«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлері марапатталды

22.10.2024

Республика күні қарсаңында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқау жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараны құттықтау сөзімен ашқан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Қазақ тілі қазіргі сәтте жаңа бір деңгейге, жаңа бір белеске қадам басты. Жаңа технологиялар арқылы қазақ тілінің бүгінге дейін болмаған жаңа қыры мен болмысы ашыла түсуде. Тіл моделін жасау арқылы біз ана тіліміздің жаңа заманға, техника мен технология тіліне икемді екендігін дәлелдеп, сәтті жүзеге асырып келеміз. Қазақ тілінде жасанды интеллект құру – бұл біздің ортақ аса маңызды мақсатымыз», - деді.

Министр сондай-ақ мемлекеттік тіл үшін қызмет етіп жүрген тіл жанашырларына, БАҚ өкілдеріне ерекше құрметпен қарайтынын жеткізіп,  тәуелсіздік тұғырын нығайтуға үлкен үлес қосып жүргендері үшін оларға алғыс білдірді.  

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына 100-ге жуық өтінім жолданды. Екі номинация бойынша жалпы саны 173 журналистік жарияланым бағаланды.

Байқауға кәсіби журналистер, телевизия және радио, газет, ақпараттық портал, сайт қызметкерлері, сондай-ақ байқау ережесінің талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жайында жарияным жасаған еліміздің және шетел азаматтары да қатысты. Нәтижесінде «Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орынды Саипбек Ақмарал Акзамқызы (el.kz» сайты), 2-орынды Воронина Елена Александровна («Рудненский рабочий» газеті), 1-орынды Әділжан Бану Рахымбайқызы («Егемен Қазақстан» газеті) иеленді.

Ал «Үздік теле және радиобағдарлама» аталымы бойынша 3-орын Айтбаев Темірлан Әбдімәлікұлына («Жетісу» радиосы), 2-орын  Шəкім Жанболат Берікұлына («Қазақ» радиосы), жүлделі 1-орын Жақан Мөлдір Нұрланқызына («Астана» телеарнасы) бұйырды.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының 2024 жылғы жеңімпазы «Ана тілі» газетінің тілшісі Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы атанды. Бас жүлде иегеріне 1 000 000 теңге сертификаты табысталды.

Айта кетейік, байқауға ұсынылған еңбектерді Дархан Қыдырәлі,  Бауыржан Бабажанұлы, Нұртас Солтанұлы, Нәзира Бердалы және Бекзат Жүсіп сияқты белгілі журналистер мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады.

Қазылар алқасының төрағасы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде ардагер журналистерімізбен қатар байқауға жастардың да белсене қатысқандығын атап өтіп, олардың заманға сай жаңа технологиялар, жасанды интеллектпен бірге қазақ тілінің даму бағыты тақырыптарына қалам тербегені қуантарлық, құптарлық үрдіс екеніне баса назар аударды. Сондықтан да биылғы сөз бәйгесінде әсіресе жастар оза шауып, жүлделі орындардан көрінді.

Қазылар алқасының шешімімен Қалымов Әсет Далелханұлы («Казахстанская правда» газеті), Шәріпов Айхан Пшенбайұлы («Айқын» газеті), Абдулов Амандық Сағынтайұлы («turantimes» сайты), Жалғасбекұлы Шернияз («24 кз» телеарнасы), Оспан Айжан Сейітқұлқызы («Евразия 1» телеарнасы), Әлібекова Балнұр Бердіқұлқызына («Navoiy» телеарнасы, Өзбекстан Республикасы) ынталандыру сыйлығы мен алғысхат табысталды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру