«Тіл-Қазынаның» цифрлы өнімдері – халық игілігі үшін

29.05.2024

Бүгін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай Назарбаев университетінде болып жатқан «Білім беру, тілдерді оқыту мен ғылыми зерттеу салаcына жасанды интеллект (AI) және Edtech цифрлық технологияларын тиімді интеграциялау» атты Халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар-тренингінде сөз алды.

«Қазақ тілін жасанды интеллект арқылы мақсатты түрде дамытатын мекеме» атты баяндама жасау барысында тілді озық технологияға сай  дамыту тетіктері туралы айтылды. “Тіл-Қазына” – жоғары технологиялы және инновациялы орталық. Біз Қазақстан республикасының азаматтары тұтынатын сапалы әрі сұранысқа ие өнімдерді жасаумен айналысамыз. Біздің миссия –  қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамыту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру» деп бастады өз сөзін М.Құрманжанқызы.

Ғылыми орталықтың жұмыс барысына тоқталу барысында аннотацияланған мәтіндерді, сөздіктерді және басқа да лингвистикалық ресурстарды қамтитын кең және ерекше деректер базасына ие «Тіл-Қазынаның» барлық платформаларындағы сұраныс саны - 12 472 080, ал тұрақты қолданушылар  саны - 4 076 087 адам екенін айтып өтті.

«Біз жасанды интеллектке негізделген тәжірибемізді дамыта отырып, озық технологиялар мен шешімдерді енгізуді мақсат етеміз. Қазірге дейін «Тіл-Қазына» әзірлеген цифрлы  жобалар мен түрлі платформалар  ел азаматтардың және шетелде тұратын қандастардың сұранысын өтеп келеді», дей отырып, М.Жұмабай «Тіл-Қазына» корпусының жұмысына айрықша тоқталып өтті. Осы үлкен деректердің негізінде Kazakh LLM  ұлттық тіл моделі және қазақ тілін үйретуге бағытталған TilQazyna  дауыстық көмекшісі әзірленетінін айтты.

Мемлекеттік тілде ақпарат алуға және өздігінен үйренуге арналған Termincom.kz, Tilqural.kzSozdikqor.kz, Emle.kz сайттарының жұмысына тоқталды. Қазақ тілінің 5 деңгейін оқытуға арналған Tilqural.kz платформасыGoogle-дың Grow бағдарламасы іспетті. Бұл платформаның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейткен кезде оны оқып біткен қолданушылар тіл дағдысын растайтын сертификат алатын болады.

«Тіл-Қазына» басшысы мəтіннің қазақ тілі ережелеріне сəйкестігін тексеретін Qazgramma платформасы туралы да баяндады. Қазіргі таңда бұл жүйеде сөздерді тексеру үшін 684 876 сөзқолданыс жинақталған. Жобаның толыққанды нәтижеге жетуі үшін осы бағытта мақсатты түрде белгіленім жасалған 10 000 000 сөзқолданыс қажет.

«Тіл-Қазына» орталығы ересектерді ғана ескерумен шектелмей, сонымен қатар ана тілімізге баулудың заманауи  үлгілерін ұсына отырып, 0-9 жастағы балаларға қазақ тілін үйретуге арналған Balatili.kz платформасын дайындаған. Алдағы уақытта ол сайттың мүмкіндіктерін заманауи жаңартулармен толықтырып отыру жоспарда бар екен. Мәселен, “Бала тілінің” мобильді қосымшасын дайындап, геймификация элементтерін енгізсек, балалардың оған деген қызығушылығы артады деп күтілуде.

Тіл дамытуда балаларға арналған контенттің де маңызы зор екені баршаға белгілі. Осыған орай, «Тіл-Қазына» мемлекеттік тілдегі желілік мобильді және компьютерлік ойындар жасауға кіріскен. Android және iOS платформалары үшін әзірленетін мобильді ойын 2024-2026 жылдары дайындалса, компьютерлік ойын 2025 жылы әзір болмақ.

Айта кетсек, 2024 жылдың 20-29 мамыр аралығында Назарбаев университетінде ұйымдастырылған «Білім беру, тілдерді оқыту мен ғылыми зерттеу салаcына жасанды интеллект (AI) және Edtech цифрлық технологияларын тиімді интеграциялау» атты Халықаралық ғылыми-әдістемелік іс-шарасына Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияның белді ғалымдары мен отандық мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тіл үйретуде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары туралы пікір алмасты.

 
Пікірлер (0)
Пікір қалдыру