Астанада Еуразиялық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

26.04.2018

Астанада 25-28 сәуір аралығында үшінші Еуразиялық «Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Аталмыш шара «Көрме» залында жұмыс істейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде көрменің таныстырылымына арналған баспасөз маслихатында айтылды.

«Бүгінгі таңда көрмеге қатысуға 18 елден 150 компания мен ұйымдар өтініш берді. Соның ішінде Ресей, Польша, Ұлыбритания, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Үндістан, Албания және басқа да мемлекеттер бар. Қазақстандық баспалардан бөлек қатысушылардың басым бөлігі Ресей жағынан болып отыр - яғни 41 қатысушы», - деп мәлімдеді «Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі» жобасының басшысы Раушан Тұрлынова.

Айта кетсек, 2018 жылы қатысушылар іс жүзінде екі есеге көбейген. Өткен жылы кітап форумына 14 елден 80 экспонент қатысқан болатын. Ал шараның ұйымдастырушысы - «Фолиант» баспасы.

Бұл көрме-жәрмеңке қазақстандық оқырмандар үшін нағыз кітап мерекесі болмақ. Келушілерді Қанат Тасибековпен, Сейдахмет Құттықадаммен, Ресей прозаиктері Лев Данилкинмен, Валерий Поповпен және басқа да танымал жазушылар, ақындар және мәдени қайраткерлермен кездесу күтіп тұр.

«Көрме аясында Астанада алғаш рет «Поэтический СЛЭМ» атты жас ақындардың бейресми жыр сайысы, көрермендер алдында өздерінің кітаптардан жасалған туындысын көрсететін арт-дизайнерлер байқауы, кітап иллюстрациясына арналған арнайы шаралар өтеді. Мектеп оқушылары мен жас қатысушылар үшін біз арнайы жеке орын әзірледік, белгілі қазақстандық жазушы Лили Калаус пен ресейлік жазушы, сценарист, драматург Евгений Декинмен бірге «Кітапты қалай жазу керек?» деп аталатын шеберлік сыныбы ұйымдастырылады», - дейді көрме жобасының жетекшісі.

«Eurasian Book Fair» - еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі еліміздегі - іскерлік және гуманитарлық әріптестікті дамыту және нығайту мақсатында ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы ұйымдарын, мәдени және білім беру орталықтарын үлкен интеллектуалдық алаңға біріктіретін аса ірі кітап форумы.




Пікірлер (0)
Пікір қалдыру