«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ІЗАШАР МИССИЯСЫ
«Қазақ» газеті туралы сөз болғанда, біз алдымен ұлы Мұхтар Әуезовке жүгінеміз. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».
Бұл «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен, «Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққан», «саясат толқынына түсіп ойы ашылған, мәдениет жолында аз да болса ілгері басқан» жас алашшылдың, оқиға ортасында жүрген куәгердің, замана жылнамашысының сөзі. Біз: «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы ұлттық энциклопедия» дейміз. Оның жоқшысы мен жаршысының бірі болғандықтан айтамыз.
«Қазақ» туралы жеріне жеткізіліп, толымды айтылмаған мәселенің бірі – ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының бастары бірігіп, саяси күрес алаңына шыққандағы «Алаш» партиясын құрудағы басылымның көзге көрінбес тарихи еңбегі. Аласапыранды, төңкерісті 1917– 1918 жылдары алып Ресейдің бұрыш-бұрышында, бұрыннан бұратана саналған өлкелерде ұлттық автономиялық құрылымдар дүниеге келіп жатқанда қазақтың да әлемдік тартыстан тыс қалмай, мемлекеттігін қайта қалпына келтіруге талпынғанын мақтанышпен еске алсақ, ол «Қазақ» газетінің жанқиярлық еңбегі мен жемісті ерлігі еді. Екі бірдей жалпықазақ сиезін өткізіп, «Алаш» партиясын құрып, Алашорда үкіметін жасақтаған, Алаш автономиясының кіндігін кескен «Қазақ газеті» (1913–1918) болатын.
2 ақпан күні Алаш жұрты 7–8 жыл көзі талып күткен «Қазақ» газетасының тұңғыш саны жарыққа шықты. Алғашқы нөмірдің алғашқы бетіндегі шығарушы-редакторы Ахмет Байтұрсынұлының сүйіншілеген «Құрметті оқушылар!» атты бас мақаласында басылымның мәні мен маңызы, міндеті мен мақсаты қара халыққа жалпақ тілмен ұғындырылды. Жалпы, газет атаулының төрт керегі бар: біріншісі – халықтың көзі, құлағы һәм тілі; екіншісі – жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе; үшіншісі – халыққа білім таратушы және төртіншісі – халықтың даушысы. Осылайша, ол қара халықтың көзін ашып, ортақ мақсат-мүддеге жұмылдырып, ұлт ретінде ұйытпақ.
1907 жылғы санақ бойынша Ресейде 2 175 атаулы газет-журнал шықса, соның 867-сі орыс тілінен басқа тілдерде, ал 30 шамалысы татар қандастардың басылымдары. 6 –7 миллион қазақтың жалғыз журналы «Айқап» қана бар, оған да шүкір. «Сөз – қару... Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық татар қандастарымыз сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастап еді, түзеліп ілгері зарығып бара жатыр. Орысша оқығаннан басқа, жастарыңды оқытып, көздеріңді ашып отырған татар. Бұл – татардың бізден ілгері кеткендігі. Олар бізден емес, біз олардан үйреніп жатқанымыз білім дәрежесінде біздің төмендігімізді көрсетті».
«Қазақ» газетінің алғашқы үш нөмірі осылайша шыққан болатын
Одан әрі «Алаш азаматтары!» деп заманына қарай амал жасауға үндейді. Әрине, «қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ», әйтсе де ұлтқа қызмет етуге ниет болса, кезегін күтіп тұрған жұмыс көп; оның ауыры да, жеңілі де, ұсағы да, ұсақтан ұлғаятын ұлығы да жетіп артылатынын айтады. «Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, өмір қысқа, қолдан келгенін өмір жеткенше істеп кетелік» деп жалпақ жұртқа жар салған қырық жастағы болашақ Алаш көсемі: «Құдай сәтін салғай, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла!» деп іске кіріселік!», деген батамен түйіндейді.
Екінші қадам, газеттің 2-саны тағы да сенбіде, 10 ақпанда жарыққа шығады. Сол себепті де шығарушы Ақаң бас мақаласына «Орынбор, 10 феурал» деп ат қояды. Бұл – саяси астарлы мақала, алыс мақсатты көздеген бағдарлы көсемсөз. «Іргеміз тұтас ыдырамай, бірыңғай жатқан халық едік. Енді, арамызға бөтендер келіп кірісейін деп тұр» деп басталатын уайым сөзді жілікше шағып, талдайын десең осыдан 111 жыл бұрын жазылғанды тұтастай қайта қотарып қайталағың келеді. Мақалада жұрт талқысына тасталған әрбір сауал ұлттың ащы жарасына тұз сепкендей, соқыр көздің өзінен жас шығарғандай.
«Бөтендер кіріскенде халіміз қандай болар?»... Адамзаттың қатпар-қатпар қария тарихынан оған мысал көп. Басқыншы, отарлаушы жұрт қашанда тұрғылықты халықтан күші зор, қару мол, «мәдениетті». Сондықтан жергілікті тұрғындар, аборигендер қашанда аяқасты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Замана өрмегі ауып, қамсыз қазақтың басына күн туды, кең-байтақ сахараға қара шыбынша мыңдап-мыңдап «қарашекпендер» қаптады. Ақаң жазады: «Егін шығатын жерге егіншілер келіп орнап жатыр; мал бағатын жерге мал өсірушілерді алып келіп орналастырмақшы; балығы бар жерге балықшыларды қондырмақшы. Қысқасы, ол жолмен, бұл жолмен болсын қазақ арасына бөтен жұрттар кірейін деп тұр».
«Арамызға һәр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра алармыз ба?»... Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейінгі ұлан-ғайыр жерді жайлап, мал тұяғының ізіне ерген қалың қазақтың ендігі күні не болмақ? Отырықшы болып, егін сала ма? Аттан түсіп, қалалық бола ма? «Осы – бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бұзатын нәрсе» дейді Ақаң. Бұл жалғыз А.Байтұрсынұлының ғана емес, жаңа ғасыр басындағы ондаған, жүздеген қазақ оқығандарының, алашшыл ұлтшылдардың уайымы еді.
«Не істеу керек?»... Бұл тағдырлы тарихи сұрақ сол кезде өз халқынан отар ел-жұрты көп «озық ел» саналған білегі жуан империялардың алдынан да, бір сәтте басынан бағы ұшып, аяқ-қолға кісен, мойынға бұғау киілген «артта қалған» өзгеге бағынышты жұрттардың да алдынан сан мәрте шыққан, әлі шыға беретін мәңгілік сұрақ.
Газеттің кейінгі нөмірлері «киіз үймен» өрнектелді
«Басы бүтін өзгеге бағынышты, отар елге айналмас үшін не істемекке керек?»... Не шара бар?.. Торға түскен торғайдай шырылдамастан басқа қандай амал бар? 1905 жылғы «жылымықтан» соң зарлап жүріп, алақандай газет шығаруға әрең-әрең қол жеткізілді. Саптыаяқтың басында қарауылы, тоқпағы дайын тұр. Иә, «сөз – қару!». Артық айтса, бұра тартса сол қару өзіне қарай кезелмек. Қаламұшын зарлы сияға малып, запыранын толық төгуге де тосылады Ақаң. Ата жау, дұшпанның атын да тура атауға болмайды. Май шамның жарығымен қолжазбасындағы «патша», «хүкімет», «орыс» деген сөзді белінен сызып, «бөтен», «һәр түрлі жұрт», «қарашекпенге» ауыстыруға мәжбүр. Қарудың, қарсылықтың түр-түрін білсе де, тілін тістеп, «сөз-қаруға» сүйенеді. Әр нәрсе уақытымен, Алланың қалауымен. Өйткені өз халқының тұрмыс-тіршілігі мен қарым-қуаты өзіне аян. Бір кезде қалың ұйқыдағы қазағын «Маса» болып шағып, «Қырық мысалмен» әрең оятып, «Әліппеге» үйретіп алған соң, амалсыздан сол сөз-қаруын тағы да қылышша суаруға мәжбүр. Қазақтың жоғы көп. Түртіп қалсаң, алдыңнан самсап түйіні күрмелген күрделі мәселелер шығады. Қазақ арасына сыймай орысы ормандай Орынборға айдалып келіп отырғаны мынау... Бұл түрімен қалайша хүкіметке қарсы келсін...
Бір жұбанышы – қаншама жыл талаптанып, тартысып жүріп газета шығаруға рұқсат алғаны. Әзірше жалғыз, аз күнде ақылшы данагөй аға да, тыныс-демеуі болар от-жалынды інісі де қатарға қосылмақ... Ең қиыны бастау ғой, игі іс тоқталмас, жүйелі арнасын табар. «Не істеу керек?!.» Оны көптің таразысына салып, сұрауды көлденеңінен қоя беру керек. Шола тұманның да айығатын, тұмша бұлттың да сейілетін кезі туар. «Не істеу керегін» қазағы өзі шешер, ол күн де туар.
Бар ғұмырын бағыштаған, оң жамбасына келетін өзінің жеке-дара «Не істеу керектері» де жетіп артылады. Оқу, білім, мектеп, оқулық, мұғалім... Бір адам емес, жүз ағартушы зарланса да бітпейтін тақырып; бір емес, он газета жазса да, түгесілмейтін салмағы батпандай күйіп тұрған мәселелер. Ең бастысы, көш бағытын түзеп, бастау керек. Ақ қағазға маржандай жазулар тізіліп түсе бастады.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміз, дін де сақталу қамын қатар ойлау керек». Қайран Ақаң, дана Ақаң осыдан 111 жыл бұрын осылай зарлап бастап, өмірінің соңына дейін ана тілі мен ата дінінің қамын жеумен өтті... Рухани дүнияңа батпандап кірген жыланқұрт мысқалдап шығатынын шыққыр көзіміз көріп отыр. Бір шүкірлігі – тіліміздің жоғалмасы анық, дініміздің діңін сақтау өз қолымызда.
Бас редактор бас мақаласында қазақты газет бетінде арнайылап талдап-таразыланатын, шешімін шұғыл табуды қажет ететін сұрақтарын қоя береді: «Қазақ балалары қалай оқып жүр?», «Әдеби тіл дегеніміз қандай тіл?», «Бұлардың өз тілінен қорынып, жерінетін себебі не?», «Қазақ тілін сақтау керек пе?»... «Байқаушы» (Ақаңның бүркеншік есімдерінің бірі) қазақ қалпының тамырын ұстап, дертін бағамдайды, алдымен көтерілер, айтылар соқталы-соқталы тақырыптарды таңдайды. Өзі айтпақшы, жол – ұзақ, қазақ – жоқшы, бәрін тарқатып, жеріне жеткізе айтар кезі де келмек. Ең бастысы – қазақтың бағына туған «Қазақ» шыр етіп дүниеге келді, оның Алпамысша өсер, Алашын өсірер кезі алда.
Газеттің 3-саны араға апта салып, тағы да сенбіде жарыққа шықты. Ол Ақаңның «Орынбор. 18 феурал» деген мақаласымен ашылады. «Газетада сыртқы да, ішкі де хабар жазылып тұратын болған соң, аз да болса алыстағы жұрттардың жайынан қазаққа мағлұмат бергеніміз теріс болмас», деп бастайды редактор. Болашақтан үміті бар, өз тізгінін өз қолына алам деген халық алты қырдың астындағы еларалық жағдайдан да хабардар болуы шарт. Бұл кез бауырлас Түркияның отқа оранған, анталаған жауға таланып жатқан кезі-тұғын. Еуропада қырғиқабақтық өршіп, ұлы жаһандық соғыстың лебі анық сезіліп, халықаралық қазан бұрқ-сарқ қайнап жатты. Шетелдік жаңалықтарды селт етпей қадағалап отырған «Қазақтың» кейінгі жылдарда тіптен тұтас нөмірді халықаралық сараптамаға арнаған кездері де болды. Редакция қашанда қандас, діндес Түркияға бүйрегі бұрып, тілектестік білдіруден айныған емес.
Алғашқы санның алғашқы бетіндегі «Сыртқы хабарлар» атты шағын бастау мақаланың авторы кім деген сауал алдымыздан шығып, бірден «А.Байтұрсынұлы» деп кесімді пікір айтуға күмәнданған тұста аталған «Орынбор. 18 феурал» мақаласы бізге көмекке келді. Әрине, «Қазақ» газетінің толық корпусы жасалып, жинақталып 7 том болып жарияланған соң бұған дейін өзіміз күмәнданып жүрген көптеген сауалдың жауабы табылды, бүркеншік есімдердің құпиясы ашыла бастады. Бір өкініштісі, «Қазақ» газеті редакциясының архиві жоқ, сақталмаған, нақты деректермен тұжырым жасарға дәрмен жоқ. Жауаптан гөрі сауал көп: редакция қалай жасақталды, штаты қандай болды, кімдер жұмыс істеді?.. Мәселен, 1915 жылы газет аптасына екі мәрте шығып тұрғанда басылымның қарбалас жұмысы қалайша атқарылды? Оның үстіне ол кездегі техникалық мүмкіндік те шектеулі: мақаланы жазу, аударма жасау, хат қорыту, корректура, баспаханалық әріп теру, т.б. бәрі қолдап қана істелетін қыруар шаруалар. Амалсыздан әзірге сол газет бетіндегі болмашы деректерді ғана місе тұтуға мәжбүрміз.
«Қазақты» «Қазақ» қылған, тамырына қан жүгіртіп, тоқтаусыз шығып тұруына бар күш-жігерін салған, қалам қайраты мен білім-білігін сауған Алаштың үш көсемі: шығарушы Ахмет Байтұрсынұлы, оның оң қолы Міржақып Дулатұлы мен сол қолы Әлихан Бөкейхан болатын. Әлекең ол кездерде Самара қаласында, мемлекеттік қызметте, ал Міржақып Семей түрмесінде қамауда жатқан. Газеттің 9-март күнгі 5-санында: «5-мартта Міржақып мырза Дулатов Орынборға келіп қазақ бауырларына қосылды» деген шағын хабар басылды. Іле-шала 6-нөмірде Міржақыптың «Айтыс» (Лермонтовтан) өлеңі, 7-нөмірде «Адрианопол» атты бас мақаласы (!) жарияланды. Ал 5–9-нөмірлерде жарық көрген атақты Г.Бичерстоудың «Том ағайдың күркесі» атты романы туралы Г. Петров дегеннің «Құлдар досы» мақаласын да аударған Жақаң. Газеттің сол 5–6-сандарынан бастап газет бетінде елдің ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты шағын-шағын хабарламалардың көбеюі (санының артуы) да Ақаңның қолын ұзартқан Міржақыптың ерен еңбегі десе болады. Бір сөзбен айтқанда, Міржақып Дулатұлының түрмеден шыға салып жанұшырып Орынборға жетуінің, келе сап газеттің қара жұмысына жегілуінің арқасында «Қазақтың» «екінші тынысы» ашылды.
1905 жылдан бастап Алаштың мұң-мұқтажын жоқтайтын арнайы бір газет ашу мақсатымен талай есіктерді тоздырған Әлихан Бөкейханның аты-жөні 7-санда (22 март) ғана көрінеді. Мақала «Уақытта» жазған «Қазақ жігітіне» деп аталып, «Сағадат [Петерборға] кабинет жері туралы барып, о да менің айтқанымды істеп қайтқан еді. Ғалихан Бөкейханов» деген ескертпемен аяқталады. Оның көпке мәшһүр «Қыр баласы» бүркеншік есімімен жазылған ізашар мақалалары: қазақтың саны мен жерінің мөлшері туралы статистикалық деректерді келтірген «Қазақ» (№8, 30.03.1913), «Үшінші Дума һәм қазақ» (№9,10), «Кабинет жеріндегі қазақтар» (№10), «Сайлау» (№12), Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» кітабына сын (№12), «Қазақтан солдат ала ма?» (№13), «Моңғол халі» (№13), «Сайлау» (№14) және т.б. Міне, көріп отырғанымыздай, Әлекең «Қазақ» газетіндегі алғашқы мақалаларынан-ақ негізінен саяси мәселелерді басты назарда ұстады, астана Петербор мен әлемде болып жатқан өзгерістерді оқырманға тез жеткізуге ұмтылды.
1913 жылы 44 саны шыққан «Қазақ» газетінің бас мақалаларының авторларына жіп тағудың өзі көп нәрсені аңғартады. Осы 44 санды бас мақаланың денін, яғни 27-сін бас редактор Ақаңның өзі, 10-ын – редактордың орынбасары Міржақып Дулатұлы жазса, ал 7-еуін – Самарадан Әлихан Бөкейхан жолдап тұрған.
Уақыты пісіп, толғағы жеткен «Қазақ» газетінің шығуы қазақ қауымы аспанын күнше күркіретіп, найзағайша жарқылдатқан ерекше уақиға болды. Құттықтаулар қарша жауып кетті. Троицкіде «Айқап» журналын шығарып жатқан Сұлтанмахмұт «Міне, алақай!» деп жүрегі жарыла қуанып, «Жиырмасыншы ғасыр басында,| Міне, Алланың панасы! Бір жағынан «Ай туып,| Бір жағынан күн туып,| Жарық көрді Алашы.| Бұл жарықтар барында,| Кім адасып қалады», деп құттықтауын жолдады. Алыс Семейден Шәкәрім: «Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,| Ер жетсе, бар қазақтың басшысы бұл.| Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,| А, Құдай! Құтты өмірлі, бақытты қыл!» деп батамен бастап, «Бес-алты подписшикті тауып алдым,| Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып,| Алуға жылдық «Қазақ ақша салдым.| Үмітті жаңа туған жас баланы,| Ағайын қырғыз-қазақ түгел қолдас!», деп ағынан жарылады.
Газеттің тұңғыш санында-ақ «Дін таласы» (Сурат кофеханасы) атты пәлсапалық әпсана аудармасы, 2-нөмірден «Қазақтың тарихы» сериялы мақалалары басталып жазылып, тұрақты жалғасын табады. 5-санда Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер!» жыры, араға нөмір салып түрікшілікті, тұраншылықты ту көтерген атақты «Орал тауы» толғауы басылады. Батыстан дәрігер Халел Досмұхамедұлы қазақ арасына кең таралған аурулар туралы мақалаларын жібереді. Әр санда дерлік алғашқы оқыған қазақ дәрігерлерінің ақыл-кеңестері, малды асылдандыру хақындағы ветеринар мақалалары жарық көріп отырды. Сүт тартатын, жер жыртатын, тігін тігетін машиналардың суретті жарнамасы туралы әңгіме тіптен бөлек.
Бесінші санда: «Орынборда «Қазақ» атты газета шықпақшы болды деген хабар құлағымызға тиіп, біз, Петербургтегі қазақтар, қуанышымыз қойнымызға сыймай, осы хат арқылы өзіміздің, жұртымыздың ғадеті бойынша «Қазақтың» қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестігімізді білдіреміз», деген Мұстафа Шоқай баласы және Батырша Сұлтангерей баласы Есімханов, Сейілбек Мейрамұлы Жанайдаров, Ыдырыс Оразалы баласы, Ғұсман Жанабек баласы, Мұқыш Боштаевтар қол қойған хат жарияланады.
Сол тұста қалың қазақ Ресейдің Семей (Әлекеңнің есебі бойынша 485 мың), Торғай (422 мың), Орал (466 мың), Закаспий (71 мың), Сырдария (888 мың), Жетісу (844 мың), Ферған (375 мың), Самарқан (79 мың) қатарлы 9 облысы мен Астрахан губерниясын (213 мың) жайлаушы еді. Газет мұның сыртында Қытай мен Түркия қазақтарына және 40-тан астам түрлі қалаларда оқып жатқан студенттерге таралды.
«Қазақ» 1914 жылдың алғашқы санында (№45): «10 облысқа қараған кигіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913-жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау», деп жазылушылардың барлығының саны 3007 болғанын нақтылап, қаламымен қызмет еткен Алашқа аты білінген білімді азаматтарға ерекше ризалығын білдіреді. Алдағы уақытта да пайдалы қызметтері үміт етілетін олар: Ахмет Байтұрсынұлы, Ғалихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, доктор Әбубәкір Алдияров, доктор Арғынғазы Поштаев, доктор Халел Досмұхамедұлы, доктор Дәулетшаһ Күсепғалиев, доктор Венъкевич, присиаженни поверенни Райымжан Мәрсеков, инженер Мұхаметжан Тынышбаев, қазақшыл Хасан Али, студент Есенғали Қасаболатов, шежіре Шәкәрім Құдайберді, Әбділғазиз Мұса, Ғұмар Қарашев, Жұмағали Тілеулин һәм тағы басқалар. «Қазақ» газетасының мақсұты қазақ-қырғызға қызмет және басшылық ету» деп тағы да қайталап еске салғандай басылым алғашқы шыққан 1913 жылы аяғынан тік тұрды, халқына сатусыз қызметін жасады. Ал Алашына басшылық жасау, жұрт жұмысына көсем жегіліп, ұлт шамшырағына айналу жолында алда талай-талай асулар тұрған еді.
Осылайша, 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрген «Қазақ» газетінің арқасында есте жоқ ескі замандарда һәм жаңа ХХ ғасыр басында барша Алаш жұрты алғаш рет ақпарат айдынында табысып, ұлттық деңгейде Құрылтай өткізгендей ұйысып, апта сайын бір-бірімен тілдесіп отырды. Айналаға, сыртқы әлемге жаңа терезе ашылып, қазақтың өзінің ішкі дүниесіне, ұлттық уайымдарына, дертті мәселелеріне үңілуіне мүмкіндік туды.
Бас қосып, ұлттық партия құрудың алғашқы қадамы жасалды. Алаш «Алаш» болудың айнымас жолына түсті.
Ғарифолла ӘНЕС,
филология ғылымдарының докторы, профессор
https://egemen.kz/article/357347-qazaq-gazetininh-izashar-missiyasy