«Тіл-Қазына» ғалым хатшысы Қостанай облысының білім қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінде баяндама жасады

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Дана Жаңабекқызы Оспанова Қостанай облысының білім қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінде «Тілді цифрландыру және білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект негізінде әзірленген және білім үдерісінде тиімді қолдануға болатын өнімдерді пайдалану ерекшеліктерін көрсетті. Атап айтқанда, ол Qazgramma, Sozdikqor.kz, Қазақ тілі ұлттық корпусының бес кіші корпусы, Emle.kz жобаларының мазмұны мен құрылымын түсіндірді.
Дана Жаңабекқызы қазіргі таңда жасанды интеллектінің ғылым мен білім саласына терең бойлап бара жатқанын атап өтті. Алайда мектеп оқушылары ЖИ қолданған кезде қазақ тілінің құрылымдық ерекшеліктерін дұрыс түсінбеуінен және «қызық» жауаптар алу салдарынан түрлі қиындықтарға тап болып жүргені де айтылды. Мұғалімдер оқушылардың әдеби кейіпкерлерді өзгертіп, авторды ауыстырып әкелетінін мысалға келтірді.
Оның айтуынша, қоғамда «жасанды интеллект құралдары зиян» деген түсінік қалыптасқанымен, енді шегінер жол жоқ. Сол себепті ЖИ-ды уақытында дұрыс қолдануды үйрену қажет. Қазір Эстония, Финляндия, Сингапур елдерінде жасанды интеллектіні сауатты пайдалану жолдарын үйрету ісі мықтап қолға алынған. Мәселен, Эстонияда «AI Leap – 2025» жобасы аясында «ЖИ құралдарын қолдануды үйрету» үдерісі басталған. Бұл – 1990 жылдары жүзеге асқан «Tiger Leap» атты мектептерді интернетпен қамтамасыз ету жобасының жалғасы. Қазіргі таңда Қазақстанда жасанды интеллектінің салдарын болдырмау мақсатында бір жағынан ЖИ құралдарын сауатты қолдану жолдары мен әдіс-тәсілдерін үйрету, екінші жағынан оқушылардың сұраныстарына дұрыс жауап беру үшін қазақ тілінің өз ЖИ модельдерін әзірлеу бағытында жұмыс жүргізілуде.
Жиын барысында Дана Жаңабекқызы осы бағыттағы қиындықтарды шешуге арналған тиімді жобалар көрсетіліп қана қоймай, білім беру жүйесіне ЖИ-ды сауатты енгізудің негізгі жолдарын да ұсынды:
❏ Мектептерге бейімделген ЖИ құралдарын енгізу;
❏ Оқушылардың цифрлық сауаттылық мәдениетін қалыптастыру;
❏ Халықаралық тәжірибені меңгеру (Эстония, Финляндия, Сингапур үлгілері);
❏ Қазақ тілінің корпус деректерін цифрлық технологиялармен ұштастыра отырып, ғылыми негізде қолдануды кеңейту;
❏ Тіл қауымдастықтары мен білім беру ұйымдарының серіктестігін дамыту арқылы тіл үйрету мен білім беру жүйесіне ЖИ-ды бейімдеу.