Ұлттық LLM үшін қор жинау мақсатындағы кездесу өтті

13.01.2024

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Елубайқызы және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиевамен кездесті. Кездесуде еліміздегі архив және кітапхана қорын цифрландыру бағытындағы мәселелер ортаға салынды.

“Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай орталықтың цифрлы жобаларын таныстырып, көзі нашар көретін адамдарға арналған экрандық диктор жобасын кітапхана жұмысына пайдалануға ұсыныс берді. “Кітапхананың инклюзивтілігін арттыру, баршаға қолжетімді еткізу - біздің басты міндетіміздің бірі” - деді академиялық кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы. Екі мекеме алдағы уақытта бірлескен инклюзивті жобалар жасауға уағдаласты.

Әріптестік кездесуде қазақ тіліндегі мол әдеби-ғылыми мұра жинақталған ҚР ұлттық академиялық кітапхана қорын ауқымды тіл модельдерін оқыту үшін пайдалану бойынша ой-жоспар талқыланды. Кездесу соңында “Ұлттық ауқымды тіл моделін (LLM) құру - қазақ тілінің болашағы. Қазақ тілінің дата қоры үшін кітапхана және архив базасы аса маңызды” - деді “Тіл-Қазына” орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру