келеді. Анкара төріндегі ақшаңқан зәулім бұл кітапханадан түрік жұртының мәдениет, ғылым, өнер мен пәлсапа жауһарларынан басқа, дүниежүзі өркениеті туындылары көптеп жиналған. Соның қатарынан ана тіліміздегі жауһар туындылар көбірек орын алса қандай ғанибет»,– деді Бас директор Мақпал Жұмабай.

Қорда әлемнің жүз елінің 134 тіліндегі кітаптары жиналған екен.

Соның ішінде қазақ әдебиетіне арналған арнаулы бөлім бар.

Қазақстаннан сыйға берілген кітаптар ерекше көзге түседі.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру