МИНИСТРДІҢ БАС РЕДАКТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСУІ

21.02.2024

20 ақпан күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Бас редакторлар клубының мүшелерімен еркін форматта кездесу өткізді. Отандық ақпарат кеңістігіндегі белді бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстап отырған журналистерге ғылым мен жаңа технологияға байланысты Қазақстанның ұстанып отырған басым бағыттары туралы кеңінен айтылды.  Жаһандық лингвистикалық корпус, үлкен технологиялық форсайт, LLM – үлкен көлемді тіл моделіндегі үлесті күшейту, ғылымның коммерциализациясы, оның ішінде венчурлық инвестиция арқылы экономикалық дамуды қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екенініне тоқталды.

Жүздесу барысында Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстанның ондаған өңірінде өкілдігін ашып жатқан ЖОО-на қатысты тың ақпараттармен бөлісіп, бұл білім ордаларының жаһандық деңгейдегі маңыздылығын айқындады. Алдағы күндері аймақтарда тағы да Гонконгтық «City U», «Оңтүстік Кореялық «SeoulTech», Ресейлік Д.И. Менделеев атындағы химия-технологиялық, Түркиялық «Gazi» сынды университеттердің филиалдары ашылатыны айтылды. Басқосу барысында әлемдік озық стандартпен жұмыс істейтін ғалымдарымыздың тазартылған селен өндірісіндегі жетістіктеріне айқын мысалдар көрсетілді. Сондай-ақ Сәтбаев университетінің ғалымы Гүлжан Түзелбаеваның Алматылық қызыл апорттан иіссу алуының шын мәнінде үлкен ғылыми жаңалыққа айналғанына қатысушылар куә болды.

Сөз соңында министр мырза ғылым мен жоғары білім саясатындағы басым бағыттарды бұқараға жеткізу бойынша медиакеңістік өкілдеріне арқа сүйейтінін айтып, ақпарат саласының майталмандарымен іргелі дүниелерді тұрақты түрде талқылап отыруға уағдаласты.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру