«АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЭТИКАЛЫҚ ХАКЕРЛЕР» ЖАРЫСЫ

17.05.2024

Ақпараттық қауіпсіздік, кибершабуылға қарсы әрекет қазіргі қоғамда кез келген салада, тіпті жеке тұлға үшін де өте маңызды. Ал мемлекеттік тұрғыдан сыртқы және ішкі кибершабуылардан сақтану және оның алдын алу шаралары үнемі жетілдіруді қажет етеді.

Ақпараттық қауіпсіздік және жеке деректерді қорғау саласындағы ахуалды жақсарту үшін кадр дайындауға ерекше көңіл бөлу міндетті. Осы мақсатта  Астана IT университеті оқу ордасының 5 жылдығына орай «FR13NDS AITU CTF 2024: Ақпараттық қауіпсіздік және этикалық хакерлер» байқауын өткізді.

Ел азаматтарының баршасына қатысуға мүмкіндік берілген байқаудың іріктеу кезеңі 2024 жылдың сәуір айында өтті. Оған ҚБТУ, ҚазҰУ және ХАТУ секілді бірқатар іргелі жоғары оқу орындарының командалары мен «KazTransGlobal» ЖШС, ICV Central Asia, Freedom Holding, «GTS» АҚ, «Халық банкі» АҚ, т.б. жетекші компания өкілдерінің құрамалары қатысты. Алғашқы айналымда 126 команда 36 тапсырма бойынша бақ сынап, 10 топ финалдық ойынға жолдама алған болатын.

17 мамыр күні іріктеуден өткен үздік 10 құрама арасында шешуші ойын өтті.

Шараны Астана ІТ университетінің Академиялық және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Болатжан Құмалақов ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

– Ақпараттық қауіпсіздіктің маңызына жеке адамнан бастап, мемлекеттік деңгейде де аса жауапкершілікпен, сақтықпен қарайды. Ақпараттық қоғамда дәл қазір және бұдан кейін де жоғары сұраныста болатын саланың қыр-сырын білген Сіздер — нағыз мамансыздар. Бұл — Сіздердің кәсібиліктеріңізді шыңдайтын сайыс. Ізденістеріңіз, талпыныстарыңыз тоқтамасын. Баршаңызға сәттілік, достық жеңсін! —деді ол.

Финалда «scimus_verum», «fsociety», «mimicats», «kbtu_ctf_enjoyers», «c1cada», «THREAT», «KTG», «r1p3rs», «ISV Central Asia», «sudo cat» құрамалары «FR13NDS TEAM» және Astana IT университеті әзірлеген тапсырмаларды жылдамдыққа орындап, біліктіліктерін байқады.

Нәтижесінде жеңімпаз  «scimus_verum» командасына 350 000 теңге,  ІІ және ІІІ орын иегерлері «fsociety» мен «mimicats» құрамаларына сәйкесінше 250-150 мың теңгенің сертификаты табысталады.

Шара барысында студенттер мен қонақтарға «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының бас сарапшысы Әбілқайыр Иманбердиев, «Spectre Security Group» ЖШС-ның атқарушы директоры Медет Тұрсын мен SOC «QazSoc» компаниясының жетекшісі Виталий Назеренко ақпараттық қауіпсіздік, мәліметтерді сақтау мен кибершабуылдың алдын алу және шабуыл жасалған сәттегі әрекет турасында тәжірибелерімен бөлісті.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру