Абай институтының жетекшісі Айнұр Төлеу Jibek_joly.tv арнасына сұхбат берді

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жетекшісі Айнұр Болатқызы Төлеу Jibek_joly.tv арнасының bugin.live бағдарламасында сұхбат берді.
Айнұр Болатқызының айтуынша, Абай институтының порталы мен арнайы мобильді қосымшасы арқылы кез келген шетелдік азамат қазақ тілін еркін меңгере алады. Платформа тек тіл сабақтарын ұсынумен шектелмей, шетелдегі қазақ диаспорасына арналған бейнесабақтар мен қазақ және ағылшын тілдерінде әзірленген тапсырмаларды қамтиды.
Ең қызықты бөлімдердің бірі – қазақ тілін ән арқылы үйрету жобасы. Айнұр Болатқызы атап өткендей, мобильді қосымшада Димаш Құдайбергеннің әндері арқылы тіл үйренуге арналған арнайы мүмкіндік бар. Онда жанкүйерлер үшін түрлі тапсырмалар, қазақ әндері мен мәдениетіне қатысты мазмұн топтастырылған.
«Бұл жоба қазақ тілін үйренуді қызықты әрі қолжетімді етуді мақсат етеді. Ән арқылы үйрену – тек тілдік қабілетті дамытып қана қоймай, сонымен қатар ұлттық мәдениетті тереңірек тануға жол ашады», – деді Айнұр Төлеу.