АСТАНАДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ

21.11.2024

Елімізде Ұлыбританияның ТОП-10 университеті қатарына кіретін Кардифф университетінің филиалы ашылады.

Қазақстан халықаралық білім беру хабына айналуда тағы бір маңызды қадам жасады. Елордада Ұлыбританиядағы Russell Group құрамына кіретін Кардифф университетінің филиалы ашылады. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Лич, Лордтар палатасының мүшесі Майкл Герман, Кардифф университетінің президенті Венди Ларнер және «Qualified Centre of Education» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесуі барысында мәлімдеді.
Басқосуда Саясат Нұрбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды Орталық Азиядағы білім беру орталығына айналдыру туралы бастамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда 34 шетелдік университеттің елде филиалдарын ашу туралы келісімге қол қойылған. Бұл тек жоғары білім сапасын арттырып қана қоймай, қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейде білім алуға мүмкіндік береді.
Кардифф университетінің филиалы инженерия, медицина және биотехнология сияқты маңызды салаларда білім беріп, студенттерді халықаралық стандарттарға сай маман болуға дайындайды.
Тамызда екі жақты меморандумға қол қойылса, арада үш ай өткен соң келісімшарт та қабылданып отыр.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэтрин Лич бұл серіктестікті білім беру саласындағы ірі жетістік деп атап өтті. Ол Кардифф университетінің әлемдік рейтингтерде жоғары орын алатынын және бұл филиалдың Қазақстандағы білім беру деңгейін жаңа сатыға көтеретініне сенімі мол екенін білдірді.
Ал Кардифф университетінің президенті Венди Ларнер оқу ордасының ұзақ жылғы тарихы мен ғылыми жетістіктерін айта келе, оның QS World University Rankings 2025 бойынша әлемде 186-орынға ие екенін жеткізді.
Бұл бастама қазақстандық жастар үшін шексіз мүмкіндіктер ашып, елдің білім беру жүйесін халықаралық деңгейге шығаратын қадам болмақ.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру